Етене жақындық манифесті

Oinet.kz 07-11-2019 969

етене жақындық.jpeg

Етене жақындық деген – өзіңе де, өзгеге де мейлінше ашық-жарқын, әділ, тіпті осал болуға мүмкіндік беру.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, біз бірдейміз деген сөз емес. Біздің болмысымыз әр түрлі, бір қырымыз үйлескенмен, мінездің басқа қырлары бөлек-бөлек.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, мен үнемі сенің дегеніңе көне береді деген сөз емес. Мен сенімен келіспеуім мүмкін, бірақ бұл жақындығымызға сызат түсірмейді.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, арамызда шекара жоқ, ереже болмайды деген сөз емес. Керісінше, шекара да, ереже де болсын. Өзгелермен қарым-қатынастан анағұрлым анық әрі түсінікті болсын. Себебі, сен екеуміз олардың бәрінен де жақынбыз.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, менің саған ашулануға қақым жоқ деген сөз емес. Кейде менің ашулануыма себебім өте көп болады.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, үнемі уақытты бірге өткізуге тиіспіз деген сөз емес. Сен сияқты менің де жеке кеңістікке құқым бар.

Егер мен сені құшақтасам, бұл мен сенімен төсектес болғым кеп тұр дегенді білдірмейді. Етене жақындықтың төсектен басқа да қырлары жетіп артылады. Егер қазір саған жоқ десем, сені қаламай тұрсам, сені сүймей қалды деген сөз емес.

Егер дәл қазір сен екеуміз етене жақын болсақ, бұл мәңгілікке созылады деген сөз емес. Бірге өткерген әр сәтке алғыс айта білейік.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, басқалармен жақындаспауға тиіспін деген сөз емес. Мен сенің жекеменшігің емеспін.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, бір-бірімізді сөзсіз-ақ түсінуіміз керек деген сөз емес. Тілегімізді, үмітімізді, қалауымызды талқылап отыруға тура келеді. Етене жақындыққа салқын тисе, оны қайта жаңғырту екеуміздің қолымызда. Екеуміз соған дайын болғанда, шын ниетпен қалаған кезде.

Егер мен бірдеңені қаламасам, сен оған ештеңе істей алмайсың. Егер сен бірдеңені қаламасаң, мен оған ләм дей алмаймын. Мен өзімнің қаламағаныма кешірім сұраймын, сенің қаламаған сәттеріңді құрметтеуге тырысамын.

Егер мен бірдеңені қаламасам, бұл бір күні өзгеруі мүмкін, өзгермей, мәңгілік солай қалуы да ықтимал. Қазіргі сәт – мәңгіліктің толыққанды өкілі.

Мен сенің көңіліңді сындырып алғым келмейді. Бірақ бұл сындыруға тырыспайды деген сөз емес. Себебі, мен де санасы толық адам емеспін. Өз қауіпсіздігің үшін өзің ғана жауап бересің.

Егер дәл қазір сенен қорғансам, басымды алып қашсам, екеуміз етене жақын бола алмаймыз деген сөз емес.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, соны екеуміз де қаладық қой. Мен саған бәрі олай емес деп тұрсам да өз әрекетім үшін жауаптымын.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, мен сенің бақытың, сен менің бақытым үшін жауаптысың деген сөз емес. Әркімнің өз бақыты, өз тағдыры бар.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, ортада айтылмайтын құпия болмасын деген сөз емес. Бірақ болдырмауға тырысуымызға әбден болады.

Егер сен екеуміз етене жақын болсақ, ешбір әлеуметтік стереотипке сай болмауымыз да мүмкін.

Сен жай ғана сен болғандықтан сені жақсы көрем. Кім болғаның үшін емес. Менің қалауымды орындағаның үшін емес.

Аглая Датешидзе

Аударған @shinarabelda

Омар Хайям. 10 нақылы
Сағат Әшімбаев. Рухани жұт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу