«Лениншіл жасымды» сағынамын» дейді суретші, фототілші Қасымбек Нұрбеков
...Ол бір ғажап дүние. Оның алдында кім де болсын тік тұрады. Мейлі атақты, мейлі президент бол, ол кез-келген пендені бір сәтке болса да демін ішіне тартқызып, өзіне тура қаратады. Ол, ол ма, тіпті ешкімнің қолынан келмейтін уақытты да бір сәтке тоқтады. Ол дүниеңіз қарапайым фотоөнер.
Саналы ғұмырын фототілшілікке, сонымен бірге кескіндемеге, графикаға арнаған Қасымбек Нұрбеков міне осындай құдіретке ие, осы өнерді бағындырған азамат. Ол фототілшілікке базбіреулердей кездейсоқ немесе нан тауып жесем деген ниетпен келген жоқ. Оны бұл өнерге табиғат берген тума таланты жетелеп келген.
Қылқаламды бала кезден қолына алды. Арман қуып Алматы көркемсурет училищесінде оқыды. Графикалық туындылары «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттері мен «Ара», «Балдырған» журналдарына үзбей шығып тұратын. Училищені бітірген соң мамандығы бойынша декоратор Қасымбекті жолдамамен Ақтөбе облысына жіберген. Бірақ ол жолдамадан бас тартып әйтеуір бір күштің жетелеуімен, әрдайым бүйрегі бұрып тұратын «Лениншіл жастың» табылдырығын аттаған. Газеттің сол кездегі бас редакторы Шерағаң, Шерхан Мұртаза мұны бірден жұмысқа қабылдауды ұйғарды. Себебі белгілі. «Бұл жігіттің суреттері біздің газетке жиі шығып тұрады, тәп-тәуір өнері бар» деп Шерағаңның ұсынысын жауапты хатшы Сейдахмет Бердіқұловтың қолдай жөнелгені де осыдан. Баспасөзбен біте қайнасқан фототілшілік, ретушерлік ғұмыр осылай басталған еді.
Газеттің байырғы қызметкерлері болмаса, қазіргі журналист қауым онша біліңкірей бермейді. Ол кезде газет шығару дегеніңіз машақаты көп жұмыс, тұтастай бір өндіріс болатын. Бүгінгідей компьютер жоқ. Газетті әрлеу, суреттерді орналастыру, көркем дүниелерді безендіру, бәрі-бәрі қолмен атқарылады. Газеттің көзтартар көркем шығуы суретшінің шеберлігіне байланысты. Алпысыншы жылдары Қасымбек Нұрбеков «Лениншіл жастың» көркем шығуына бар өнерін салған осындай азамат.
- Ол кезде «Ленишіл жаста» менен басқа бірде-бір газетте суретші жоқ болатын. Марқұм Сейдахмет Бердіқұлов талапшыл, сонымен бірге өзгелерде жоқ дүниелерді ойлап табудың шебері еді-ау. Бірде ол «біз бір жаңалық ашайық» деді. Сол кезде студенттік отрядтар жаңадан құрылып, жұмыс істей бастаған. Газеттің тілшілері жер-жерді аралап, сол студенттік қайнаған өмірден репортаждар, очерктер береді. «Газетіміздің суретшісі бар, сондықтан мына Қасымбекті Баянауылға жіберейік, студент құрылысшылардың өмірінен сурет салсын. Соны газетке беріп, керемет бір «оригинальный» дүние жасайық» деді. Содан сөмкемді арқалап, журналист Әнес Сараев екеуіміз жолға аттанайық. Студенттік құрылыс басында сол жолы бірнеше күн жатып, сурет саламын, ал оған Әнес мақаласын жазады. Дайын дүниелерді топырлатып почтамен салып жібереміз. Сол Баянауыл этюдттарым әлі бар. Соларға көз тастаған сайын ешкімге ұқсамаған «Лениншіл жасымды» сағынамын,--дейді Қасымбек Нұрбеков.
