Кәмелетке толмағандарға жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында елімізде кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың фактілері анықталды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Үкімет Халықаралық еңбек ұйымының «Жұмысқа қабылдау үшін ең төменгі жас туралы», «Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы» ратификацияланған конвенцияларын ескере отырып, балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу және жою мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, дүние жүзі бойынша 5 пен 17 жас аралығындағы 218 миллион бала жұмыс істейді. Оның ішінде 152 миллионы - балалар еңбегін қанау құрбаны, оның жартысына жуығы, яғни 73 миллионы балалар үшін қауіпті жұмыс жағдайында еңбек етеді.
Балалардың көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысады (98 млн немесе 59%), бірақ бұл проблема қызмет көрсету саласында (54 млн) және өнеркәсіпте (12 млн), негізінен, бейресми экономикада кездеседі.
«Қазақстанда уәкілетті мемлекеттік органдар кәмелетке толмағандардың жұмысына қатысты заң талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру барысында 10 фактіні анықтады, ал биыл кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың 2 фактісі анықталды, олар бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Сарбасов.
Кәмелетке толмағандар негізінен еңбек қызметін жазғы уақытта шағын бизнес субъектілерінде, базарларда, сауда орындарында, автожуу және автокөлік құралдарын жөндеу станцияларында, қоғамдық тамақтану пункттерінде (мейрамханалар, дәмханалар) және т.б. жүзеге асыратынын атап өтті. Аса маңызды кемшілік - еңбек шартының болмауы.
Еңбек министрлігі балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу және жою бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда және жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын сақтауға және тыйым салынған балалар еңбегін қолдануға жол бермеуге шақырады.