Жарас Сәрсек. «Жоғалып кетеді көп өлең»
Жоғалып кетеді көп өлең,
Жоғалып кетеді көп ойлар.
Құдай-ау, бейғамсың не деген,
Өзіңнен басқа оны кім ойлар?!
Кім іздер өзіңнен басқа оны,
Сүрт анау көзіңді жас толы.
Қағазың қалыпты ашығып,
Қаламың қалыпты шашылып
қазанды аңсаумен ас толы.
Талпындың,
Алқындың азырақ,
Жан-жағың бара ма азынап?
Түгенде жоғалтқан дүниеңді
ұйқыңнан азырақ қарыз ап.
Өйтпесең өмірің оңбайды,
Дейсің бе өзге одан сорлайды.
Жек көріп,
Көп көріп өзгені
шет қонып жүруге болмайды.
Болмайды...
Болмайды...
Болмайды...
Өлеңнің жоғалған бағы бар,
Ойдың да жоғалған жаны бар.
Бағы бар,
Жаны бар десек те,
Олар да бастауын сағынар?
Тек ізде,
Табылар...
Табылар...