«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Алма кішкентайыннан жетім қалды. Ата-анасы жол апатынан көз жұмып, мына жалған өмірде Алма жападан жалғыз күн кешіп жүр. Әрине, қызға қиын. Бірақ тағдыр екен бәріне де мойынсұну керектігін ол жақсы білетін. Кейде қатты жалғызсыраған кезде ата-анасының моласына барып, өкіріп, жылап алады.
Бірде әдеттегідей мола басында жылап, ұйықтап қалыпты. Бір уақытта таныс дауыстан оянды. Қараса, жанында ақ көйлек киген анасы. Алма анасын көріп қатты қуанды. Жүгіріп барып құшақтағысы келген еді, орнынан тұра алмады. Күлімдеген анасынын бейнесі көз алдында булдырлап, кетіп жатыр.
Осы сәттен бастап Алма молаға жиі келетін болды. Молада отырып, анасына жүректегі сырларын ашық айтады. Күн өткен сайын анасының елесін жиі көретін болды. Ал жақында әкесін көрді. Олармен мола басында әңгімелесіп, күліп, қуанып қалады.
Қазіргі уақытта Алма балалар интернатында тәрбиеленіп жатыр. Ата-анасы тірі кезінде ол ақжарқын, адамдармен тез тіл табысатын, ашық қыз еді. Ал қазір тым тұйық, ешкіммен сөйлеспейді. Тек ойша анасына сырларын айтып, күбірлеп сөйлесіп жүреді. Тіпті, соңғы уақытта тәрбиешілер Алмадан қорқатын болды. Бірақ бұлар оның молаға баратынын білмейтін еді. Алма түнде ұрланып шығып, таңата келетін.
Интернат психологы Алмамен сөйлесуді ұйғарды. Тұйық Алма бастапқыда ештене айтқысы келмегенімен, біраз уақыт сөйлесе келе психолог апайына ашыла сөйлей бастады. Психолог Алмамен жақыннан сөйлесіп, оның қаншалықты нәзік, сезімтал қыз екенін білді. Тіпті, жан дүниесі сұлу, ешкімге зияны жоқ, бір түйір көреалмаушылық қасиеті де жоқтығына таң қалды. Енді екеуі күнде сырласады. Алма анасының елесіне айтып жүрген сырларын енді психолог апайына бүкпесіз ашық айтатын болды.
Алма ата-анасын қатты сағынғандықтан оларды жиі ойлайды. Ойша олармен сөйлесіп жүріп, көз алдына елестететін. Сырын бөлісетін жақын адамы болмағандықтан да осылай жасайтын. Ал қазір жанында жанашыр, сырын тыңдайтын психолог апайы бар. Қуанарлығы, психолог Алманы өзі асырап алды. Қазір психолог апайының балаларымен бірге бір шаңырақ астында тұрады. Баяғыша, ашық, жарқын, әркез күліп жүреді. Алма өмірге «қайта оралды».