Өтелмеген қарыз маза бермеді

Oinet.kz 19-11-2019 1432

photo_101805.jpg                   

Бүгінде қарызы жоқ жандар кемде-кем шығар. Біріміз көршіге, біріміз туысқа, енді біріміз банкке борыштармыз. Қарызды ақшалай не заттай алғанда тегін беріп жатқандай қуанатынымыз бар. Алайда қарыздың  екі дүниеде де үлкен жауапкершілігі барын, өкінішке қарай сезіне бермейміз. Өмір бар жерде өлім де қатар жүреді емес пе?.  О дүниеге мойнындағы қарызымен аттанып жатқан жандар қаншама десеңізші?!

Судың да сұрауы барын жақсы түсінетін Қайрат басынан өткен мын жағдайды баяндап берді. «Осыдан екі жыл  бұрын әкемізді жер қойнына тапсырдық. Жаназасында молда көпшіліктің көзінше кімде қарызы барын дауыстап  сұрады. Қайғыдан қан жұтып, асқар тауымыздан айырлып  отырғанда мына молдекеңнің қай-қайдағы қарызды сұрағаны несі деп ашуға булығып қалдым. Бірақ жаназаның шырқын бұзғым келмей, тілімді тістеп жылаған күйі отыра бердім. Сөйтсек марқұм әкемнің дүкенге және тағы бір-екі кісіге қарызы бар болып шықты. Мұны білген соң әкемнің масқарасын шығарды-ау деп молдекеңе тағы да көз алартып бір қарадым. Кейін ол мойнын қарақұрым адамдарға созып:  «марқұмның қарызын мойнына алатын адам бар ма?» деп сұрады. «Мынауда қарыз деп қақылдап қоймады-ау деп өзім-ақ төлеймін, жарияға жар салудың қажеті қанша?» деп айтып үлгерген жоқпын, жанымда отырған ағам орынан тұрып «барлығын өз мойныма аламын» деді. Осымен қарыз әңгімесі аяқталды. Ертесіне кішкене есімізді жиып үйде шәй ішіп отырғанда әлгі молданың қылығы есіме түсіп кетпесі бар ма.  Анама кешегі күнді еске алу ауыр болса да көкейімді тесіп бара жатқан соң одан  имамның бізді жұрт алдында сонша ұятқа қалдырғанын сұрадым. Сонда анам: «Е, балам. Сұрау молданың міндеті. Егер марқұм о дүниеге мойнындағы қарызбен кетсе көрінде тыныш жата алады деймісің? » деп күрсінді. Мен сонда барып жерлеу рәсімінде осындай жоралғының барын білдім», - деп сөзін қайта жалғаған Қайрат  - сол күннен бастап әкемнің өтелмеген қарызы маған маза бермеді дейді. «Ағаманан құтылдың ба? деп қайта-қайта сұрап қоямын. Көшеде кетіп бара жатсам біреу маған «әкеңнің ақшасын қашан бересің? деп бас салатындай. Өлген адамның берешегін басқа біреу мойнына алып төлемесе ол үлкен күнә, қарыз соның мойнында кетеді дегенді естіп едім. Содан ағамды бір, жер қойнында жатқан әкемді бір ойлап, уайымдадым. Әкем түсіме жиі кіретін болды. Не керек, әлгі қарыздарды толық төлемей жаным тыныш таппады. Ағам екеуміз кейіннен қарызды соңғы тиынына дейін беріп, құтылдық. Сол күні ішкен асым бойыма дарып, алаңсыз ұйықтадым»,- дейді ол. 

Өтелмеген қарыз уайымды күшейтіп, жүйкені тоздырады. Сондықтанда Алла алдында да, адамға да қарыз болып қалудан сақтанайық!

Нұрым Сейілбек, 

Жамбыл облысы

Ер Едіге және елдік мүдде
Жетістікке жетудің үш ережесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу