Өмір – өз ішіңде
Басқа бір адаммен қарым-қатынас – одан басталатын нәрсе емес, сізден басталатын қайнар бұлақ. Әркім өмірден өзінің айнадағы сұлбасын көруге бейім. Өз ішіндегі күйені таниды. Шаршаған жанға адамның бәрі шаршаңқы секілді көрінеді. Науқасқа – айналасындағылардың бәрі дертті болып тұрады. Жеңілгенге – жеңілген сияқтанады. Біз әлемді емес, өз санамыздың жиынтығын ғана көреміз. Өзгеге зиянын тигізген өзіне де кесапат тілеп алғаны. Өзгеге жақсылық жасаған адам, өзіне көмектескені. Өз бақытсыздығыңыз бен жетістігіңіздің, тамұғыңыз бен жұмағыңыздың себебін жан жүрегіңізде әлдилейсіз. Қандай оқиғаға ұрынсаңыз да, ол сіздің кесіріңізден орын алғаны. Сыртқы себептер екінші деңгейде. Басты себеп – өз ішіңізде. Осыны түсінбейінше, іштей өзгеру мүмкін емес. Егер себепті сырттан іздесеңіз, өміріңіз боданда өтеді. Өйткені, сыртқы себептерді еш өзгерте алмайсыз. Егер жан-жүрегіңізде бір өзгеріске қол жеткізсеңіз, оның соңынан миллиондаған өзгерістер қайталана бастайды. Себептер іште. Сыртта тек ақталатын жұтаңдық. Қоршап тұрған дүниенің бәрін біртіндеп өзгертіп шығуыңыз мүмкін. Алайда, жан дүниеңіз өзгермеген соң, бәрі бекер екеніне көз жеткізу қиын емес. Әлем баяғы бәз қалпынан түк өзгермегендей күй кешесіз. Іштегі түйсік сол пішінді, сол ойлау дағдысын мүлтіксіз қайталайды. Өйткені, адам іштегі барымен сыртқы әлемге араласады. Өз тамұғыңызды, не жұмағыңызды жүрегіңізде сақтап жүресіз. Сіздің ішіңізде қандай диірменнің тасы бары өзіңізге ғана аян. Өрмекші өз өрмегін көтеріп жүретіндей. Өрмекші қайда келсе де, өзінің өрмегін тоқи бастайды. Өрмекші басқа жаққа кеткісі келсе, онда өрмегін ішіне салып алады. Қайда барсаңыз да айналаңызда өзіңіздің өмір сүру дағдыңызды көрсетесіз. Бәрі өзіңіздің қолыңызда. Жан дүниеңіздегі байлықпен сіздің сыртқы өмірдегі сұлбаңыз айқындалады. Ішіңіз тамұқ болса, қайда барсаңыз да айналаңыз тамұқ болып тұра бермек. Жарқырап жүру – өз қолыңызда!
Аударған Шынар Әбілдә