Махаббат адамды қалай өзгертеді?
Ғашық жанның басындағы ахуал өзгеше. Мен оған ұнадым ба? Жоқ па? Бұл үрей үдей келе қорқынышқа айналып кетеді. Арты не болар екен деп уайым шегеді. Осының барлығы адам жанын жайландыратын көңіл қуанышына қалай алмасады?
Элен Френель
Махаббат – бұл өзгеріс деп 1971 жылы өзінің «Ғашықтық қалыбы» атты ғылыми жұмысында психоаналитик Кристиан Давид (Christian David) айтқан еді. Бұл сезімді адамның қайта тууы деп бағалапты ғалым. Ғашықтық қандай өзгеріс әкеледі? Адамның бойында не өзгереді?
Құлазу сезімі
Ғашықтық ең алдымен зор күйзеліс. Бастапқы кезде адам үнемі үрейлі қалыпты бастан кешеді. Ішкі тыныштығы бұзылады. Психоаналитик Моник Давид-Менар (Monique David-Ménard) былай депті: «Қорқыныш оянады. Әлеміңнің быт-шыты шығады. Неге бәс тіккенімізді түсіне алмай дал боламыз. Сол адамға керекпіз бе, жоқ па? Соны ғана сезінгіміз, түсінгіміз келеді. Қаншалықты керек етеді? Бар болғанымызға қуана ма екен?»
Махаббат – әр адам ерекше асқақтатып, күтеді. Бірақ ол тек қуаныш қана сыйламайды. Ол жауапсыз сұрақтарды туындатып, келешекке деген күмәнді оятады. Философ әрі психоаналитик Моник Шнейдер (Monique Schneider) осылай дейді. Бұл ғалым махаббат түсіретін кереғар күй туралы айтады. «Адамның «мені» аяқ асты әлсіреп, өзгенің «менінің» кереметіне бас ұрады. Осының салдарынан адамның жүрегін құлазу кернейді. Бар ойы, ынтасы өзге жанға ауып кетеді. Сол бір жұмбақ жан, бейтаныс сіздің сана-сезімге иелік етеді. Мұндай кезде сабыр сақтау қиын. Ол мені шын ұнатты ма? Менсіз қанша күн өмір сүре алады? Бұл сезім қаншаға жетеді? Әрбір келесі сәт болжаусыз болатын беймәлім өмірге қадам басасыз».
Енді біргеміз
Егер екеудің сезімі өзіңді ұмытып, тек соның өміріне айналуға ұласа бастаса, онда екеуара түсіністіктің орнағаны. «Өзге жанмен бірге өмір сүру қалыбы қалыптасады. Махаббат тыныштандырып, өзіңді табуға көмектеседі. Жаңа өмір басталады. Бөтен болған жанмен өмір сүрудің кереметін бастан кеше бастайсыз» дейді Моник Шнейдер.
Егер махаббат хикаясы ұзаққа созылып, мазмұны толыса бастаса, күнделікті күйбеңде әрбірінің талғамы мен әдеті есепке алынса, ол ортақтықтың бастамасына айналады. Біреу үйкүшік, біреу ет жемейді, бірге қыдыру, серуендеуді бастайды.
Бұрын бейуақта іш пысатын болса, жаңа өмірде бәрі қызықты болады. Ендеше бұл бір бүтіндікке ұмтылыстың оңтайлы шешілгені.
Өзге адамға етене жақындасып, оның өміріне дендеп енгенде, өзіміздің де кей әдеттерімізді ұмытамыз. Бұл қадамды тұлға ретінде өшу деу қателік. Адамдар арасындағы зияткерлік, әрі сексуалды түсіністік – «менінен» айырылу емес. Керісінше, өзара біркелкі балансты сақтай отырып, кім болғың келсе, сол қалпыңды сақтауға болады. «Сүйікті екеніңді сезіну – текке өмір сүрмегеніңді білдіреді» - дейді Жан-Поль Сартр. Махаббаттан туатын бақыт адамның жанына ерекше күй сыйлайды. Әр адам өзінің кімнен кімге айналатынын өзі шеше алады. Ескі жұмысты тастап, шетелге көшіп кетуге дейін баратын жағдаяттар бар. Ең бастысы өзіңнің кемшілігіңді жеңуге талпыну.
Психиатр әрі психоаналитик Катрин Бансе (Catherine Bensaid) өзге жанға деген тартылыс күші адамға қаншалықты керемет күш сыйлайтынын айтады. Оның айтуынша, «сезім өзгенің әлеміне қадам басып, өзгені қабылдауға рухани күш береді, өзге үшін өзіңнің «меніңді» тыюға болатынын көрсетеді.Ал, жан жолдасың сені тал бойыңды еш әсірелемей қабылдауға үйретеді. Өз қорқынышымызды жеңуге көмектеседі».
Екеу болып өмір сүру интимді әдеттерді қалыптастыруға бастайды. Бұл да бір өзгеріс. Өзгелер ешқашан білмейтін құпия сыр. Екеуді бір-біріне ынтықтыратын, жүрекпен жымдастыратын ғұрыптар. Осы байланыс бір-біріне деген шынайылықты ашады. Бала сияқты шаттануға, өзгенің алдында өзіңді сенімді ұстауға бастайды.
«Жұрт не дейді деген пікірлерден өзімізді биік ұстай бастаймыз. Өйткені, жанымызда сүйіктіміз бар». Поль Элюардың тұжырымдауынша: «Жер бетіндегі махаббат тек әлемнен асып түсу үшін керек».
Аударған Шынар Әбілдә