Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков Қазақстан саяси тұрғыдан жетілмеген, енді ел болып қалыптасып жатқан халық екенін айтты. Сондай-ақ, шеруге шыққаны үшін заң алдында ата-әжелер де жауап беруі тиіс, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі «Сөккен әңгіме» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Заңның алдында бәріміз бірдейміз. Сақалы бар ма, тақиясы бар ма? Бір ақсақал банкомат тонап жатса, ақсақал ғой деп қарап тұрмаймыз ғой. Қандай да бір әже көшеде қылмыс жасап жатқан болса, біз оған әже деп қарамаймыз. Біз оны Қазақстанның азаматы деп қараймыз»,- дейді Мұхамеджан Тазабек.
Ақын Мұхамеджан Тазабековтың ойынша, қазақ елі Лондондағы шеруді үлгі етуі керек. Ал Қазақстанның митингін болжаудың өзі қиын. Саяси тұрғыдан әлі жетілмеген халық болғандықтан, халық шеруді дұрыс түсінбейді деп пайымдайды.
«Жүз жылдан бері қарай ата заңменен өмір сүріп келе жатқан Еуропалықтар емеспіз. Біз енді қалыптасып жатқан, енді құндылықтарына оралып жатқан халықпыз. Қазақ психологиясын зерттей жүріп түсінгенім, біз әлі саяси тұрғыдан балаң халықпыз. Әлемде озық елдер бар. Сол елдерде кейде шерулер өтіп жатады. Мен оған куә болған кездерім де бар, Лондонға барған кезімде. Ол жерде шеру 2-де басталып, 6-да плакаттарын орап, бургерін жеп, пепси-коласын ішіп қайтып бара жатқан халықты көресің. Бізде қандай да бір адамдар шеруге шығатын болса, ол шеруде басында не деп айқайлап барып, қайтарында не деп айқайлап қайтатынын болжаудың өзі қиын»,- дейді ол
Сонымен қатар, айтыскер қазіргі таңда қазақты өзге елдермен салыстырып, билік пен халықты жарастыратын зиялы қауымдар мен көрнекті тұлғалардың жоқ екенін қосып өтті.
«Еврейлерге білім берілген озық жүреді. Жапондарға тән тиянақтылық бар. Немістерге тән дәлдік бар.Еуропаның басқа халқына тән салқынқандылық бар. Олар командалық жұмыстарда өте көп нәтижелер көрсетеді. Ал біз жүйелік, командалық шаруалардан гөрі тұлғаға қарап қатты бой түзейміз. Біздің проблемаларымыздың шешілмей жатқандығы тұлғалардың жоқтығы. Биліктің бетін халықтың жағдайына бұрып отыратын зиялы қауымның, көрнекті тұлғалардың жоқтығынан халық пен билік келіспеушілікке түсіп қалып жатыр, - дейді Мұхамеджан Тазабек.