Саят Медеуов: «Автосыншы» атанған әншімін»

Oinet.kz 06-04-2014 980

-   Жеке концертіңізді 2005 жылы бердіңіз. Арада бақандай 9 жыл өтіпті. Шығармашылық кешіңізбен елді енді қашан қуантасыз?

-  Рас, елге есеп бермегелі  арада біраз жылдар өтіп кетіпті. Жыл сайын шығармашылық кешімді өткіземін деп жоспарлағаныммен әлі сәті түспей жатыр. Республика сарайы күрделі жөндеуден өтуін күттік. Кейіннен лек-легімен жалғасқан өзгелердің ән кештері біздің кезегімізді кешеуілдетті. Өзім де кінәлімін. Әр алуан бітпейтін шаруалардың шырмауынан шыға алмай жүріп алдым. Алла жазса өнерсүйер қауымға биыл есеп берудің сәті түсетін сияқты. 

Screenshot_14.jpg

-  Соңғы уақыттары жаңа әндеріңізді де ести алмай жүрміз. Мұның сыры неде?

-  Соңғы жаздырған әнім C. Бегелдиевтің сөзіне жазылған Б.Есебаевтың «Әлия» әні. Оның өзі  жарыққа шыққанына екі жылдың көлемі болып қалды. Жаңа әнді іздестіру үстіндемін. Қазіргі әндердің көбі жеңіл сөзді, ұйқассыз болып кетті ғой, сонда да ертеңіне хитке айналып жатады. Ал менің мұндай жеңіл дүниелерге жолағым келмейді. Аз ән жаздырсам да, саз етіп жарыққа шығаруды жөн санаймын. Жұрттың «Саят Медеуовтің хит әнін естімей жүрміз» деуі содан шығар. Жаңа әнді халыққа таныту үшін продюссердің қызметі керек-ақ. Алайда мен продюсерге бағынам ба, жоқ ол маған бағынуы керек пе, осыны әлі біле алмай жүрмін. Бір кездері «Саят аға, сізге продюссер болайын, ән жаздыру, тарату жағын, халықпен тығыз қарым-қатынас жасау жағын қатырамын» деп бір азамат құлшынды. Ойланып, жарайды деген едім, бітірген түгі жоқ. Содан кейін продюссер атаулыға  жолаған емеспін.  

-  Автокөлік десе «ішкен асын жерге қоятын» адам екеніңізді естідік. Осы уақытқа дейін қанша «темір тұлпарды» ауыстырдыңыз?

-  Иә, көлік десе шығарда жаным бөлек. Астымдағы көлігіме ерекше көңіл бөлемін. Ата-анамды, жақындарымды керек жерлеріне қас пен көздің арасында жеткізіп саламын. Сондай-ақ,  мәшинемді жиі ауыстырып тұрамын. Қалтам томпайғаннан немесе мақтаныш ретінде емес. Көліктің бір жері ұнамай қалса, дереу сатып жіберіп, басқасын алатын әдетім бар. Қазір санап қарасам  олардың  ұзын саны жиырмадан асып кетіпті. Достарым көлік алатын болса міндетті түрде мені ертіп алады.  Олар  әнші Саятқа «автосыншы» деген «айдар» таққан.

-  Көлік жүргізгенде жылдамдықты жиі асырасыз ба?

- Кейде асығысып, жол ережесін бұзып, жылдамдықты арттырып жіберемін. Халықтың еркесі болып үйреніп қалғанбыз ғой, осылай анда-санда жол полицейлеріне де еркелеп тұрамын. Ондай жағдайда олар да қабақ шытпай, еркелігімді көтеріп жатады. Әсіресе Оңтүстік өңірдегі қалалардың жол полицейлері  өнер адамдарын құрметтеп, қатты сыйлайды. 

- Сізге айтылған әдемі қалжың?

- Момындығымнан шығар осы уақытқа дейін қаншама әзілдерді естіп келемін.  Бала күнімде барлығы «светіме» қарап «шоколад» дейтін.  Жанатбек пен Сержан «Қазақ эстрадасындағы ең аппақ әнші» деген атақты да берді. Кезінде сахнаға «Кененнің әні – Бозторғай, орындайтын – Қара торғай»,  «Кененнің әні – Көкшолақ, орындайтын – Қара шолақ», – деп те шақырған кездер болды. Сол секілді лақап аттарым жетеді. Достарым менің ештеңе демейтінімді біліп, әйтеуір  қалжыңдасуға құмар.

- Күнделік жазасыз ба?

- Жоқ, шынымды айтсам оның қалай жазылатынын да білмейді екенмін.

- Әлеуметтік желілерде көп отырасыз ба?

- Әлеуметтік желілерге көп уақытымды шығындамаймын. Фейсбук, твиттерге бас сұғып тұрамын. Жақында бір досым «инстаграмм» ашып берді. Соңғы жаңалықтардан құр қалып жатқан жоқпын.   

Бизнесмен есек
Түрлі-түсті жүгері көргенсіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу