Жарас Сәрсек. «Сені іздеп жүрмін адалдық»
Сені іздеп жүрмін адалдық,
Қай жаққа көшіп кеткенсің?
Қай кеуделерде жаралып,
Қай кеуделерге өткенсің?
Көңілде аяз өзіңсіз,
Өңірде аяз төзімсіз,
Күн кешем қалай өзіңсіз,
Күн кешем қалай көктемсіз?!
Сонымен қайда жүрсің сен,
Қай жақтан табам сабылып?
Сарғайтқан жанды кімсің сен,
Сағынып жүрмін сағынып.
Жанымды неге ұқпайсың,
Жарқылдап алдан шықпайсың,
Келесің қашан елге сен
ашу-ызаңнан арылып?
Өлетін болдым жарылып...
Қай жаққа кеттің қыр асып,
Кімдермен жүрсің жанасып?
Кімдерге жүрсің сыр ашып,
Кімдермен жүрсің жарасып?
Күн жарық еді біз жақта,
Ай жарық еді біз жақта,
Қай жақта жүрсің адасып,
Кімдерге жүрсің қарасып?
Қай жақта жүрсің қастерлім,
Дәл қазір ұшып жетейін,
Қанатым талса қайтейін.
Алдыңнан бір рет өтейін.
«Қайтару үшін құрбан қыл
қара басыңды»,-десең сен,
Деп пе едің артық құлдан құл,
Ғайып боп қазір кетейін...