«Лениншіл жастан» кейін ол «Оңтүстік Қазақстан» газетінде талмай отыз жылдан астам уақыт істеді. Өкінішке қарай, оның зейнеткерлікке шығуымен газеттегі суретшілік, ретушерлік өнердің де күні бітті десек болады. Қазір газетке ондай мамандар керек емес. Бұл кәсіпті бір ғана беттеуші компьютердің көмегімен атқарады. Бәрін сарт еткізіп көшіріп ала береді. Бірақ көшірме дүниенің құны көк тиын. Компьютерлік баспаның дамуымен бірге оған газеттегі сол баяғы шығармашылық ізденіс, талғампаздық төмендеп кеткендей сезіледі. Әттең-ай десеңізші.
Қасымбек Нұрбеков бүгінде Шымкенттің іргесіндегі Қайтапас елді мекенінде тұрады. Үйінің ішінен шеберхана ашып қойған. Шеберхана іші қаз-қатар қойылған көркемсурет, фотосурет, графикалық дүниелер, тіпті ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары. Соларға қарап отырып қырық жылдық тарих титтей ғана шеберханаға сыйып кеткендей әсерде қалдық.
Фотоөнермен Қасекең сонау студенттік кезден достасқан. Қолы қалт еткенде «Зенитін» арқалап, қас-қағым сәтте «шырт» еткізумен әуестенген. Туындыларының көпшілігі табиғат, әйел, аузынан ақ сүті кетпеген бүлдіршін бейнесі. Бәрі-бәрі сұлулыққа толы, періштедей пәк, тұп-тұнық.
Табиғатты Қасекеңдей жақсы көретін адам сирек шығар. Ол жылына бір келетін еңбек демалысын күні бұрын жоспарлап қоятын. Жұрт демалыста «Манкент» пен «Сарығаш» шипажайларына аттанып жатқанда біздің Қасекең бір демалыста тау кезіп, Алатаудың бұлт қонған биігін шарласа, бір демалысында толқын іздеп Шарадараға шапқылаған. Енді бір демалысында адам бойындағы болмысты қатпар-қатпар құмнан іздеп, Қызылқұмның қойнауын кезген. Қайда жүрсе де фоттоаппаратын арқалап, табиғаттың қайталанбас қас-қағым сәтін іздеген. Түсірген суретіне тақырыпты да өзі қояды. Мына бір дүниесі—бұтақтары тарбиған сексеуілге «Құм қарауылы» деген ат қойыпты. Мынау Шардараның толқынына мұңая қараған «Жағадағы жалғыз қыз». Қайсысына қарасаңыз да адамды өзгеше бір ойға берілтіп, ерекше күйге бөлейді. Ал, мынау суретте көздері жәудіреген, жүзінде әлі күнге сәбилік келбетін сақтап келе жатқан әйел. Осы туындыға кезінде шетелде өткен көрмеде мамандар жоғары баға беріпті. Әйел бейнесі демекші, әйел Қасекеңнің ең сүйікті тақырыбы. Оны әу бастан-ақ аңғарғанбыз. Халық алақанынан салып әлпештеген небір әнші, әртістер, билікте жүргендер, тіпті Пәкістанның марқұм болып кеткен премьер-министрі Беназир Бухутта да Қасекеңнің объективіне ілігіпті. Ал гүлдеп тұрған алма ағашының жанында құшағын ашып, көкке күлімсірей қараған, өзі де алма ағаштың гүліндей құлпырған жіңішке белді бойжеткеннің Мақпал Жүнісова екенін аздан кейін таныдық.
- Мақпалдың студенттік кезінде түсіргенмін. Осы Шымкенттегі Мәдениет институтында оқитын. Елге ерекше даусымен енді танылып келе жатқан әншіні көшеде кездейсоқ жолықтырып, суретке түсіруге шақырдым. Мақпал бұған келісімін берді. Шымкентке келсе, ағалап мені іздейді. Студенттік шағынан қалған суреттерін сұрайды,--деді Қасекең. «Бүгінде толысып, ана болған талай ару жастығын, қызғалдақтың ғұмырындай қыз кезін сағынса Қасекеңді іздейтін шығар-ау» дедік. «Құдай-ау, қайда сол жылдар» десеңізші.
Айтқандай, жетпіс бес жылдық мерейтойына орай Қасымбек Нұрбеков жақында облыс орталығындағы Көркемсурет галлереясында көрме өткізуді жоспарлап жатыр. Қасекеңнің ішкі жан дүниесін түсінгіңіз келсе, осы көрмеге келіңіздер.