Мен естіген бір аңыз
Ертеректе бір бай өмір сүріпті. Байлығы үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы, төрт түлігі сай, сәулеті мен дәулеті келіскен ел ішінде беделі асқақ ерекше болған екен. Әлгі байдың тек жалғыз ұлы ғана болады. Ұлы өте ақылды, көркем мінезді кеңпейіл, көпшіл болып өсіпті. Сол жалғыз ұлдың жан дегенде жалғыз досы ерекше жақын болыпты. Өзге достарына қарағанда онымен жан сырын бөлісіп айырылмас достығы үзілмепті. Достықтары күннен күнге берік болып айырылмастай бопты.
Бір күні байдың баласы өзі болып үйірден бір семіз тайды таңдап сойып, досына артып береді. Өзі үйірін қайтаруға бел асып кетеді. Досы болса арбаға артқан тайдың етін сүйретіп байдың үйінің тұсынан өте бергенде бай үйініен шығып, амандық-саулық сұрасқан соң:
- Мынау артып алғаның не зат? - деп сұрайды.
- Бұл тайдың еті еді, сіздің балаңыз маған сойып берді, - деп жауап береді.
-Саған менің балам берсе, маған кім береді? - деп тайдың жарты етін түсіріп алып қалады.
Ертеңіне ауылға "Байдың жалғыз ұлына жай түсіп қайтыс болыпты" деген хабар жетеді.
P.S.
Ертеректе осы аңызды естігеннен бері "маған кім береді?" деген сөзді айту түгілі ойламау керек екенін ұғындым. Баланың да, байлықтың да құрастырушысы бір Алла, тек пендені "бір кем дүние" ұғымына тіреп қоюы заңдылық деп білемін. Бір ұстазым айтушы еді: "Алла аспаннан тікелей ешкімге ешнәрсе бермейді, біреудікін біреуге бұйыртуы мүмкін, не нәрсеге Алла жолында және еңбекпен жетесің" деп. Бәрі уақытша. Жақсылық көрсек те, жамандық көрсек те бір Алланың құзіретінде, замандасым. Менің байлығым балаларым.
Сәнді Ақылай