Айыптауға асықпа
Томпиған әдемі бүлдіршін әр қолына бір-бірден алма ұстапты. Бөлмеге анасы кіреді де, кішкентай ханшайымға қулана қарап, «Ботам, анаңа бір алмаңды берші?» деп сұрады.
Қыз анасына бір сәт қарап қалды да, сосын асығып-аптығып бір алманы тістеді, оны жеп бола бере екіншісін де тістеп көреді.
Анасы жүзінде күлкінің табы суып бара жатқанын сезді. Сонда да бала ғой деп, көңілі түсіп бара жатқанын сездірткісі келмеді. Туған қызы анасынан алмасын аяғанын түсінбей тұрып қалды.
Екі алманы да тістеп көрген қыз: «Анашым, мына алма тәттірек екен!» деп қызылдау алманы анасына ұсынды.
∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼∼
Мораль: жасыңыз келген, көргеніңіз көп, бәрін білуші болсаңыз да, өзгені айыптауға асықпаңыз. Түсіндіруге мүмкіндік беру керек. Көргеніңіз алдамшы нәрсе болуы ықтимал. Жалпы көрініске қарап, адамның түпкі мақсатын түсінбей қалуымыз мүмкін.
Мысалы, достардың ортасында есепшотты төлеуге пейілді адамдар боп тұрады, олар баймын деп мақтанғандықтан емес, достықты ақшадан артық көрген соң төлейді.
Қатты дауласып қалса, бірі кешірім сұрап жатады. Өзінің сөзі бұрыс болғандықтан емес. Қарсыласының қаншалықты мықты болғанын бағалайды.
Егер біреу көмектескісі келсе, сізге берешек болғандықтан емес, сізді дос санағандықтан көмек қолын созады.
Аударған Шынар Әбілдә