Ол ең қымбат бағаны төледі!

Oinet.kz 07-11-2019 1111

Апалы-сіңлілер.jpg

Дүкенші айналаны бақылап, терезеге қарап ұзақ тұрды. Осы сәтте дүкенге сүйкімді бүлдіршін кіріп келіп, сөредегі заттарға көз жүгіртті. Қаздай тізілген моншақтарды көргенде көздері жайнай түскен кішкентай қыз арада біраз уақыт өткен соң қолын созып, көгілдір ақықтан жасалған моншақты нұсқады.

- Мұны әпкеме сыйлағым келеді. Оны маған гүл суреті бар қағазға орап бересіз бе? – деп сұрады бүлдіршін.

Дүкенші көзі жәудіреген бүлдіршіннің ақшасы бар екеніне күмән келтіріп:

- Сенің қанша ақшаң бар? – деп сұрады.

Бүлдіршін қалтасынан ақша ораған орамалын алып, үстелдің үстіне бірнеше тиын қойды да:

- Бұл жете ме? – деп сұрады. Дауысынан үміт оты ұшқындай түсті.

Бүлдіршін ұсынған ақша моншақтың қорабына да жетпейтін еді.

- Білесіз бе, мен сүйікті әпкеме сыйлық жасағым келеді. Әпкем анамыз қайтыс болғалы бізге қарайласып келеді. Ол өзіне мүлдем назар аудармайды. Мына моншақты оған сыйлағым келеді. Ақықтың түсі көзімен жақсы үйлесетін еді, - деп бүлдіршін мақтана түсті.

Дүкенші бүлдіршіннің мына сөздерін естіп, жүрегі елжіреп кетті. Моншақты қаптамаға салып, сыртын лентамен байлады да:

- Ала ғой, құлыным! Жолда абайлап жүр. Жоғалтып алма, - деп моншақты ұсынды.

Қуаныштан жүрегі жарылардай болған бүлдіршін сыйлықты ала салысымен үйіне бет алды. Дүкеншінің жұмыс күні аяқталуға таяп қалған кезде дүкенге жас бойжеткен кіріп келді. Бірден үстелдің үстіне моншақты, қаптаманы және лентаны бөлек-бөлек қойды.

- Бұл моншақ осы жерден сатып алынды ма? Оның бағасы қанша? – деп сұрады бойжеткен.

- Ааа, иә! – деді дүкенші, - Мен кез келген бұйымымды келісімді бағамен сатамын.

- Менің сіңлімнің бірнеше тиыны ғана бар болатын. Ал мына моншақ таза ақықтан жасалған емес пе? Оның бағасы да қымбат болу керек. Мұны қалтамыз көтермейді, - деп ағынан жарылды қыз.

Дүкенші əйелдің жүзіне күлкі үйіріліп, бойжеткенге моншақты қайта ұсынды.

- Ол маған ең қымбат бағаны төледі. Қолындағы барын берді. Ал мұны мына заманда ересек адамдар да жасай алмас еді.

Дүкеннің ішінде біраз уақыт үнсіздік орнап, екеуінің де көздері жасқа шыланды.

​Христиан әйелдің мұсылман әйелдерге жазған хаты
Көргенді ананың баласына айтқан ақылы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу