Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдық мерейтойы атап өтілді
Қазақтың, бүкіл түркінің қарашаңырағы атанған Қаратау үш бұтақтан тұрады. Жамбыл облысында бір бұтағы, Қызылорда облысында бір бұтағы, ең негізгі жотасы, биік, ұлы бұтағы - Түркістан облысында. Ақсүмбемен басталып, Ақсу Жабағылыдан аяқталады. Ақсүмбеде Қасиетті Қаратаудың басталар жерінде бір алып - Сұлтанбек Қожанов, Ақсу Жабағылыда бір алып - Тұрар Рысқұлов. Екі жағында екеуі заузаңғар болып, бүкіл алашқа, күллі қазаққа мұрат - мақсаттарын арнап, ой ерлігін жасаған ұлы тұлғалар. Сұлтанбек мұраттастарымен бірге Түркістанды астана еткісі келді. Қолдан келмеді, Қызылорда астана атанды. Алайда, «киргиз» деп жүрген қазақтың атын қайтарды, деп хабарлайды OINET.KZ.
Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығы кең көлемде атап өтілген Созақ ауданы, Ақсүмбе аулыныдағы жиында жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт осылай деді. «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Созақ ауданы әкімдігі ұйымдастырған Теріскейдің төрі, Ақсүмбе ауылындағы «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» тақырыбындағы іс-шарасы «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» атты экспедиция мүшелерін Қазыналы Қаратау төскейінде күтіп алумен басталды. Әрі қарай, делегация өкілдері Теріскейдің текті ұлы туылған жер Ақсүмбе ауылына табан тіреді.
Бүгінде Салыхан Полатов басқарып отырған ауданның экономикалық- әлеуметтік көрсеткіштері жоғары нәтижеге жетіп отыр. Мәдениет және білім саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар жетерлік. Алаштың алыбы Қожановты еске алуға арналған іс-шараға өзге өңірдерден, облыстан келген қонақтар іргелі істердің нәтижесін көріп, оң өзгерістердің көптігін айтып жатты. Бұл орайда, қазақтың біртуар ұлы Сұлтанбек Қожановтың есімін ұлықтауға арналған істер де аз емес және ол жалғасын табуда. Мысалы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында Сұлтанбекке арналған 100 орындық мектептің іргесі қаланып, оның жанынан ескерткіш тақта орнатылған. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққарғанда ұлы тұлғаға арналып мұражай бой көтерген. Бұл мұражай 1994 жылы Қожановтың 100 жылдығына орай, сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың қолдауымен салынған. Ондағы тарихи жәдігерлер Сұлтанбек Қожановтың көзіндей сақталып келеді. Марқасқа тұлғаның 125 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында мектеп алдындағы ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, іргетасы жаңадан қаланып жатқан орта мектептің алғашқы кірпіші қаланды. Мектептің алғашқы кірпішін жазушы Мархабат Байғұт пен аудан әкімі Салыхан Полатов қалады. «Сұлтанбек Қожанов қазақ халқының аяулы ұлы, алты алаштың азаматы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Сұлтанбек Қожановтың өмірінен біз алар өнегенің бірі-кең ауқымды ойлау, өз халқына шындап жан ауырту, оның мінін де айта білу, сөйтіп олардан арылуға көмектесу», деген болатын. Сұлтанбек Қожанов революциядан кейінгі алғашқы жылдары жастарды тәрбиелеу, халық ағарту, жер мәселелері, ұлт мәселесі және баспасөз істерін ұйымдастырумен қызу айналысты. Ел үшін еңбек еткен Сұлтанбек Қожановтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ауданымызда, республика көлемінде жыл сайын түрлі мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі, ұлт күрескерінің 125 жылдығына арналған жиынның туып өскен жері Ақсүмбе жерінде өтуі қайраткер рухына жасалған үлкен тағзым, аудан үшін маңызды шара», - деді аудан әкімі Салыхан Полатов.
Қазақ халқының өмірінде талайлы тағдырдың, тарихтың өткені баршамызға белгілі. Бүтін елдің басын біріктіріп, ұлт құру жоспарын қолға алып, сол жолда қыршындай қиылған тұлғалар да жетерлік. Саяси қуғын - сүргіннің құрбанына айналып кете барған ұлттың маңдайына біткен алаштың асылдары да бар. Солардың бірі - Ақсүмбенің ақсұңқары, ұлтын шексіз сүйген ұлы тұлға Сұлтанбек Қожанов. Саналы ғұмырын халқының бүгіні мен ертеңіне арнаған қоғам қайраткері қазақ елін құру жолында аянбай еңбек етті. «Осыдан 25 жыл бұрын, Сұлтанбек ағамыздың 100 жылдығы атап өтілген болатын. Ол кезде облыстық тіл басқармасының басшысы едім. Сұлтанбек Қожановтың жүз жылдығы аталып өтіледі, үлкен той болады, соған облыс басшысының орынбасары баяндама жасайды, сен соған материал дайындап бер деді. Қарасам Сұлтанбек аға туралы ешқандай материал жоқ. Сөйтіп бір апта күні - түні ізденіп, жүз жылдығына арналған баяндаманы дайындап шықтым. Мінеки, бүгінде тәуелсіздіктің арқасында Қожанов туралы еңбек өте көп. Сұлтанбектанушылар да жетерлік. Көп кітап шықты, «Шығыстың Сұлтанбегі» деген роман жазылды. Сұлтанбек Қожанов туралы әлі зерттеліп, жазыла береді. Осыдан бес жыл бұрын Шолаққорған ауылында Қожановтың 120 жылдығы аталып өткен болатын. Сол кезде Ақсүмбеге келіп, биікке, Ақбикештің жанына шығып қарадық. Мына қасиетті Қаратаудың өрлігіне таңдандық», - деді жазушы Мархабат Байғұт Ақсүмбе аулындағы іс-шарада. Ал Сұлтанбек Қожановтың ұрпағы Сұлтанбай ағамыздың айтуынша, С.Қожанов Ақсүмбе ауылы, Кебекбай бұлағында дүниеге келген. «Сұлтанбек Қожанов 1957 жылы ақталды. Біз 1960 жылы Ақсүмбеге көшіп келдік. Біздің Сапарбай есімді атамыз түс көрген екен. Түсінде Сұлтанбек атамыз жарты айды ұстап тұр екен дейді. Сол кезде «ұлыңыз жарты айды ұстап тұр екен, бұйыртса жарты елді билейтін азамат болады деп» Қожан атамыздан сүйінші сұраған екен», - дейді Сұлтанбай Жораев.
Сұлтанбек Қожановтың қайтпас қайсарлығымен, өршіл тұлғасына қарап, Сталин «Орта Азияның Шыңғысханы» деп атаған екен. Қожановтың айрықша ғұмыры әлі де зерттеліп, зерделенері һақ. «Сұлтанбек Қожанов Ташкентте қызмет етіп жүргенде қазақтың ең мықты ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевқа үлкен қамқорлық жасаған. Кітабын алғысөзбен шығарып берген. Ал, Тұрар Рысқұлов қазақ әдебиетінің руханиятына үлкен олжа салған Мұхтар Әуезовке қиын сәттерде қол ұшын созған. «Қараш қараш оқиғасы» деген үлкен еңбегі биографиялық тұрғыда Тұрардың өмірбаянын тұлғаландырған еңбек. Міне, екі тұлға қазақ ұлттық мемлекеттілігінің негізін қалаған мемлекетшіл тұлғалар. Сұлтанбек Қожановтың туған жері осы Түркістан облысының ең солтүстіктегі шеткі елді мекені, шеткі нүктесі - Ақсүмбеде. Осы жерде туып өскен, кіндік қаны тамған, сондықтан да мерейтойын осы жерде атап өту дұрыс жасалған қадам», - дейді Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Тұрсын Хазіретәлі.
Рухы өршіл азаматтың өткен өмірі мен жасаған өнегелі істері жөнінде ғылыми конференцияда айтылып өтті. Конференция барысында Сұлтанбектанушы Бейбіт Қойшыбаев «Қожанов жән Орта Азиядағы елдегі ұлттық, мемлекеттік тұрғыда қайта жіктеп, межелеу шындықтары» тақырыбында баяндама жасады. «Сұлтанбек Қожановтың қазақ жерін жинаушы ретінде тарихта үлкен орны бар. Ақ патшаның уақытында Түркістан генерал губернаторлығы болды. Кейін Мұстафа Шоқай бастаған бір топ Түркістан автономиясын құрды. Жергілікті халықтар, мұсылмандарға елді басқаруға рұқсат бермеді. Патша үкіметінің осы ұстанымына ұлт тұлғалары намыстанып Түркістан Республикасын жариялады. Бұл тұңғыш рет жергілікті халықтың мүддесін қорғайтын мемлекет болып есептелді. Алайда, 64-ақ күн өмір сүрді. Себебі, патша үкіметі елді билейтін өздерінен асқан биліктің болғанын қаламады», - дейді жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев.
Қазақтың маңдайына біткен марқасқалардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ұлтын сүйген ұлы тұлғаның өнегелі өмірі және еліне арнаған істерін халқына жеткізіп, келбетін таныту бүгінгінің міндеті. Ұлт мәселесіне келгенде Голощекин және Сталинмен сөзге келіп, қайтпас қайсарлығы мен өр тұлғасын танытқан Сұлтанбек Қожанов азуы алты қарыс советтік саяси қуғын - сүргіннің құрбанына айналды. Бүгінде, алаш арысы ұрпақтарының есінде қалып, айрықша құрметке ие болуда.