Шайтан айтқан шындықтар

Oinet.kz 30-09-2022 6839

Муаз ибн Жәбәл былай деп әңгімелейді:

Бір күні Пайғамбарымызбен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге бір сахабаның үйінде Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үгіт-насихат тыңдап отырғанбыз. Бір кезде сырттан:

Screenshot_1.jpg

- «Ей, үй иесі, іштегілер... Маған үйге кіруге рұқсат беріңдерші? Менің бір жұмысым бар. Сіздермен әңгімелесуім керек», - деп айғайлаған дауыс келді. Біз Пайғамбарымызға(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарап едік, ол:

«Үйге кіруге рұқсат сұрап тұрған кім екенін білесіңдер ме?», - деді.

- «Ең дұрысын Алла және оның елшісі біледі» - дедік. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол – лағнетке ұшыраған Ібіліс (шайтан)», - деді. Хазіреті Омар (р.а.): - «Рұқсат етіңіз, мен оны өлтірейін» - деп еді, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- «Ей, Омар. Оған белгілі бір уақытқа дейін мұрсат берілгенін сен білмейсің бе? Өлтіруді қой! Есікті ашыңдар, келсін! Ол бұл жерге келу үшін әмір алған. Сендер оның әңгімесін жақсылап тыңдап алыңдар!» -деді.

Ол ішке кірді. Түр-әлпеті анық көрінді: қартайған шалға ұқсаған, шашы сиректеу келген, иегінде бес-алты тал сақалы бар, көздері жоғарыға қараған, басы үлкен, бір пілдің басына ұқсаған, еріндері сиырдың ерніндей салбыраған, сондай бір қорқынышты болатын. Бізге қарап: «Сәлем саған, ей Мұхаммед, сәлем саған, ей мұсылман жамағаты», - деп сәлем берді. Оның бұл сәлеміне Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Сәлем Алланыкі ей, лағынет. Қандай жұмыспен келдің? - деп сұрады.

Шайтан:      

- Маған Алланың жанынан бір періште келіп: «Сен мойынсұнған күйде Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  қасына бар да, оған адам баласын қалай тура жолдан тайдыратыныңды айт. Оның әрбір сұрағына жеке-жеке дұрыс жауап бер», - деген Алланың әмірін жеткізді, әрі: -«Егер Алланың бұл әмірін орындамасаң немесе сөзіңе өтірік қоссаң Ол сені күлге айналдырады» - деп ескертті.

- Ей, Мұхаммед, осы әмірді орындау үшін саған келдім. Қалаған нәрсеңді сұрай бер! Бар шындығымды айтайын» - деді. Алла расулы (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Олай болса, айт, адамдар арасында кімді жек көресің?

- Адамдар арасында сені жек көремін, әй, Мұхаммед! Алланың жаратқандарының арасында сенен артық жек көретін ешкімім жоқ.

- Менен кейін кімді жек көресің?»

- Алла жолында жүріп, әрі әрбір ісінде әділетті болған кісіні жек көремін. Бұдан кейін, өзі таза болып, әрі жуған жерін үш реттен жуатын кісіні. Кейін, сабырлы кедейді.

- Ол кедейдің сабырлы болғанын қалай білесің?

- Ол өзінің қиналғанын біреуге айтпайды. Ал кімде-кім өзінің қиналғанын біреуге жасырмай айтса,ондай адам сабырлы кісілердің қатарында емес. Мен кісінің сабырлы болғанын өз мұқтаждығын ішінде сақтап, наразы болып ешкімге айтпағандығынан білемін.

- Тағы кімді жек көресің?

- Шүкір еткен бай кісіні.

- Ал сен ол байдың шүкір еткенін қайдан білесің?

- Ол әрбір теңгесін «адал жолмен», «маңдай терімен» тауып, тапқанын қайырымдылыққа жұмсайды. Оның шүкір еткен бай екенін осыдан білемін.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  тақырыпты өзгертіп, мына бір сұрақты қойды:

- Жарайды. Үмметім намаз оқығанда қандай халде боласың?

- Ей, Алланың елшісі! Мен ол уақытта дірілдеп, қорқа бастаймын.

- Не үшін бұл халге түсесің?

- Өйткені бір адам Алла Тағаланың разылығы үшін басын сәждеге қойса, бір дәреже жоғарылайды.

- Ал ораза ұстаған уақытта халің қандай болады?

- Ол уақытта мен талып құлаймын. Тіпті олар ауыз ашқанға дейін.

- Ал қажылық жасаған уақытта ше?

- Ол уақытта жынды боламын.

- Құран Кәрім оқығанда халің қандай болады?

- Оо-й, ол уақытта мен от үстінде еріген мұз сияқты еримін.

- Ал садақа бергенде қандай күйде боласың?

- Ол уақытта менің халім өте нашар болады. Садақа берген кісі қолына балта алып мені екіге бөледі.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  оның себебін сұрады.

Шайтан былай деп жауап берді:

- Өйткені садақаның төрт түрлі жақсылығы бар. Олар:

1. Алла Тағала садақа берген кісінің малына береке береді.

2. Садақа берген кісі халыққа да сыйлы болады.

3. Берген садақасынан Алла Тағала ол кісі үшін тозақ отына бір перде тартады (оттан ұзақ болады).

4. Алла Тағала садақа берген кісіні бәле-жаладан, қиындықтан алыстатады.

Бұдан кейін Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  сахабалары жайында мына сұрақтарды қойды:

- Әбу Бәкір жайлы не айтасың?

- Ол маған жәһилиет заманында (Исламға дейінгі қараңғылық дәуірінде) мойынсұнбаған. Ислам дініне кіргеннен кейін қалайша мойынсұнсын.

- Омар ибн Хаттаб туралы не айтасың?

- Аллаға ант етіп айтайын, әр көрген жерімде одан қашамын.

- Ал Осман ибн Аффан жайлы?

- Одан қатты ұяламын. Тіпті Алланың періштелері де одан қатты ұялады.

- Әли ибн Әбутәліб жайлы не дейсің?

- Ах, оның қолынан бір құтылсам. Ол мені өз еркіме жіберсе, менде оны өз еркіне жіберсем. Мен оны жіберсем де, ол мені өз еркіме жібермейді ғой.

Бұл жауаптарды естігеннен кейін Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетіме жақсылық берген, саған да белгілі уақытқа дейін өмір берген Алла тағалаға сансыз шүкірлер болсын», - дейді.

Бұны естіген Ібіліс: «Үмбетіңнің жақсылығы қайда? Мен белгілі уақытқа дейін тірі тұратын болсам, сенің үмметің үшін барлық жамандықты жасаймын. Тіпті мен олардың іштеріне, қан тамырларына кіремін. Бірақ, олар менің бұл халімді көрмейді де, білмейді. Олардың барлығын тура жолдан тайдырып, азғырамын. Үмбетіңнің надандары мен ғалымдары болсын, оқығандар мен оқымағандары болсын, барлығы да менің уысымнан құтыла алмайды. Бірақ ... тек қана Алла тағаланың «халис» (ықыласты, таза) құлдары, әрине, соларды азғыра алмаймын» - дейді.

- Алла тағаланың халис құлдары сеніңше қандай адамдар?

- Білмейсің бе? Кейбір адамдар мал-мүлкін, дүние байлығын, теңгесін жақсы көреді. Мұндай адамдар Алла тағаланың халис құлдары бола алмайды. Ал кейбір адамдар бар. Олар не мал-мүлкін, не дүние байлығын, не теңгесін жақсы көрмейді. Өзін басқа кісілердің мақтап, мадақтағанын да ұнатпайды. Олар тек қана Алла тағаланың разылығын қалайды. «Халис құлдар» деп міне, осы кісілерді айтамыз. Мен мұндай халис құлдардан аулақ жүремін. Ей, Мұхаммед! Дүние мүлкіне қызығу күнәлардың ең үлкені екенін, әрі қара басын ғана жақсы көрудің өзі де үлкен күнәлар қатарына жататынын білмейсің бе? Әрі менің жетпіс мың балам бар. Мен оларды әр түрлі жерде орналастырдым. Ей Мұхаммед, біліп қой! Балаларымның жанында тағы да жетпіс мың «жындар» бар. Олардың бір бөлігін ғалымдарға, бір бөлігін жастарға, (жас жігіттер мен қыздарға) бір бөлігін тура жолда жүрген адамдарға, ал бір бөлігін қартайған әйел кісілерге жібердім.

Жастар жайында айтатын болсам, олармен арамызда еш келіспеушілік болмайды. Біз не айтсақ, соны орындайды. Ал жас балаларға келсек, олармен біз қалағанымызша ойнап-күлеміз. Біздікілердің бір тобы адамдарға тек жамандық әкеледі. Бір бөлігі олардың жанына барады да, бір бәледен енді құтыла бергенде, екінші бәлеге (қайғыға) әкеп соқтырады. Әйтеуір оларды өз еркіне жібермей айналдырып тұрады. Олар сондай бір халге түседі. Олардың сондай бір халге түсуіне себепші болған нәрсені сөгіп, балағаттайды. Міне, біз осылайша олардан (ықыласты) аламыз. Осылайша істеген жақсылықтары мен ғибадаттарын (құлшылықтарын) ықылассыз орындайды. Олардың ықылассыз орындаған істері түкке пайда бермейді. Бірақ олар бұл күйлерінен хабарсыз болады», - деді.

Бұдан кейін шайтан тақуа (Алладан қатты қорқатын) бір кісіні қалайша жолдан шығарғанын әңгімелей бастады:

- Тақуа бір кісі жетпіс жыл бойы шын ықыласымен Алла тағалаға құлшылық етті. Нәтижесінде Алла оның дәрежесін көтерді. Оның әр дұғасынан ауру адам шипа тауып кететін. Мен соның соңына түстім, еш уақытта одан ажырамадым. Бір күні ол зина жасады, адам өлтірді, соңында күпірлік етті».

Ібіліс бұдан кейін кейбір жаман мінез-құлықтарға тоқталып өтті:

Ей, Мұхаммед! Өтірік айту менің жолым және алғаш рет өтірік сөйлеген де мен. Ал сенің үмметіңнен кімде-кім білмейтін нәрсесін немесе көрмеген нәрсесін мен оны білемін, мен оны көргенмін деп ант-су ішсе, ол менің сүйікті досым болады. Өйткені мен алғаш рет Адам мен Хауаға білмейтін нәрсемді, мен білемін деп ант суын ішкен болатынмын».

- Ғайбат ету мен сөз тасушыларға келсек... Олар - менің жемісім. Ерлі-зайыптылар арасында талақ (ажырасу) сөзі айтылса, бұл сөз бір рет айтылса, әйтеуір кімде-кім талақты (ажырасуды) аузына алса, тіпті шындық белгілі болғанға (ажырасқанға) дейін әйелі оған харам болады. Олардың осындай халдерімен қияметке (ақырзаманға) дейін дүниеге келген балалары зинадан туылған бала болып есептеледі. Ауызға алған осы бір ғана сөздің кесірінентозаққа кіреді».

Намаз жайында:

- Ей, Мұхаммед! Намаз жайында да айта кетейін. Мұсылмандар әрбір уақытта намаз оқуды қалайды. Бірақ мен оларға:

«Әлі жассың, уақыты келгенде (қартайғанда) оқисың, әлі ерте, дәл қазір сенің қолың бос емес, қазірше жақсылап жұмысыңды істе, кейін оқисың», - деп «уәде» беремін. Осылайша намаз оқудан тыямын. Ал егер ол маған бағынбаса, адамның шайтанын жіберемін. Әйтеуір оған намазын өз уақытында оқытпауға тырысамын. Егер ол адамның да шайтанын тыңдамаса, онда оның сазайын намазда беремін. Намаз оқып жатқанда: «Оңға» ... «солға» қара! деймін. Ол қарайды. Бұдан кейін оған: «Сен намазда әдепсіздік істедің», - деп оның ықыласын бұзамын. Ал егер бұл ісімнен де бір нәтиже болмаса, жалғыз өзі намаз оқыған уақытта жанына барып, намазды тез-тез оқуды талап етемін, ол тауықтың дән теріп жегені сияқты тез-тез оқи салады. Егер бұл ісімді де орындата алмасам, бұл жолы жамағатпен намаз оқыған кезде оған жақын барып, имамнан бұрын басын сәждеден, рукуғтан көтертемін де, имамнан бұрын сәжде, рукуғ жасатамын. Міне, осылай істегені үшін Алла Тағала қиямет күні оның басын есектің басына айналдырады. Егер бұл істерімнен де бір нәтиже шықпаса, бұл жолы оған намазда бармақтарын қытырлатуды әмір етемін. Осылайша ол мені тасбих еткендерден (мақтап, мадақтағандардан) болады. Бірақ бұл істі намаз оқып жатқанда орындата алмасам, оған қайта барып, мұрнына үрлеймін. Мен мұрнына үрлеген кезде ол есіней бастайды. Егер ол есінеген кезде қолымен аузын жаппаса, менің кішкене балаларымның бірі оның ішіне кіреді. Кішкентай балам ол адамның дүниеге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Міне, бұдан кейін ол адам бізге ғана қызмет етеді. Сөзімізді тыңдайды, айтқанымызды бұлжытпай орындайды».

Шайтан сөзін жалғастыра берді.

- Үмбеттеріңнің қайсы бір жақсы істеріне қуанасың. Мен оларға небір тұзақтар жасаймын. Міскіндердің, шарасыздардың (бейшаралардың) жанына барып: «Намаз сіздер үшін емес, ол Алла тағаланың денсаулығы мықты әрі жақсылық берген құлдары үшін» деймін. Осылайша олардың намаз оқымауын қалап, оқымаңдар деп әмір етемін. Бұдан кейін ауруларға барып: «Намаз оқымай-ақ қойыңдар!», өйткені Алла тағала «Ауруларға күнә жоқ»,- деген», деймін («Нұр» сүресінің 61- аяты). Ауруыңнан жазылып, жақсы болған уақытыңда көп-көп намаз оқып орнын толтырасың дей отырып намаз оқудан тыямын, тіпті ол күпірге айналуы да мүмкін. Егер оның ауруы күшейіп, осы ауруы себебімен намазын тастап кетіп, сол бойы жазылмай өліп кетсе, Алла Тағаланың алдына барған уақытта ауырып жатса да, намаз оқымағаны үшін өз-өзіне қатты өкінеді. Ей, Мұхаммед! Егер мен бұл сөздеріме өтірік қоссам Алла Тағаладан мені күлге айналдырсын деп тілей бер!», - деді.

Ібіліс әңгімесін қайта жалғастырды.

- Ей Мұхаммед, үмметіңді мақтаныш етесің бе? Мен олардың бәрін діннен (тура жолдан) шығарамын»,- деді.

Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір сұрақтарды қойды:

- Ей лағынетке ұшыраған Ібіліс, сенің бірге отыратын жолдасың кім?

- Менің жолдасым «пайыз» (процент) жеген кісі.

- Ал досың кім?

- Зина қылған адам.

- Бірге жататын жолдасың кім?

- Арақ ішіп ұйықтаған адам.

- Сенің қонағың кім?

- Ұры кісі.

- Елшің кім?

- Сиқыршы (балшы) кісілер.

-Көзіңнің нұры кім?

- Әйелінен ажырасқан адам.

- Сүйіктің кім? Жұма намазына бармаған кісі - деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы да мыналарды сұрады:

- Ей лағынет, сенің көңіліңді не қалдырады?

- Алла жолында соғысқа шыққан аттардың кісінеген дауыстары.

- Сенің денеңді не ерітеді?

- Бір күнә істеп, арқасынан тәубе еткен кісінің тәубесі.

- Ал бауырыңды не шірітеді?

- Күндіз-түні Алла Тағалаға көп айтылған истиғфар (кешірім сұрау)

- Ал бетіңді не бүрістіреді?

- Жасырын берілген садақа

- Көзіңді көр ететін не?

- Түнжарымда оқылған намаз

- Ал басыңды төмен салбырататын не?

- Ол да түнжарымда оқылған намаз.

- Сен үшін адамдардың ең қадірлі, ең жоғары дәрежелісі кім?

