Ой — өте нәзік, бірақ тым алмағайып қуат
Ой — нәзік әрі зор қуат. Сөз – ондай нәзік емес, бірақ одан гөрі тығыз дүние. Әрекет – өте қатты сығымдалған қуат түрі. Әрекет әдетте көп қуат жұмсайтын қимыл-қозғалыс.
Адам «Мен – жолы болмайтын жанмын» деген сынды жаман нәрсені ойлаған кезде, сөйлеп және әрекет еткенде, өзіне тым зор қуатты тартып отырады. Егер осыдан кейін тек тұмауратып қоя салса жақсы. Мұндай оймен ең кемі ауырып тұрасың.
Жаман ойдың жетегінде кетпеу өте қиын. Әсіресе, ой тәни қимылға ұласып кетсе, тіптен қиындау. Мүмкін емес дейтіндей болмас – бірақ қиын. Ойды түзеу үшін алмағайып күш керек. Ол күштің аты – сенім.
Сенім Ғаламның бар жақсы ойын тартады. Жүректі сендіреді. Көңілді иландырады. Мұны әркім әрқалай атауы ықтимал: Тәңір, Құдай, Абсолют күш, Бастапқы түпсана, Ең басты себеп немесе тағысын тағылар.
Бақсы-балгерлерде осындай сенім бар. Абсолютті білім болып қалыптасатын сенім. Олар сенің о баста және дәл қазір бүтін, толыққанды, дара болуға хақың бар екенін біледі. Осындай білімге ие болудың өзі – ойдан туған. Өте қатты әсер ететін ой. Бұл ойдың қуаты сенің денеңдегі молекуланы айтпаған күнде тіпті тауды орнынан қозғалтарлық. Сол себепті бақсылар адамның жан жарасын да, тән жарасын да емдей алады. Көбіне тіпті алыстан емдейді.
Ой үшін арақашықтық жоқ. Ой дүниежүзін кезіп жүре береді. Сен бір сөз айтып үлгергенше, ойың Ғаламды шарлап келеді.
Нил Дональд Уолш
Аударған Шынар Әбілдә