Адам өлім алдында осы бес нәрсеге қатты өкінеді

Oinet.kz 27-10-2021 3143

Австралиялық мейірбике Брони Вер ханым ұзақ жылдар бойы паллиативтік терапияда – шипасыз науқастар өмірінің соңғы 12 аптасын өткізетін бөлімде жұмыс істейді. Ол ұзақ жылдар бойы  емделушілердің өлім алдындағы сырлары мен өкініштерін қағазға түсіріп келеді. Науқастардың өлім алдындағы өкініштері жайлы оның әлеуметтік желілерде жариялаған  жазбалары миллиондаған оқырманның қызығушылығын тудырды. Осыған негізделген  «Өлім алдындағы басты бес өкініш» деген кітап жазыпты. 

Screenshot_2.jpg

Әрине, батыстықтар мен шығыстықтардың менталитетінде үлкен айырмашылық бар. Бізге кейбір өкініштер адамзатқа ортақ сияқты көрінді. Сонымен дерті шипасыз науқастарды қандай ойлар қинайды, қандай өкініштер бұл шарасыздардың өзегін өртейді? 

Бронни Вэр ажалын күтіп жатқан науқастарға: «Сізді не өкіндіреді, өміріңізде нені өзгерткен болар едіңіз?» деген сауалдар қойған. Науқастардың берген жауабын Вер ханым маңыздылығына қарай бес топқа бөліпті. 

Бірінші өкініш – науқастар: «әттең менің өз қалауымша жасауға батылым жетпеді, мен бойымдағы әлеуетім мен мүмкіншіліктерімнің жартысын да жүзеге асыра алмадым. Менің жасаған таңдауым мен қабылдаған шешімдерім – өзгенің, айналамдағы адамдардың менен күткен әрекеттері шеңберінен аса алмады. Денсаулықтың адамға сыйлайтын мүмкіндіктерін бағалай алмадым, аяқ астынан денсаулық мені тәрк етті» - дейді екен. 

 Екінші өкініш – «әттең мен өте көп жұмыс істедім, балаларымның қалай есейгенін байқамадым, әйеліммен бірге бола алмадым, бар өмірім еңбек етумен өтіп кетті». Әсіресе еркектер отбасына қажетті уақыт пен лайықты көңіл бөле алмағанына өлім алдында қатты ашынады екен. 

Үшінші өкініш – науқастар «әттең өз сезімдерімді ашық әрі толық білдіруге батылым жетпеді» дейді екен. Бұлар отбасындағы тыныштықты сақтау үшін жылдар бойы өз сезімдері мен қалауларын таптап жүргеніне, өздерін «құрбан» еткеніне, сондықтан аңсаған армандарына жете алмай, «көптің бірі» болып өмірден өтіп бара жатқанына ашынады екен. Ұдайы өздерін «тыныштық» қалпында ұстап жүргендіктен көпшілігі түрлі дерттерге шалдыққан.  

Төртінші өкініш – «әттең ескі достарымның қадіріне жете алмадым, оларды іздеп баруға, қонаққа шақырып, сұхбат жасауға уақытым жетпеді, күйбең тірлікке көміліп жүріп, достарымды жоғалтып алдым, енді міне кеш болды, ажылымды күтіп, өлім төсегінде жатырмын» - дейді екен. 

Бесінші өкініш – «әттең, өзімді бақытты етуге, бақытты болуға лайық санамадым». Өлім төсегіндегі науқастардың көпшілігі бақыт деген – таңдау мәселесі екенін түсінбей өмірден өтіп барады. Олар үйреніскен дағдысынан шыға алмай, өмірлерін өзгертуге тәуекелі жетпегенін, басқа жұртқа өздерін бақытты етіп көрсетіп баққанын, ал шындығында өз өмірлерін өзгертуге, шынайы сезімдерін көрсетуге немесе табиғи болуға тәуекелі жетпегеніне ашынатынын, жіберіп алған мүмкіндіктері өзегін өртейтінін айтады екен.  

Шайтан айтқан шындықтар
Апаларымның рухы назаланған екен...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу