Данияр Есен бес парыздан басқа нағыз мұсылман қандай болуы керектігін айтты
Халыққа белгілі тележүргізуші әрі журналист Данияр Есен өзінің нағыз мұсылман қандай болуы керектігі жайлы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Журналист бұл жайлы өзінің Instagram паракшасында жариялап, желі қолданушыларын ойландырып қойды.
Менің түсінігім, ұғымым бойынша, Ислам дінін ұстанатын нағыз мұсылман бес уақыт намаз оқудан бөлек, Ораза ұстап, қажылыққа барып келгеннен бөлек ...
1. Жолда кетіп бара жатып, машинаның есігін ашып жерге былш еткізіп түкірмеу керек
2. Нағыз мұсылман Инстаграмда, Фейсбукта біреу туралы балағат сөз айтып, аузына не келсе соны жазбау керек
3. Нағыз мұсылман мешітке барып дәрет алғаннан кейін отырған жерін тазалап, жуып-шайып кету керек (жұмсартып айтып отырмын)
4. Нағыз мұсылман қоқысты подъездің алдына тастап кетпеу керек
5. Нағыз мұсылман жол ережесін бұзбау керек
6. Нағыз мұсылман ауру балалардың еміне деп бөлінген ақшаны жымқырмау керек
7. Нағыз мұсылман біреудің адал еңбегінің ақысын жемеу керек
8. Нағыз мұсылман жұмыста қол астындағыларға әкіреңдеп, қит етсе «жұмыстан шығарамын» деп қорқытпау керек
9. Нағыз мұсылман өзінің пікірін агрессиясыз, мәдениетті түрде жеткізе білу керек
10. Нағыз мұсылманнның көркем мінезі болуы керек
11. Нағыз мұсылман үнемі жымиып жүру керек
12. Нағыз мұсылман жұрттың көзінше әйеліне «жаным, күнім» деп, сыртқа шыққаннан кейін бөтен қыз-келіншектерге көз алартып қарамау керек
13. Нағыз мұсылман жолға бөлінген ақшаны жемеу керек
14. Нағыз мұсылман өзінен әлсіз, өзінен төмен адамдарды кекетпеу керек. Тәкаппарланбау керек
15. Нағыз мұсылман Интернеттен жаман видеоны көріп алып, артынша «Осындай видеоны неге түсіресіңдер» - деп өтірік мәймөңкелемейді
16. Нағыз мұсылман барлық жерде әділ болуы керек
17. Нағыз мұсылман бала тәрбиесін әйелдің мойнына іліп қоймай, өзі де атсалысуы керек
18. Нағыз мұсылман әдемі сөйлеп, жүрген жерінде алғысын білдіріп, рахметін айтып жүруі керек
19. Нағыз мұсылман асығыс шешім қабылдамау керек
20. Нағыз мұсылман бос уақытын пайдалы іске арнау керек. Үнемі ізденіп, білім, ілімге ұмтылу керек
21. Нағыз мұсылман білімді болуы керек
22. Нағыз мұсылман «псевдомұсылман» болмауы керек ...
Әрине, бәрін Алла – білуші. Алла – ұлық!
Жоғарыда тізіп шыққандарым менің түсінігім бойынша.