- Намаз оқу керек екенін біле тұра әдейі тәрк ететін кісі

- Сенің мазаңды алатын не?

- Ғұлама-ғалымдардың жиналыс, мәжілісі

- Тамағыңды қалай жейсің?

- Сол қолмен, бармақтарымның ұшымен.

-Қатты жел тұрғанда немесе қатты ыстық болған уақытта балаларыңды қайда сақтайсың?

- Адамдардың ұзын-ұзын тырнақтарының астында.

- Ей, шайтан, Cен Алла тағаладан не сұрадың?

Мен Алла тағаладан он нәрсе сұрадым. Оларды да айта кетейін.

1. Мені адам баласының малы мен балаларына ортақ ет деп сұрадым, бұл сұранысымды орындады. «Сондай-ақ олардың малдарына, балаларына «арамдық араластырып» ортақ бол. Оларға жалған уәде бер. Негізінде шайтан оларға алдаудан басқа уәде бере алмайды» («Исра» сүресі, 64-аят).

Әрбір бисмилләсіз сойылған мал етін, әрі пайыз (процент) деген харам тамақтан да жеймін. Менің азғыруымнан Аллаға сыйынбаған әрбір кісінің малына ортақпын. Әрі менің азғыруымнан Аллаға сыйынбай бір төсекте жатқан (жыныстық қатынаста болған) ерлі-зайыптылардың да, ал осы жыныстық қатынастан дүниеге келген бала да бізге бағынады, сөзімді тыңдайды. Кімде-кім бір көлікке мініп жатқанда халал жолға (жақсы жерге) емес, харам жолға (теріс, жаман жерге) баруға ниеттенсе мен де онымен бірге мінгесемін, оның сапардағы жолдасы боламын. Алла тағала бұл жайында былай дейді: «...және оларға, атты, жаяу түрде келіп, байбаламдап, дүрліктір» («Исра» сүресі, 64-аят).

2. Аллa Тағаладан маған бір үй бер деп сұрадым. Алла Тағала маған моншаны үй етіп берді.

3. Бұдан кейін маған бір мешіт бер деп сұрадым. Алла Тағала маған базарларды мешіт етіп берді.

4. Маған оқитын бір кітап бер деп сұрадым. Өлеңдерді маған оқитын кітап етіп берді.

5. Маған бірге жататын жолдас бер деп сұрадым. Маскүнемдерді берді.

6. Бұдан кейін маған бір азаншы бер деп сұрадым. Сырнайшыларды (музыканттарды) берді.

7. Маған көмекші бер деп сұрадым... Бір жаман істі істеп қойып, пешенеме осылай жазылған екен деушілерді көмекші етіп берді.

8. Маған туысқан берші деп сұрап едім, малдарын керексіз жерге ысырап ететіндерді берді.

Бұл да Құран кәрім аятымен дәлелденген: «Шынында, ысырап етушілер шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббына өте қарсы» («Исра» сүресі, 27 - аят).

Осы кезде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер айтқан сөздеріңді Құран кәрім аяттарымен дәлелдемегеніңде, саған сенбейтін едім», -деді.

9. Алладан сұрадым адам балаларын мен көрейін, бірақ олар мені көре алмайтын болсын деген тілегімді де орындады.

10. Адам баласының денесіндегі қантамырларын маған жол етіп бер деп тіледім. Мұны да қабыл етті. Осылайша мен олардың арасына кіремін, қалағанымша айтқанымды орындатамын. Алла Тағала барлық тілегімді қабыл етті. Мен бұл халімді мақтаныш етемін. Тағы да мынаны айта кетейін, ей, Мұхаммед, сенімен бірге болғандарға (ергендерге) қарағанда, менімен бірге болғандар (маған ергендер) өте көп. Қияметке дейін адам баласының көпшілігі менімен бірге болады.

Мұнан кейін Ібіліс тағы да былай деді:

- Менің бір ұлым бар... Оның да аты Атәмә, оның істейтін жұмысы – құптан намазын оқымай ұйықтап қалғандардың құлағына барып кіші дәретін сындыру. Ал егер менің ұлым бұл істі істемесе, мұсылмандар құптан намазын оқымай ұйықтай алмайтын еді. Менің тағы да бір ұлым бар. Оның аты Мутәкази. Бұл ұлымның атқаратын міндеті – адамның жасырын істеген құлшылықтарын жарыққа шығару. Мысалы, бір кісі ешкімге көрсетпей жасырып құлшылық етіп және оны ешкімге айтпай, өз ішінде сақтаса, ұлым Мутәкази оны түрткілейді... Ең соңында ол кісі жасырын істеген құлшылықтары мен жақсылықтарын басқаларына айтып жарыққа шығарады. Осылай еткені үшін Алла тағала ол кісінің сауабының тоқсан тоғызын өшіріп тастайды. Тек бір сауабы ғана қалады. Өйткені Алла Тағала жасырын істелген құлшылықтар мен жақсылықтарға жүз сауап береді.

Тағы бір ұлым бар. Оның аты Күһайыл. Атқаратын ісі – адамдардың көзіне сүрме сүру. Әсіресе ғұламалардың мәжілісінде және де имамдар үгіт-насихат айтқан уақыттарында менің бұл ұлым тыңдап отырғандарға барып көздеріне үрлейді. Міне сол кезде оларды ұйқы басады. Ғұламалардың немесе имамдардың айтқан сөзін естімейді. Осылайша сауаптан құр қалады.

Бұдан кейін Ібіліс былай дейді: Қандай әйел болса да, оның тұрған жеріне балаларымның бірі отырады. Әрі әрбір әйел кісінің қойнында бір шайтан болады. Біреу сырттан қарағанда, шайтан ол әйелді жақсы (сұлу) етіп көрсетеді және ол әйелге кейбір істерді орындауды үгіттейді. Мысалы, шашыңды жайып, бет- әлпетіңді бояп, қысқа киімдер киіп өз-өзіңді күт. Басқалар саған таңдана, құмарлана қарайтындай болсын», - дейді. Ол әйел де бұлжытпай орындайды. Ал шайтан бірте-бірте әйелді ұяттан жұрдай етеді. Әйел ұялмай емін-еркін қысқа киім киеді, ашық-шашық (өз денесін ашып, көрсетіп) жүреді.

Сосын Ібіліс өз жағдайын айта бастады: Ей, Мұхаммед! Бір адамды «тура жолдан» шығаруда менің қолымнан ешбір іс келмейді, мен тек бір нәрсені жақсы көрсетіп, оның көкейлеріне саламын. Ал егерде тура жолдан шығару менің қолымда болғанда жер бетіндегі «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның елшісі», - деген кісілерді, ораза тұтатын, намаз оқитын кісілерді қалдырмайтын едім. Олардың барлығын да «тура жолдан» шығарар едім. Менің қолымнан ешбір іс келмегені сияқты, адамдарды тура жолға салуда сенің де қолыңнан ешнәрсе келмейді. Сен тек қана Алланың елшісісің, әрі сөзге шешенсің. Ал егерде тура жолға салу сенің қолыңда болса, сен жер бетінде бірде-бір кәпір қалдырмас едің»,- деді.

Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Ібіліске:

- Ей лағынет, сенің тәубеге келіп Алла Тағалаға қайтуың еш мүмкін емес пе? Жәннатқа кіруіңе себепші болайын», деді.

- Ей Алланың елшісі, әрбір іс берілген үкімге қарай болады. Шешімді жазған қалам да құрғады, қияметке дейін болатын істер болады. Алла Сені пайғамбарлардың ішінде «сұлтаны» етіп, жәннат халқының хатибы (сөйлеушісі), адамдарға үлгі еткен, ал мені адасқандардың «сұлтаны» етіп, тозақ халқының хатибы (сөйлеушісі) қылған. Бұл айтқандарым – соңғы сөздерім. Ешбіріне де өтірік қоспадым.

Қазақшаға аударған: Төрехан Полатқожаұлы

Mazhab.kz

Жаназада уағыз айтқан молдаға айқайлап ұрсып бердім
Адам өлім алдында осы бес нәрсеге қатты өкінеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу