Адал жардың дұғасы

Oinet.kz 08-11-2019 1115

адал жар дұғасы.jpg

"О, Жаратқан, адал жар болуды нәсіп ет! Сенің қолдауыңсыз бұл ниетіме жете алмасымды білем. Мені өзімшілдіктен, төзімсіз болудан, кейігіштік мінезден ада қыл, бәрін сүйіспеншілікке айналдыр. Бағыну мен қабылдауды үйрет. Жаман әдет пен көңілсіздіктен арылт. Ауыр сөз айтудан, кикілжің кезінде оның тасжүректігінен тығылып қалудан сақта. Маған мейірім бер, адалдық бер, кең пейіл мен жұмсақ мінез бер. Ашуымды ырықтап ұстар парасат бер. Жүрегімді қатыгездіктен емде, жұбайым екеуміздің арамыздағы тайталастың биік қамалын қират. Жап-жаңа жүрек бер! Тек махаббат пен тыныштығы бар жүрек бер! Қуанышын жасырмайтын асыл жүрек бер! Осалдығым мен нашар мінезімді бір өзім жеңе алар емеспін. О, Тәңірім, мені өзгертетін қуат тек өзіңде бар! Жұбайыма жасаған қиянатымды жүрегімнен тауып көрсетші! Оны лайықты түрде сүймегенім үшін, еркекке тән қасиетіне бола құрметтемегенімді кешір! Оған ашуланғаным үшін, сынап-мінегенім үшін, тасжүректік танытқаным үшін кешір! Өкпе-ренішті жиып, ашу мен көңіл қалудан басқаны білмегенім үшін кешір! Сен ғана кешіре алатындай толыққанды ұлы кешіріммен оны кешіруге мүмкіндік бер. Өткенін еске түсірместен бүтіндей кешіруді нәсіп ет! Ақ некемді ақ пейілмен емдеп, шаңырағыма мамыражай өмір сыйлайтындай мінез бер! Жұбайым екеумізге таусылмас әңгіме бер! Суынып кетуден сақта! Табалдырықтан аттасаң, ар жағы ажырасуға апаратын қателіктен сақта! Жұбайыма қолғанат әрі адал дос болуды үйрет! Шаңырағымызды азаматым әрқашан аңсап келетін шаттықтың бесігі ете гөр! Қараса көзі қуанып, көңілі масаттанатындай өзімнің сымбатыма уақыт бөлуді үйрет! Рухани бай, парасаты мен білімі келіскен, күш-қуаты асып-тасыған, жүрегі нәзік әйел болуды нәсіп ет! Асыл жарым деп менімен мақтанатындай әйел болуды жаза гөр! Жұбайымды бар кемшілігі мен асқақтығын қабылдай отырып сүюді үйрет! Оны өзгертуге талпынтпа! Оның өзгере алмайтынын түсінем. Бірақ оның бойынан, Жаратқан ием, бір өзің ғана бере алатын өзгерістерді асыға күтем! Оны тек өз игілігіне сай өзгерте гөр! Екеуміздің де кемелдігіміз кем, оны мойындаймын. Біртұтас кемелдік тек өзіңе тән, Тәңірім! Тек өзіңнің қолдауыңмен екеуміздің арамыздағы бар байланыс биік дәрежеге көтерілер деп үміттенем! Күйеуім үшін дұға етуді үйрет! Менің дұға жасайтын ниетімді шынайы сүйіспеншіліктің тілі ете гөр! Арамыздағы махаббат өшсе, қайта алаулат. Шын махаббаттың барына көзімді жеткізші! Сезімімді күйеуім сезіне алатындай көрсетуді үйрете гөр! Қай істе де келісімге жеткізетіндей екеуміздің ынтымағымызды мығым ете гөр! Еркін өмірді аңсап, бір-бірімізбен тайталаса жөнелетін қыңырлықтан сақта! Екеумізді бір бүтін ете гөр! Ұлы некенің қасиетін сақтау үшін бір-біріміздің қателігіміз бен әлсіздігімізді байқатпай, біріге еңбек етуді үйрет. Бір-бірімізге тірек боп, ынтымақты болуға ниеттендір! «Ортақ ой, ортақ ниетпен» біріктіре гөр! Бір өзіңе және бір-бірімізге деген адалдығымыз күн өткен сайын үдей берсін деп тілеймін! Еріме шаңырақтың иесі болуды үйрет! Маған оның отағасы дәрежесін қолдап, құрметтеуді үйрет! Оның жүрек қалауын түсінуді, әр пікіріне ілтипатпен қарауды үйрет! Маған оның мақсаты мен қалауын анық ете гөр! Орын алып үлгермеген түйткілдерді алдын ала сездірте гөр! Біздің отбасылық өмірімізге жаңа тыныс бере гөр! О, Тәңірім, мені өзгерте гөр! Өмірге бар ынта-ықыласыммен жаңаша қарауды үйрет! Жұбайым етіп берген адамға деген бар пейілімді ағарта гөр! Оған сеніммен қарауды үйрет! Жүрегімді жап-жаңа шексіз махаббатпен, жаңа мейіріммен, жаңа тілекпен толтыра гөр! Мені лайықты адал жар ете гөр!»

Әумин!

Юлия Джумм

Аударған Шынар Әбілдә

Жан жарыңды еркелет
Өмір деген осы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу