Абысын араз болса, ағайынның сәні кетер...

Oinet.kz 21-11-2019 2196

Абысын.jpg

Халқымызда «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген мәні терең аталы сөз бар. «Жақсы болса алғаның үйіңнен кісі кетпейді, жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді» демекші, ағайынның арасын біріктіріп, бауырлар арасында дәнекер болып, татулықты дәріптейтін – әйелдер.  Абысын – ағайындылардың жарлары. Қазақта олардың отбасындағы орны белгіленіп қойған. Қандай жағдай болса да, үлкен ағаның әйелі кішісінің әйелінен жолы үлкен болады. Абысындардың бойында кішіпейілдік, жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық қасиеттерінің болуы – әулеттің басына қонған бақ. Бірақ қазіргі қоғамда түрлі отбасылық драмаларды естіп аң-таң қаласың. Сіздерге жан құрбым Жанардың оқиғасын айтып берейін.

Құрбым Жанар екеуміздің арамызда бөліспеген сыр жоқ, сірә? Бір-бірімізден қандай жағдайға қатысты болса да ақыл сұрап, ой қосып жүреміз. Бір күні Жанар үйіме жыларман күйде келді. Мән-жайды сұрай келе, білгенім, енесімен, абысындарымен сөзге келіп қалыпты. Енесі үлкен абысынын қорғап, Жанардың жіберген кемшілігін көп айтатынға ұқсайды. Абысыны келін болып түскеніне бірнеше жыл болған. Оның үстіне жасы да үлкен. Ата-енесінің де қас-қабағына қарап, қарсы келіп көрмеген. Ал Жанар тік мінезді, ешкімге қарамай ойындағысын айта салатын жан. Қиқарлығы да бар. Енесінің үлкен абысынын жақын тартатыны да сондықтан болар. Бір үйдің еркесі болып, бетінен қақпай өсірген Жанарға бұл оңай соқпаған сыңайлы. Соған ызаланған Жанар абысынымен біраз сөзге келіп қалыпты. Ызаға булыққаны сонша, «енді жолдасымды да үй-ішімен араластырмаймын, араласса ажырасам, олар мені адам демейді» деп өксіп отыр. Басқа-басқа жолдасыңды бауырларынан, туған-туысынан алшақтатам дегенінің дұрыс еместігін дәлелдеуге қанша тырыссам да, сөзімнің желге ұшқанын аңғардым. Сондықтан әрмен қарай әңгімені ұзартқым келмеді. Кейін білсем, Жанар жолдасы Абзалды ертіп, қалаға кетіп қалыпты. Ел арасында сөз жата ма, Жанар кетерінде енесіне де ауыр сөздер айтып кеткен екен. Тіпті, ол үйдің босағасын енді аттамайтынын да айтып салыпты. Міне, содан бері екі жылға жуық уақыт болды. Бәрінен бұрын қарт анаға бұл жағдай қиын соқты. Ұлын көрмегені былай тұрып, дүниеге келген немересін де бауырына құша алмағанына жүрегі қан жылайды абыз ананың. Ал Жанар абысыны екеуі бүгінде бітіспес жауға айналғандай. Жанар өзінің бір отбасын ойрандап, анадан баласын, ағадан ініні алшақтатып, немерені ата мен әжеден ажыратып, үлкен кемшілік жасап отырғанын сезе ме екен? Ертең өзінің балалары тегін білмей, тексіз болса, кінә кімнен? Ол туралы Жанардың ойланбағаны анық.

Жетістікке жетудің үш ережесі
Ата-әже деген керемет қой...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу