Ер Едіге және елдік мүдде

Oinet.kz 19-11-2019 1074

Screenshot_4.jpg

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы жер-жерде аталып, тағылымды шаралар өтуде. Сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі осы алып мемлекеттің іргесі сөгілгеніне де 600 жыл болыпты. Мұның бір айғағы – әйгілі Едіге дастаны.

Алтын Орда мемлекетінің соңғы кезеңі ауыр бұлғаққа тап болып, алып им­перия әлеуметтік-саяси ірі күйзеліске ұшы­рағаны белгілі. Жарты әлемді уысында ұстап, Ертістен Дунайға, Сырдан Сібірге дейінгі Ұлы даланы ен жайлаған Ұлық ұлыс ұрпақтарының басынан бағы, астынан тағы шайқалған аласапыран заман туған. Қазақ ескілігінде бұл кезеңді «Нар мойыны Бердібекте кесіл­ді» деп түйіндеген. Әлбетте, бұл әуезе­нің шындығы тарихи деректер арқы­лы да нақтылы дәлелденіп отыр. Бақталас­тықтан басталып, ақыры тақталастыққа ұласқан Бердібектен Мамайға дейінгі (1360-1380) жиырма жыл ішінде ордада он төрт хан төңкеріледі.

Қолбасы Мамайдың 1380 жылы әйгілі Куликово шайқасында Дмитрий Донской тарапынан жеңілуі жаһандық тарихтың таразы басын өзгеше аударған, әлемнің геосаяси жүйесін басқаша арнаға бұрған Алаш баласы үшін алапат оқиға болады. Алтын Орданың құлауымен бірге оның шығыс тарапында Әмір Темір билік еткен жаңа держава бой түзей бастайды. Дәл осындай ауыр кезеңде ұлыс билігіне халқы «Ел қамын жеген Едіге», «Едігенің майлы жұрты», «Жалғызға таяқ, жаяуға ат болған Еді­г­е» деп ардақтаған көрнекті мемле­кет қайраткері, әскери ірі қолбасшы Еді­ге келеді. Ақмаңғыт руынан шыққан Еді­ге би саясат сахнасына жай келмей, ақсүйек көкжал Тоқтамыс ханмен теке­тіресіп, сол кезеңде Орта Азияда жара­лы жол­барысқа айналған Әмір Темір­мен ымыраласып, тар заманда тақ-аударыспақ ойнап келеді.

Бұл мәселенің экономикалық-саяси күрделі сыры бар екені туралы қазақ­тың белгілі мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов қарақалпақ арасынан жинал­ған «Едіге» дастанын алғаш рет 1936 жылы Мәскеуде жариялағанда жазған алғысөзінде былай деп тоқталады: «ХIV ғасырда сауда жолдары өзгеріп, дүния­ның аударылып-төңкеріліп жатқан кезі еді. Әмір Темір Үндістан, Иран, Кавказ, Анадолы жұрттарын қолға алып, күншы­ғыс пен күнбатыс елдерінің саудасын бір-біріне байлады. Бірақ күншығыс пен күнбатыс арасында Еділ бойында Әмір Темірге мойынсынбайтын Тоқ­тамыс хан бар еді. Бұл бөгетті жою керек болды. Бұл мақсатқа жету үшін екі жол бар еді: Тоқтамыс өз еркімен мойынсынса жарайды, өйтпесе Темір оны күшпенен бағындыру шарасын ойлар болды. Дәшті қыпшақ салтанатының ханы Тоқтамыс хан мен Орта Азия ханы Әмір Темір арасында болған соғыс­тың асыл себебі осы болса керек деп ша­ма­лаймын. «Едіге» дастанында Тоқ­та­мысқа қарсы болған «партия» хан­ның саясатын жамандағанда «Сауда аза­­йып, жұрт кедейленіп бара жатыр» де­ген мәнде сөздер бар. Бұл сөздер ән­ше­йін айтылған сөз емес. Бұның менен жо­­ғары­да баяндалғандай сол ғасыр­дың жалпы экономика, жалпы саясат ағымдарына Едіге мәселесінің байлаулы екеніне бір дәлел деп білмекшімін».

Осылайша Еуразия құрлығы аяғына тар­лық етіп, бір-бірімен тірескен түрік жұрты­ның үш дарабоз сырттанының тағ­дыр жолы әртүрлі кезеңде қасиетті Ұлы­тауда кейде найзаның ұшымен, кейде дәм-тұздың күшімен түйісіп-қиылысып отырады. Әмір Темір Қытайға жорыққа аттанар алдында Тоқтамысқа ұлы жо­рық­тан кейін орданың тағына оны ие етуге уәде береді, әйткенмен амана­тын орын­­дай алмай сырттандардың талай­ғы сы­ры­на куә Сығанақ аймағында, Оты­рар шәрінде 1405 жылы кенеттен көз жұма­ды. Тоқтамыс хан Едігенің күйеу бала­сы Шәдібектің қосыны тарапынан Ақмола даласында, Есіл өзені сағасында қолға түсіп, 1406 жылы өмірден озады. Едіге би 1419 жылы Тоқтамыстың ба­ла­с­ы Қадырберді сұлтан тарапынан Сарай­­шық төңірегінде мерт болады, ақы­ры тіріде сыйыспаған Тоқтамыспен бірге Ұлытауда мәңгілікке жер бесікке бөленеді. Сексенге тақаған жасында Едіге қаза тапқанда Алтын Орда мемле­кеті­нің саяси ғұмыры сарқылып, Ұлық ұлыс ыдырап бітеді. Енді оның орнына Қазан, Қырым, Астрахан секілді ұсақ хан­дық­тар пайда бола бастайды. Тұтас бір дәуір аунап, гүрс етіп құлаған қарт бәй­те­ректің суалмаған тамырынан нәр алған жас шіліктер өне бастайды. Әрине, соның тамырлы да ғұмырлы, көгенді бір өскіні – қара шаңырақ Қазақ ордасының болашақ келбеті еді.

Шежірелі қазақ елінде сақталған «Едіге батыр» эпопеясы – халық поэзия­сының жауһарына айналған асыл мұра. Ол туралы академик Әлкей Марғұлан: «Дүниежүзілік батырлар жырларындағы ең тамаша кейіпкердің бірі – ХIV ғасыр­дың екінші жартысынан ХV ғасыр­д­ың басына дейін өмір сүрген данышпан Едіге. Ол ежелден бері еркіндікті сүй­ген, батыр болып келген, жауынан тай­сап қорықпаған қазақ халқының қа­һар­ман­дық сипатын бойына жинаған мар­ғас­қа тұлға болды», деп баға берген болатын.

«Едіге батыр» эпопеясы Алтын Орда­ның алып рухының сынығындай Алтай­дан Ана­долыға, Қырым бойынан қиыр солтүс­тікте Сібірге дейінгі байтақ өлкені мекен­деген бауырлас халықтардың бар­ша­сына таралады. Оның қазақ, қара­қалпақ, ноғай, татар, башқұрт, өзбек, қырым татары, алтай, телеуіт халық­тары­на де­йін таралған отыздан астам нұсқасы та­б­ы­лып отыр. Ең алғашқы нұс­қаны жазу­шы Г.И.Спаский 1820 жылы қазақ ара­сы­нан жазып алып жария­ласа, соңғы нұс­қа­лардың бірін түрік ға­лымы Саадет Чага­тай 1957 жылы Ан­кара қаласында Қы­рым­нан кел­ген ақ­са­қалдың аузынан жазып алып, кітап етіп бастырады. Нау­шадай Шоқан­ның әкесі Шыңғыспен бірге 1841-1842 жыл­дары жазып алған нұсқаны ғылым­да «Ш.Уәлихановтың класси­калық нұс­қасы» деп атап, бұл тең­дессіз мұра­ны зерт­­теу­шілер Алтын Орданың саяси өмірі­­нің ақырғы кезеңіндегі шым-шыты­рық оқиғаның көркемдік шежіресі ретін­де бағалайды. Расында жырдағы кейіп­ке­р­лердің әрекеті мен тарихи жыл­нама­лар­дағы деректер бірін-бірі толық­ты­рып, сабақтастық құрайды.

Бұл туралы біртуар ғалым Бейсенбай Кенжебаев: «Едіге батыр» жырының бір тамаша жері – онда тарих, тарихи оқиға, тарихи адамдар аттары әрі көп ұшы­райды, әрі азды-көпті дұрыс сақтал­ған. Тарих, тарихи оқиға, тарихи адамдар аттары қазақ халқы батырларының басқа ешқайсысында да «Едіге батыр» жырындай көп, дұрыс көрсетілмеген деуге болады. Өйткені «Едіге батыр» жы­рын­дағы Едіге, Тоқтамыс, Сәтемір, Нұрәлі, Қадырберді, тағы басқа адамдар болсын, осылардың арасындағы қарым-қатынас, әңгіме, соғыс, аударыспақ болсын, бәрі де шын болған, тарихи адамдар, тарихи оқиғалар», деп түйіндейді.

Жалпы, эпоста кездесетін кейіпкерлер санаулы. Олар: Едіге, Тоқтамыс, Сәтемір (Шах Темір – Әмір Темір), Сыпыра жырау, Кеңестің ұлы Кеңжанбай, Едігенің досы – Аңғы­сын (Тыңғысын), Қабантын алып, Нұра­лын, Қадырберді. Барша бауырлас ха­лық­тардағы нұсқада эпостағы оқиға­лар­­дың асыл арқауы мен сюжеттік түзі­ліс арнасы, кейіпкерлердің тағдыры, жыр­дағы образдардың сомдалу үлгісі, қаһар­ман­дардың монологтары мен жыр түй­дект­ері ортақ сипат танытады, елеулі айыр­машылық жоққа тән деп қорытын­ды жасауға әбден болады.

Эпостың ең бір көркем, шырайлы да шұрайлы, көлемді де көне айшықтары аса мол ажарлы нұсқасы қазақ халқында сақталғанын зерттеушілер таңданып жазады. Жырдың түркі халықтарына түгел таралған нұсқаларын өзара салыстырып зерттеген ақын Сәкен Сейфуллин «Едіге батыр» әңгімесі түрік-моңғол рулары­ның көбінде бар. Бірақ қазақ бол­ған рулардың жыр қылып келген «Едіге батыр» жырынан бәрінікі қысқа, шолақ, тіпті кейбіреулерінің жөнді жырлары да жоқ» деген қорытынды жасайды.

Ақынның сөзінің шындығына басқа халықтарда бүгіндері белгілі болған нұ­с­қа­ларды салыстырғанда тағы да көз жете­ді. Бір сөзбен айтқанда, «Едіге батыр» жы­ры­­ның түпкі сюжеті, алғашқы алтын ар­қауы қазақ даласында өмір сүр­ген көне жыраудың көкірегінен туып басқа ай­мақ­тарға таралғанын байқауға болады.

Қарақалпақ халқында таралған көлем­ді нұсқаны жырлаушы Ерполат жыраудың айтқан пікірі бұл сөзіміздің тіпті негізсіз еместігін көрсетеді. Бауыр­лас халықтар арасындағы жыршы­лық дәстүрдің берік сабақтастығын, ауыз­ша шежіренің тарихи деректермен үйле­сіп кететіндігін, ха­лық жадының жаңыл­майтын алғырлы­ғын Ерполат жыраудың сөзі танытып тұрғандай.

Ерполат жырау жырды жазып алушы фольклортанушы Қаллы Айымбетовке былай дейді: «Шежірешілерден естуім бойынша, Едігенің дәурен сүрген уағына биыл 1934 жылы 558 жыл болды. Осы біздің жұртымыз Сәтемірдің жұрты есептелінеді. Еділ-Жайықтан көшіп келген. Нұрадиннің баласы Мұса, Мұсаның баласы Орақ пен Мамай. Мамай ұлсыз. Орақтан екі бала бар: Қарасай мен Қази. Едігенің тұқымын Қарасай-Қази деп қазақ жыршылары жырлайды».

«Едіге» жырының қаһармандық дәс­түрлі эпостан табиғаты бөлек, керісін­ше тарихи жырмен өзектес екенін кейінгі кез­­­дегі зерттеушілер анықтай түсті. Өйт­­­кені бұл жырда сыртқы жау жоқ, бір ел­­дің ішіндегі екі мықтының бірін-бірі мү­­йіз­деп сүзіп, алып елді бүлдірген дүр­­­­бе­­­леңі көрініс табады. Әлбетте, бұл – Алтын Орда мемлекетінің ақырында бол­­ған ел билеуші элитаның бірлігіне сы­­зат түскен апатты дағдарыстың көрі­нісі. Жыр тарихи оқиғамен үндес бол­ған­­дық­­тан, онда сыртқы жау жоқ, тек Отан ішін­­дегі екі бауырдың бірін-бірі тіс­те­леп шай­насқаны әңгіме бола­тын­дық­тан бас­қа эпостардағыдай кейіп­кер­лер құ­ра­мы жағымды немесе жағымсыз бо­лып жік­телмейді. Эпос басында Еді­гені бала би ретінде сомдап, оны Баба түк­ті Шашты Әзиз бен перінің қызынан ту­ған жа­ра­тылысы ерек данышпан бей­не­­сін­де сурет­тейді. Әйткенмен оның ел иесі Тоқ­тамыс­пен жауласып, өз Ота­ны­­нан бе­зініп бөтен елге, Сәтемір (Әмір Темір) пат­ша­ға қаш­қысы келгенін жыр­лау­шы ақ­тамай­ды, керісінше айыптайды. Осы­лай­ша ту­­мы­сы бөлек, жұрттан ас­қан дана, от тіл­ді, орақ ауызды шешен би деп ма­дақ­тал­­ған Едігенің елден қашу ниеті бі­лін­ген­­де аяусыз сыналып, эпос пат­­рио­т­измді ту етіп көтеріп, ел бірлігі мен мем­­лекетшіл сананы түбе­гейлі қуаттайды.

Әлбетте, Едігенің өз елінен қашу оқиғасы 1391-1394 жылдары орын алады, бұл туралы Батыс Еуропадан келіп Тоқтамыс пен Темір ордасында болған тыңшы Клавихо: «Едіге атты қолбасы Тоқ­тамысқа жауласып, ордада бүлік шығарып, билікті тартып алғысы келді. Бұл туралы білген Тоқтамыс оны ұстап өлтіргісі келгенімен ол қашып кетті», деген мәліметті жазады.

Бұл шиеленісті оқиға эпоста шиыр­шық атқан драмалық тартыспен бейне­ленеді. Расында жұрт арасына жік түсіп, тақ шайқалып, мемлекеттің тұтас­тығына қауіп төніп, Шыңғыс тұқы­мы ақсүйек Тоқтамыстың тағына «қара­дан» шыққан тұлғаның дәстүрлі Ұлы жасақ заңын өрес­кел бұзып талас қылуы – Алтын Орда­ның саяси элитасын дағ­да­рысқа түсі­ріп, Отанның тағдырын тығы­рық­қа тіреген, шешімі қиын, ел иелерін жол­айырық бағытты таңдауға тәуекел етуге мәжбүрлеген тосын оқиға болғаны анық.

Бұрын-соңды тарихта болмаған бұл төтенше жағдайдан тура жол таба алмай елдің игі жақсылары қиналады. Эпос бұл күрмеуді шешуді, яғни Алтын Орда жұрты тап болған тағдыршешті түйінді тарқатуды «жүз сексен бес жаса­ған, қаздың етін асаған, аузында отыз тісі босаған, жағын шәйі жібекпен тарт­тырған, салтанатын үлде-бүлдемен арт­тыр­ған» қарт баба Сыпыра жырау Сұрғыл­тайұлына тапсырады. Жырау былай деп толғайды:

– Мен қартыңмын, қартыңмын,

Не көрмеген қартыңмын!

Он екі тұтам оқ тартқан

Онан соңғы ер Шыңғыс,

Оны да көрген қартыңмын.

Ұлы бабаң Домбауыл,

Соны көрген қартыңмын.

Жас та болса Тоғым хан,

Мен сені көрген қартыңмын!

Осылайша Сыпыра жырау талай дәуірдегі хандарды көрген, дүйім замандармен құрдас мифтік абыз қария бейнесінде көрінеді. Әдетте түркі жұрты мен оны билеуші хандар ел тағдыры аумалы-төкпелі болып сынға түсіп, бұл­дыр кезеңге тап болғанда абыз жырау­дан ақыл сұрап, болашағын болжатып, мұратын оңдатып келген. Алтын Орда­дай алып мемлекеттің тағдырына қатыс­ты жырау ауыр үкім, қатал шешім қабылдайды. Өзгеше сөйлеп мәймөң­келеуге, болашақ ұрпақтың алдында жауапкершіліктен жалтаруға ар-ұжданы жібермейді. Алтын тақтың мызғымай баянды болуын тілеген Сыпыра жырау елді сенделтіп, жұртты теңселткен ауыр сауалдың жауабын екі-ақ ауыз сөзбен қайтарады. Тоқтамысқа қарата айтқан ұлы жыраудың байлауы мынау болды: «Едігені алдап-сулап қасыңа ал, қасыңа ал да басын ал!»

Терең астарлы мәтелге айналған бұл сөз елдің есінде талай аңыз бен жырға, небір оқиғаларға тамызық болып жаң­ғы­рып келеді. Осы арқылы жыр Отанға опасыздық, елге іріткі бүлік салуды қатаң айыптап, мемлекеттің іргесі берік болу­ды, оған ұрпақтар әрдайым адал болу­ды дәріптейді. Жырау ханның мызғы­мас тағы­нан, мемлекеттің іргесінің бүтін­ді­гі­нен артық ештеңе жоқтығын, тіпті Алтын Орданың әскерінің сол қана­тын би­леген, ардақты Едіге бидің де әз жаны одан артық емес екенін жария етеді. Соны­мен бірге жыр Едігенің бөтен елдің патша­сы Сәтемірмен ауыз жаласып ордаға әскер әкелген сәтінен бастап дегдар хан Тоқ­та­мысты жақтап, керісінше бас кейіпкер Едігенің мінін ашып жырлайды. Тоқтамыс хан ордасына он үш жылдан кейін оралатынын айтып, халқымен қоштасады.

Тоқтамыс ханның ел-жерімен қош­тасуы қазақ жыраулар поэзиясының інжу-мар­жанына өзгеше өрнек қалды­рып, арналы үлгі болған лирикалық толғаныстан туған нәрлі шумақтардан тұрады. Жырдың басында мадақталған Едігенің ордаға жат жұрттан әскер енгізген соң пендешілік сыры ашыла түседі. Ақыры ол туған ұлы Нұралынның қаһарынан көзі шы­ғып, қолы сынған соқыр шалға айнала­ды. Тоқтамыс өлгенімен, оның ұлы Қадыр­берді сұлтан қайта келіп аталы-балалы соқыр Едіге мен оның ұлы Нұралынды сөзбен қорлап, кеудесіне қарғып мінеді. Осы қорлыққа шыдамаған аталы-балалы екеуі намыс­тан құсаланып жарылып өледі. Тарихи деректерде Қадырбердінің Едігені мерт еткен оқиғасы 1419 жылы болған деп топшыланады.

Әлбетте, эпос тікелей тарихи оқиғаны айғақтайтын түбіртек көшірме емес. Ол – тарихқа берген халықтың бағасы, ірі оқиғаның көркемдікпен тұтастанған жиын­тық шежіресі. Мәселен, жырда Тоқ­та­мыстың, Едігенің Мәскеуге жасаған жоры­ғы, Сәтемірдің (Әмір Темірдің) Тұран­ның даңқты әмірі болған салтанаты ту­ра­лы ешқандай суреттеу кездеспейді. Жыр­да Едіге негізінен жау түсірген батыр емес, тек қана дана би бейнесінде сомдалады.

Тарихи эпос Темір мен Едігенің 1395 жылы Тоқтамысты ойсырата жеңіп, Сарай қаласын күйреткені, Едігенің 1399 жылы Ворскла өзені бойында ұлы князь Витовт басқарған Литва-Поль­ша әскерін талқандап жеңгені, Киевті өртеп, 3000 рубль салық алғаны, 1403 жылы Мәскеуге жорық жасағаны, 1406 жылы Әмір Темір дүниеден өткен соң бір жыл ішінде Хорезмді қай­тарып алғаны туралы ешқандай мәлімет бермейді. Әрине, бұл көркем эпостың мұратына да, шартына да жатпайды.

Едігенің қайраткерлік қыры туралы В.М.Жирмунский былай деп баға береді: «Ол ханның өзімен күресе жүріп феодал сұлтандардың тұрақты қарсылығына тап болғанымен, Мамайдың қолы жетпеген биікті бағындыра алды. Алтын Орданың саяси тұтастығын қалпына келтіріп, Ви­товтты күйрете жеңу арқылы билігін бекі­те түсті, Хорезмді өзіне қаратып, Мәс­­кеу­ге жорық жасау ақылы оның әске­­ри және халықаралық мәртебесі арта түсті».

