Енді 15 минутта пәтер сатып ала аласыз
17-11-2021
Дағдарыс келді. Міне, ол қарсы отыр, тура көзіңе қадалып қапты. Оның көзқарасынан ішің мұз боп қатып қалады. Бойыңды үрей билейді. Орныңнан атып тұрып, айғай салғың келеді. Осымен өмір бітті дегің келеді. Жоқ! Тоқта. Бұл жолы бәрі басқаша болсын. Келсе келсін, қараса қарасын. Бұл қонақты қалай қарсы алу керектігін өзіміз шешейік? Не тамақ беріп, қалай күту керектігі де өзіміздің ырқымызда болсын. Солай ету үшін 11 қарапайым қадамды жасап көруге кеңес беремін. Қанша уақыт алатынын айтпаймын. Әркімде әрқалай. Бәрі қонағыңыздың қашаннан бері келіп жайланып жатқанына байланысты. Өзіңіз қатып қалған әдеттеріңізді өзгертуге дайынсыз ба? Сосын қонағыңыздың мақсаты мен жоспарына да тәуелді. Сіз соның бәрін түсініп, көріп, оған керегін бере аласыз ба?
1. Іштегі буды шығарып, дем ал.
Мәселенің шешімін іздемес бұрын, алдымен бойдағы, ойдағы қысымнан арылу қажет. Ауыртпалықтың бәрі бірінші тәнге түседі, сондықтан тәніңді белсенді түрде жаттықтыр. Негатив көңіл күйді бастан өткерудің 41 мақаласы бар. Бірін таңдап алыңыз. Ашу келгенде, жаның тызылдап тұрғанда әдетте не істегің келеді? Ашуды қалай басасың? Себебі, келесі қадамды жасау үшін көңіл күйді реттеп алу керек.
2. Өзіңе, отбасыңа қаншалықты қатысы бар екенін түсіну.
Ары қарай сараптама жасап, бәрін дұрыстап талдайсың. Әр түрлі нұсқалар бар. Валюталық ипотекаң бар делік, соның сомасы шектен тыс өсіп кетті. Немесе күйеуің жұмыстан шығып қалды – енді шаш та төк ақша жоқ. Кей нұсқада анау дейтін өзгеріс бола қоймайды. Теңгені табасың, теңгені жұмсайсың. Ақырындап қымбатшылық басталады. Ал бірақ бұл сен үшін қатты әсер етпес. Екі түрлі жағдай. Ал іштегі үрей бірдей болуы ықтимал.
3. Ақпараттар көңілді толқытқаннан басқа түк бермейді.
Егер күнделікті неше түрлі сайттарға мониторинг жасап, бәрін қадағалап отырмын десеңіз де, сол қадағалаудан тапқан ақпардан үрейлене бастайсыз. Жаңалық оқу, валютаның курсын бағып отыру – үрейлі жұмыс. Сондықтан лаж болса, мұндай қадағалаудан бас тартыңыз. Ол қоқысты сол орнында қалдырыңыз. Жаңалық көрмеңіз. Миыңыз тазарып қалады. Үрей басылады. Тексерілген.
4. Неден оңай құтыла алам, неден құтыла алмаймын?
Ақиқатты мойындайтын сәт. Құндылықтарды бір саралап шығу керек. Не маңызды, не маңызды емесін біліп алыңыз. Неден бірден бас тарта аласыз, неден өлсеңде айырылмас ең...
Әр адамның құндылықтар бағамы әркелкі. Біреуге дұрыс тамақтанған маңызды. Біреу дәмханадан ішеді. Біреу саяхатқа шықпаса отыра алмайды. Біреуге өз ұясы, ақ отауы болса жеткілікті. Өзіңнен шындықты жасырмаңыз. Жаңа көйлектің керегі жоқ деп алып артынан жаның байыз таппай, жараланса, дұрыс па? Бәлкім, дәл қазір сол көйлекті алу маңызды шығар?
5. Маңызды дүниені қалай сақтап қалу керек?
Егер бір зат маңызды болып, одан бас тарта алмасаң, басқа шешімін іздеу керек. Көңіл қаламаса одан айырылма. Себебі, бұл күйзелісті тереңдетіп жібереді. Одан бұл мәселені шығармашылыққа айналдыр. Маңызды нәрсені қалай сақтап қалуға болады? Мәселеңки, сен үшін саяхаттау маңызды. Сені шабыттандыратын іс – саяхат. Аз қаржыға лайықталған саяхаттарды қарап шық. Арзан авиабилеттерді ізде. Пойызбен, көлікпен жүр. Саяхат деген бара жатқан жерің емес, шын мәнінде жаңаны тануға арналған уақыт боп шығады. Қадам басқан сайын жаңаны көруге болады. Ең бастысы көруге дайын болу.
Сұлу болғың келе ме, косметолог тым қымбат па? Онда халықтық ем-шара жаса, өзіңе жақпамай жасап үйрен. Кейде осындай бастама үлкен кәсіпке ұласып жатады. Табиғи таза дүниенің еш тәжірибесіз де пайдасы зор екені бесенеден белгілі. Егер сен үшін әдемі көйлек маңызды болса (барлық қыз үшін маңызды), онда көйлек тігіп үйренетін кез келген болар? Баяғыда аналарымыз өздері тігіп киген ғой. Ақша жоқ, мата жоқ кезде де қалағанын кигендер болған. Тігіп кию әрі арзан, әрі тек сен үшін ұзындығы да, пішіні де дәл келетін жалғыз көйлек болады. Оның үстіне киім тігу бұл - өнер.
Табиғи таза өнімдер маңызды ма? Өзің ек. Қолдан жапқан қандай тәтті. Немесе ауылдан сатып алып дағдылан. Басыңдағы ипотека, пәтерді сақтап қалғың келеді. Қандай қадам жасаса болады, дереу шығармашылықты қос.
6. Ең қорқыныштысы не?
Дағдарыстың өзінен гөрі біздің санамызда соны қаншалықты үрейлі етіп елестетуіміз қорқыныштырақ. Біздегі қорқыныш пен үмітіміз кейде шектен шығып жатады. Бірақ бұны түсіну оңай емес. Мәселен, ұзақ уақыт қарыздан кейін «несие» деген сөзді естісем, аяқ-қолым дірілдейтін. Титтей қарыз алсақ, үрейге бой алдыратынмын.
Жағдайды нақты бағалау үшін былай істеу керек. Қағаз, қалам алып, қолмен диалог жаз:
— Мен қазір неден қорқамын?
— Сатып алған көліктің несиесін уақтылы жаба алмаймын ба деп қорқамын.
— Оның несі қорқынышты?
— Онда менің несие алу мәліметтерім нашарлайды.
— Сонда не болады?
— Маған басқа несие бермейді.
— Сомен?
— Ипотека ала алмай қалам.
— Содан?
— Менің жекеменшік баспанам болмайды.
— Одан не шығады?
— Онда әке-шешеммен бірге тұруға мәжбүр болам. Ең қиыны сол.
— Осылай кете береді...
Осылай сұрақ қоюмен қорқыныштың түбінде не жатқанын сыртқа шығарасың. Негізгі қиындықты танисың. Уайымдаудың басты себебі не екенін түсінесің. Бәрін түсінген кезде біраз күліп аласың. Кейде қорқыныштың түбінде дым болмай қалады. Сондықтан бүгінгі үрейің ұсақ-түйек боп қалады.
7. Міндетті түрде алғыс айту күнделігін жүргіз.
Адамның миы кез келген жамандық пен түйткілге оңай жабысып қалады. Әлеуметтік желіге суретіңді жүктедің, жүз адам комментарий жазды, 99 жағымды, тек бірі жағымсыз. Қайсысы есте қалады? Келесі күні соны ойлап оянасың. Көңіл күйің нешік болмақ? Көп адам жағымсыз комментарийді ғана есте сақтап қалады. Соны ойлайды, қарсы дау айтады. 99 жағымдыны көріп – соларға фокусты түсіруге ынталанбайды. Біздің ми солай жұмыс жасайды. Сондықтан саналы түрде бақылап ұста.
Дағдарыс та сол сияқты. Ақшаң азайған шығар, бірақ содан бақыт кеміп қалмас. Кейде дәмханаға бармасаң, тамақты өзің де тәуір пісіре алатыныңды байқайсың. Әр адам бойынан жаңа қабілетін аша алады. Қиындық адамның ерік-жігерін жаниды. Жұмыстан шығып қалу – шындап келгенде біраз уақыттан бергі арман болған болар. Жақсыны көру үшін алдымен жақсыны байқауға дағдылан. Күніне он жақсылықты көріп, соны жазып, соған алғыс айтып дағдылан. Сонда аздаған кикілжіңнің бәрі өздігінен азая береді. Маңызды болмай қалады. Рақмет айтатын дүние табылады. Тірі болғанымыз үшін, отбасымыздың бар болғаны үшін, баспанаң болғаны, тамағың, суың, денсаулығың, жаныңдағы жақсы адамдар үшін, сол адамдардың күн сайын сен үшін жасаған игілігі үшін...
8. Масылдықтан арыл. Біртіндеп.
Дағдарыс кезінде ең қиыны – мойныңа ауыр жүк іліп алып еңсеру. Несие, ипотека туралы айтам. Себебі, олардың пайызы өседі де жатады. Сонда ай сайын тек соларға жұмыс істеген болып шығасың. Отбасыларында тұрмысы нашарлаған жандардың көбінде несие не ипотека. Несие – қалағанымыздан артық алғанның өтемі. Артық алудың ләззаты үшін жасаған пайыздық артық төлем. Үнемдей білу керек. Баяғыда көлік алу үшін жылдар бойы жинайтын. Сол секілді компьютерге, үйге де қатысты. Несиенің инесі өмірімізге денден кірді – басында ләззат аласың, артынша төле, төле... Үнемі төлей бересің. Ай сайын. Үйімізді сатып несие төлегенім есімде. Несиеден құтылуға асығу керек. Жаңасын алмай, ескісін үздіксіз жабу керек. Ол үшін үнемнің жаңа деңгейін жасақтауға тура келеді. Бірақ нәтижесінде уақтылы төлеп бітіресің. Рас.
9. Өзіңе инвестиция сал.
Ақшалай емес, кейде ақшалай да жарасады. Ең бірінші күш пен уақыт. Еш дағдарыс әсер ете алмайтын капитал осы екеуі. Қалағаныңды зертте, ұнайтын нәрсеңді таны. Жаңа технология мен өнерді игер. Іштегі өкпе-реніштерден арыл. Құран оқы. Дұға жатта. Қарым-қатынастағы қиындықтарды зертте – ата-анаңмен, жарыңмен. Осының бәрі оңай деп ойлайсың ба? Жоқ.
10. Өзгелерге көмектес.
Көмектесудің мүмкіндігі көп. Жағдайың қиындаған сайын көмектесуге пейілді бола түс. Сонда адамгершілігіңді сақтап, төмендеп кетпейсің. Өз қиындығыңнан бір сәтке болса да серпілу үшін. Өзіңнің табиғи болмысыңды сақтап қалу үшін. Іштегі көреалмастық пен сараңдықты жеңу үшін.
Дағдарыстың несі жақсы? Жақсы адамдар жаныңнан табылады. Ондай адамдар көп. Соны байқап, бағалай түсесің.
Кісінің күні кісімен. Адамға адам қасқыр емес. Бәріміз бауырмыз. Бір бірімізге көмектесу арқылы өзімізге көмектесеміз. Сонда өзгенің Құдайға сенімін оятамыз. Құдайдың пендесінің қолынан басқа көмек қолы жоқ қой. Көп адам ақшалы бай болғанда көмектесермін дейді. Бұл елес. Кедей адамдар байлардан жомарт. Соңғы нанын бөліп жейді. Ал шамасы барлар сол бір жақсы күнді күтіп жүре береді. Алдыңнан шықты ма, осыдан артық лайықты күннің болмасын түсін. Әйел ақшаны қалай дұрыс жұмсау керектігін табады.
Ескі заттарды басқаларға беру. Аш адамға тамақ беру. Аз ғана ақшаңды қайырымдылыққа бөл. Біреуге уақытыңды арна. Назарыңды сал. Өзіңді таратып берме. Өзіңді сақта. Сақтай отырып жақсылық жаса. Дағдарыс – әсіресе экономикалық – адамдардың жекелей кесірлігінен туады екен – сараңдықтан, қызғаныштан, жалқаулықтан, апатиядан.
11. Дұға қыл.
Өмір мен өзіңнің араңда қиындық туа бастаса, Құдаймен сөйлес. Сұра, не мазаласа соны сұра. Оның жауаптары көкейіңнен табылары хақ. Дағдарыс кезінде Құдаймен байланысты сезінесің. Тоқ кездегіден гөрі аш кезде Құдай жақын бола түседі. Кей адам рухани жетіліп кетеді. Құдайға қарай бір қадам жасап үйрен. Дұға жаса, қалағаныңша әдебиет оқы. Мешітке барып намаз оқы. Бар назарыңды өз қиындығыңа түсір, міндетті түрде бір шешімін табасың. Күйзелістен шығып, дұға қылып, сеніп, ойды бөліп, ет жақындарыңа уақыт арнасаң, нәтиже көп күттірмей алдыңнан шығады.
Ольга Валяева
Аударған Шынар Әбілдә