Жетістікке жеткен азаматтардан – 25 кеңес
1. Ақжарқын бол, шын көңілмен аралас. Өзгенің ойын оқуға тырыса берме. Өзгеден де мұндайды күтпе. Сөзің екіұдай болуына жол берме.
2. Сыпайы бол, бірақ әркімге жағына берме. Өзіңе қымбат адамдарды іріктеп ал.
3. Денсаулығыңды күт. Аздан же, уақтылы ұйықта. «Түймедейді түйедей етуден» аулақ бол. Болмашы дүниеге күйзеле берме.
4. Көрпеңе қарай көсіл. Шын керегіңді ғана ал. Керек еместің бәрін таста, тарат, сатып жібер. Біраз ақшаны жинап қой. Қауіпсіздігіңнің кепілі болсын.
5. Уақытың мен қарымыңды көреалмаушылық пен өзіңді өзгемен салыстыруға жұмсама.
6. Айналаң тек «дұрыс» адамдарға толы болсын. Өзгенің пікіріне иіле берме. Өзіңе пайдалы дүниені жасап үйрен, тек өзгеге зияның тимейтіндей жаса.
7. Уақытыңды бағала. Уақытты үнемдеуді үйренуге барыңды сал. Бұған жұмсалған уақыт еселеніп қайтады.
8. Қайғырып отырып ішімдік ішпе. Ол жеңілдік бермейді. Қиындықтар ішімдікке батпайды, олар жүзе білетінін естен шығарма.
9. Өміріңді жеңілдету үшін дамыған технологияны пайдалан, тек керісінше емес. Олардың асыл уақытыңды ұрлауына жол берме.
10. Өзіңнің, өзгенің алдында әділ бол. Айналаңа өтіріктің дәнін сеппе. Ерте ме, кеш пе ол өтірікке өзің шырмалып қаласың.
11. Ет жақыныңа жақсы көретініңді жиі-жиі айтып тұр.
12. Өмір жолында да, саяхатта да «артық» затты арқалай берме.
13. Зейінді бол. Белгілі бір уақытта тек бір дүниемен шұғылдансаң, өнімділік артады.
14. Үй жинауды ертеңге қалдырма. Жұмыс орныңды, тамақ ішкен ыдысыңды сол сәтте тазалап дағдылан. Сонда жеңіл болады.
15. Жиі күлімсіре, көшедегі бейтаныстарға да күліп қараған әдемі.
16. Жаңа ой мен идеяға әрқашан ашық бол.
17. Шынымен қарның ашқан кезде ғана тамақ іш. Еріншектік пен күйзелісті тамақ ішумен жоқ қыла алмайсың.
18. Әр күніңе дене жаттығуын қос: жаяу серуендеу, не жарты сағаттық үйдегі жаттығу әбден жеткілікті.
19. Өзгерте алмайтын ақиқат үшін өзіңді жүнжітпе. Шамаң жететін дүниеге ұмтыла бер.
20. Өмірлік ұстанымдарыңды ұмытпа, әрқашан соларға сай таңдау жаса.
21. Тілегіңді орындауға талпын. Өміріңді өзгенің арманын орындауға жұмсама.
22. Дәл қазір қаншалықты жақсы, не жаман болса да, ұмытпа: бәрі өзгереді. «Өмір өткінші!» деген сөзді жадыңа түйіп қой.
23. Қателік жасаудан қорықпа. Қатеңнен сабақ ал, сосын ары қарай жылжы. Сен туралы өзгенің пікіріне алаңдай берме. Мінсіз адам жоқ!
24. Бір нәрсеге 100% сенімді болсаң да, бұл өзге үшін дәл солай болуы шарт емес деген ойға титтей орын қалдыр.
25. «Рақмет» пен «Кешір, менікі дұрыс емес екен» дейтін сыйқырлы сөздер әр заманда да өзектілігін жоймайды.
Аударған Шынар Әбілдә