Халықтың жүрегінен туған ғажайып «Едіге» эпосына 1944 жылы кенеттен сталиндік-тоталитарлық жүйенің қара бұлты үйіріледі. Жырда Едігенің бөтен халықтарды, соның ішінде Мәскеуді шап­қаны туралы бір ауыз сөз айтылмаса да қырағы коммунистер тарихи Алтын Орда билеушілері Тоқтамыс пен Еді­генің Мәскеуге жасаған жорығын алға тартып, халық мұрасына тосқауыл жа­сап, жариялауға тыйым салдырып, оны жарыққа шығарған ғалымдарды қатаң жазалады. Қарақалпақстанда жырау Ерполат Рамбердиұлын 1938 жылы түрмеге қамап, қарияны 76 жасын­да азаптап өлтіргені «Едіге» эпосы­ның жолы аса шырғалаң болғанын көрсе­теді. СОКП Орталық Комитетінің Татар хал­қының «Идегәй» эпосын «хан­дық-фео­дал­дық мұраның» қара тізі­міне қос­қан дауылды қаулысына Қазақ­стан КП ОК үн қосып, 1947 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әде­биет институтының саяси өрес­кел қа­те­лік­тері» туралы қаулы қабыл­дайды. Осы құжат­тар арқылы қазақ руха­ния­т­ы­ның ежел­гі жауһарлары мен елі­міз­дің өт­кен тари­хын­дағы даңқты қаһар­ман­дары­на толығымен қара күйе жағы­лып, соның ішінде «Едіге» эпосы қара түнек­ке ба­ты­рылады. Арада елу жылдан соң Қазақ­станда «Едіге» эпосы 1989 жылы ғана «Жұлдыз» журна­лын­да жарияланып, тәуел­сіздіктің жаршысындай еліне оралады.

Бүгінгі ұрпақ үшін азаттықтың арқа­сында оралған ата мұраларымызды көзінің қарашығындай аялап, зейініне тоқып, әлемге әйгілі Едігедей ірі қайрат­кер тұлғамызды өз дәрежесінде ұлықтау парыз, әрі қарыз.

Биыл түркі халықтарының ерлігі мен елдігінің тамаша көрінісі болған «Едіге» эпосына 600 жыл толып отыр. Әлбетте, зерттеушілер Едіге туралы жыр-аңыздар, түрлі дақпырт-әпсаналар оның көзі тірісінде елге кең тарала баста­ғанын айтады. Академик Әлкей Мар­ғұлан 1940 жылы «Едіге» эпосына 560 жыл болғандығы туралы мәлі­мет келтіреді, шамасы ғалым эпос әйгілі қол­басының қырық жасқа толып, атағы қаулап тұрған тұсында пайда болған­ды­ғын жорамалдап, елдің есіне салуды жөн көрген сынды. Әлбетте қандай бір эпостың туған мерзімін тап басып анықтау күрделі мәселе, өйт­кені эпикалық сүйекті туындының сюжет­тік желісі қалыптасып, одан кейін жы­рау­лардың құлағына шалынып, то­лы­сып-пісіп, жинақталып-топта­луы­ бір жылда немесе бір күнде бола қала­тын шаруа емес, ұзақ жылдар мен заман­дарды қамтитын күрделі құбылыс. Алай­да, іргелі ғалымдар эпостың тууына «Жоқ­тау» жырының баспалдақ болатынын, оның бір дәлелі әйгілі – Күлтегінді жыр­­лаған Йолық Тегін жыраудың тол­ғауы екен­дігін алға тартады. Олай болса, биыл түр­кінің ұлы мемлекет қай­рат­кері, әйгі­лі әскери қолбасы, Едіге бидің қайтыс бол­ғанына, сонымен бірге ол туралы «Едіге» эпосының туып қалыптас­қаны­на 600 жыл толды деп есептеуге негіз бар.

Демек, Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында алып империяның сол қанатының қолбасшысы болған, Ұлық Ұлыстың билігін 20 жылдай уысында ұстаған «ел қамын жеген Едіге» атанған ұлы тұлғаның мұрасын зерделеу – тамырлас түркі жұртының рухани мұрасын түгендейтін, ұрпақты елдік санаға бастайтын ұлағатты  да тағылымды іс болмақ деп пайымдаймыз.

Дархан Қыдырәлі, 

"Егемен Қазақстан"

Үміт Битенова, ақын: «​Лениннің суретін салғаным үшін әлі қорқамын»
Өтелмеген қарыз маза бермеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу