Өмір деген осы

Oinet.kz 08-11-2019 977

өмір деген осы.jpg

1. Әкем ипотекадан құтылу үшін өзінің 1969 жылғы «Camaro» көлігін сатуды ұйғарды. Ол оны өте қатты жақсы көретін. Хабарлама бойынша сатып алу үшін бір коллекционер адам келді. Көлікті тұтас көріп шыққан ол әкемнен неге сатып жатқанын сұрады. Әкем сатып алушыға себебін айтып түсіндірді. Коллекционер әкелген ақысын әкемнің қолына ұстатты да, көлігімде бір зат қалып кетіпті деп сыртқа беттеді. Сол күйі машинасына отырды да кетіп қалды. Әкем көлігін осылай сатпай қалды.

2. Кішкентай күнімде анам мені ұйықтатар кезде әдемі бір әуенді айтатын. Жасым он сегізге келгенде анам обырмен ауырып ауруханада жатқанда мен күнде жанына барып қонып жүрдім. Енді мен оған осы әнді айтып беретін болдым. Анам өмірден қайтқалы көп уақыт өтті. Бүгін менің жігітім бетіме қарап отырды да, дәл осы әнді айтып берді. Бұл әнді қайдан білесің дедім дегбірсізденіп, «анам бала күнімде айтып беретін» деді. Мен бақыттымын!

3. Бүгін супермаркетте бір қызық көрдім. Жас жігіт екі сый картасын жұмсады. Ол бірнеше бейне ойын сатып алды. Сатушы тағы да 12 долларың қалды деді. Ол қайтып дүкен аралап кетті. 10 доллардың бір шоқ гүлін алып келді де, карточкасымен есеп айырысты. Гүлді сатушыға сыйлады да, жөнімен кете барды. Сатушының екі езуі екі құлағына жетті.

4. Бүгін әкем кенже сіңлімді тауып әкелді. Ол оны қаланың сыртындағы ескі қорада кісенделіп отырған жерінен тауыпты. Сіңлімді осыдан бес ай бұрын ұрлап әкеткен еді. Із кесушілер ендігі тірілер қатарында емес деп іздеуді доғарған. Үміт үзілген еді. Тіпті жаназасын да шығарттық. Жаназаға бар туыс жиналды. Тек әкем келмеді. Ол сіңлімді табамын деп ант етті. Сіңлім тек әкемнің көзсіз сенімінің арқасында ғана тірі қалғандай.

5. Біздің кеңсені он жыл бойы бір ғана адам жинастырған еді. Ол бізбен бірге барлық қиындық пен жақсылықты бөлісіп келеді. Бүгін оның туған күні. Әр қызметкер өздігінше сыйлық жасады. Ал, басшылық еңбегін елеп, оған 25,000 доллар сыйақы тағайындап, оның құрметіне керемет кеш ұйымдастырды. Жай ғана, көңілі көтерілсін дегені ғой.

6. Бүгін 1996 жылдың 2 қыркүйегінде жазған хатымды тауып алдым. Мен оны ажал аузында отырып жазып едім. Екі минуттан соң мойныма салған жіпті тартып қалайын деп тұрғанда сүйіктім қоңырау шалып, жүкті екенін хабарлады. Ол кезде бұл хабар мені о дүниеден сақтап қалған жалғыз ғана себеп болған. Біз үйленіп, балалы болдық. Бақыттымыз. Кейде осы хатты оқып отырып, өткен күнді еске алам. Шешімі жоқ қиындық болмайды, Аллаға маған екінші рет мүмкіндік бергені үшін тәубе деймін.

7. Метродамын. Көңіл-күйім түсіп отырған еді. Соңғы кезде толысып кеттім. Жұмыс та мәз емес. Жеке өмірімде тығырыққа тірелді. Жаныма егде жастағы бір әйел отырды да: «Сен өте әдемісің, еш нәрсені көңіліңе алма, бәрі жақсы болады» деді. Көңіл-күйім осы сөздерден соң күрт жақсарып сала берді. Жаман ойдың бәрінен әп-сәтте адасып қалғандаймын.

8. Бүгін жағажайда қыдырып жүріп, сегіз жыл бойы кездеспеген сыныптасымды жолықтырдым. Әкесі әскери адам болған соң олар үнемі көшіп жүретін. Баяғыда бір кеш үшін арнайы түрде екеуміз бірдей майка сатып алғанбыз. Мен оны алыстан таныдым. Өйткені, ол үстіне сол майканы киіп алыпты. Қызығы, менде жылдар бойы сақтап жүрген сол майкамды бүгін киіп шыққанмын. Екеуміз таң атқаннан кеш батқанша бірге уақыт өткіздік. Тура баяғы балалық шақтағыдай көңілді күн болды. Ескі достың қадірі бөлек екен.

9. Бүгін менің ұлым 7 жасқа толды. Ал, мен небәрі 23 жастамын. Оны 16 жасымда босандым. Аяғым ауыр болғанын білгенде, көп ойландым. Мен оны өсіре алам ба деп уайымдадым. Бүгін саябақта балам бір қызбен ұзақ ойнады. Кішкентай қыздың беті тыртық-тыртық екен. Ал, үйге кетіп бара жатқанымызда балам маған, «ол сондай әдемі» деді. Мен жеті жыл бұрын дұрыс шешім қабылдағаныма қуандым.

10. Кішкентайым мені қатты құшақтап тұрып: “Сен әлемдегі ең керемет анасың!” деді. Сонда мен одан: “Оны қалай білдің? Әлемдегі аналардың бәрін білемісің?” деп шатастырғым келді. Ол маған: “Сен мен үшін бүкіл әлемсің!” деп байсалды жауап берді. Көзіме жас тұнды.

Аударған Шынар Әбілдә

Адал жардың дұғасы
Адам танығың келсе – сөйлес!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу