Құрбақаның құпиясы
Бір күні құрбақалар жарыспақшы болады. Биік таудың басына кім бірінші шықса, сол мықты дейді! Жарысқа қатысқысы келген құрбақалар саны көп болды. Орманды мекен еткен бүкіл аң атаулы жиналып құрбақалардың жарысын көрмекке келді. Құрбақалардың шыңға жете алмай, тауы шағылғанын тамашаламақ! Кішкентай құрбақалардың мүмкін емеске қол созған дәмесін көзбен көріп, күлкіге айналдырғысы келді. Сонымен, «Сәре!» деген сөз шықты да, құрбақалар тауға өрмелей бастады. Орман аңдары ішек-сілелері қатып күлді: «Аналарға қараңдар, қазір бәрі басымызға құлап түспесін!» деді біреуі, «Қолдарынан келмес, не ойлағандары бар?» деп екіншісі жақтырмады, «Бәрібір таудың басына шыға алмайсыңдар!» деп үшіншісі үкім шығарды.
Құрбақалар басқа аңдардың сөздерін естіп, таудан бірінен соң бірі құлай берді. Бағып тұрған көпшілік сонда да тыншымады: «таудың басы тым биік, ал сендер әлсіз әрі кішкентайсыңдар, мүмкін емес тірлікке кіріспеңдер!» деді. «Биікке шығу оңай емес, аяқтарың кішкентай, тайғанақ» - деп тықақтады. Осындай қылжақ сөздерден соң құрбақалар бірінен соң бірі жолдан шығып қалып жатты. Өз еркімен төменге түсіп кеткендері қаншама? Біраздан кейін биікке бастаған соқпақ босап қалды. Бәрі де сенімсіз сөздерден аса алмай, кейін қайтты. Тек бір құрбақа артына қарамай, алған бетінен таймай, алға жүре берді. Ол өзіне күлген аңдарға да, келемежге де мән бермеді. Жүре берді, жүре берді. «Шыға алмайсың, ей» дегендерді елемеді. Ақырында жыбырлап биікке ұмтылған құрбақа құзар шыңның басына шықты! Бәрі таң қалды, «Мәссаған, кішкентай құрбақа мына биік таудың құзар шыңына шыға алды ма?» Ол құзар шыңға шықты! Бәрі таң-тамаша қалды.
Сөйтіп, құрбақа төменге түседі. Алдынан қарсы алған бір құрбақа одан: «Қалай шықтың? Мынадай биік тауға шығатын ерік-жігерді қайдан алдың? Қандай құпияң бар?» деп сұрады. Құпия жоқ боп шықты. Құрбақа керең екен.
Мораль: Өзіңе деген сенімге селкеу түсіретін жандарды ешқашан тыңдама. Олар сенің арманың мен үмітіңді ұрлайды. Сөздің киесіне сен! Кез келген жазылған, айтылған сөз орындалады! Сенің әрекетіңе әсер етеді! Сондықтан: ылғи жақсыны ойла! Жаман ойдан тез арыл! Сен жеңімпазсың! Ешбір қиындыққа қарамастан өзіңе деген сенім күшейе берсін! Сенің арманың орындалмайтын арман дегендерге керең бол. Тыңдама!
Бұл өмірде бәрі мүмкін!
Аударған Шынар Әбілдә