Жарас Сәрсек. «Жолаушының көкейіндегісі»

Oinet.kz 26-09-2018 890

Дала көрдім

тау мен тас,

өзені бар,

Қарағайы,

Қайыңы – өзегі бар.

Неткен ғажап өңір бұл Тәңірім-ау,

Ақпен шайған ауызын өз елі бар.


Неткен ғажап өңір бұл гүл жайнаған,

Перзентінің қанында жыр қайнаған!

Келіп алып кете алмай кері қарай

кер бестімді тізгіндеп шыр айналам.


Қимас қалқам қалғандай қиналамын,

Қиналғаным – емес бұл сыймағаным.

Пұл берсем де жатпас па ем бір жағында,

Бір жағынан жоқ және жинағаным.


Тым болмаса тисін деп пайдам бір шын,

Ақыл айтқан ұлына айлам құрсын.

Туған жердің қадірін туған ұлы

тұрып жатқан шағында қайдан білсін.


Жер қадірін білместен мен де солай

жырақ кеткем жылыстап елден солай.

Өз жеріне өгей боп шерленеді

өмір жолын шиырлап пендең солай.


Туған жердің түсімде түнін көрем,

Күнін көрем көгінде күлімдеген.

Өзге өңірге тамсанып

өз жеріме

өлу үшін барармын түбінде мен.

Жарас Сәрсек. «Сені іздеп жүрмін адалдық»
Жарас Сәрсек. «Бозым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу