Туысқанға көмектессең табысың артады
«Жақсы ағаң – орман, жақсы інің – қорған», «өзім жаман болсам да, ағам жақсы» деп ой түйген аталарымыздың ұрпағы ретінде тағы да бір нәзік тұсты атап өткіміз келеді.Той-томалақта, қайғы-қазада алыстан ат терлетіп, іздеп келген ағайынның қадірі қашан да жоғары ғой. Осындайда құдалар жағы да сыналып жатады. Мәселен, сіздің туған ініңіз той жасады. Оған әйеліңіздің ата-анасы, туған-туыстары келмей қалды. Мұндай жағдайда ініңіз бен оның әйелі бірінші кезекте сізге, яғни, ағасына ренжиді, әйеліңізді кінәлайды. Көңілдеріне кірбің түсіп, қарым-қатынастарыңызға салқындық орнайды. Осындай жағдайды болдырмас үшін, құда-құдағилардың бір-бірімен аралас-құралас болуына жол ашатын «әулеттік саясаттар» жүргізуіңізге тура келеді.
Кейде туыстарыңның «капризіне»- берекенің көзі жасырылған екен.
Ардақты Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ризығының кеңеюі мен өмірінің ұзаруын қаласа, ол туыстарымен қарым-қатынасын жасасын» деп өсиет айтқан болатын. Кейде ойланбастан: «Түу, мына туыстар бәле болды, бір нәрседен құтылсаң, екіншісі шығады. Той-томалағы да, проблемасы да бітпейді осылардың. Соғымның етін алып едік, пәленбай күн жатып алып жеп кетті» деген секілді реніш айтуымыз шариғаттағы қағидаға қайшы екен. Ал барлық игілік пен жақсылық, бақыт пен сәттілік қолында тұрған Алла Тағала біздің бай әрі ұзақ ғұмыр кешуімізді – туысқандардың «капризіне» сабыр қылу, проблемасын шешуге тырысу, қуанышы мен қайғысына ортақтасуға байлап қойыпты. Қандай қарапайым әрі тамаша формула! Сен Алла бұйырғандығы үшін, сауаптан үміт етіп туыстарыңмен жақсы қарым-қатынас ұстайсың. Сонда сенің мал-мүлкіңе, отбасыңа береке бітіп, ғұмырың ұзарады!