Жарас Сәрсек. «Қасқажирен»
Құдай-ау,
Не болғансың Қасқажирен,
Тұрқыңа тұрмын қарап басқа күймен.
Алдымнан мың-сан үйірін өтсін айдап,
Өзіңдей болсын қайдан басқа жирен.
Баяғы қайда қалған таныс құлақ,
Таныс құлақ дегенім қамыс құлақ.
Құдай-ау, не болғансың, не болғансың,
Қамыс құлап қапты ғой қамыс құлап,
Кеудемде жатыр менің намыс жылап...
Жалыңда өзі қалған бала кездің,
Өзіңмен қыр жайладым, дала кездім.
Жер сиған,
Аспан сиған –
Бәрі сиған,
Орнында ойық қапты қара көздің.
Жүргенде қу тағдырдың силығын-ай
арманға кеткен есті жидыра алмай!..
Тойдым ғой,
Қойдым ғой мен, Қасқажирен,
Уақытты уысыма сидыра алмай.
Кезінде ен далама көрік болған
Қасқам-ай, көрінгенге көлік болған.
Сен үшін мына дүние жоқ сияқты,
Сен үшін мына дүние өліп қалған.
Сен ең ғой мына мені қазақ қылған,
Қуғаннан,
Құтырғаннан азат қылған.
Қасқам-ай, қайтсем екен заманыңа,
Заматта дәл осылай мазақ қылған?!
Қасқам-ай,
Қанатым-ай,
Жиренім-ай,
Күйдірді-ау кездескенің күйде бұлай.
Қамалсам – айырып алар Түздегім-ай,
Қаңғысам – қайырып алар Үйдегім-ай!..
Сен желген паң далаға мен сыя алмай,
Мен жүрген тар қалаға сен сыя алмай
барады басымыздан дәурен өтіп,
Қашқан аң,
Ұшқан құсты еш қия алмай!...
Жерде – тоң,
Аспанда – аяз,
Үй – шешесіз,
Қалтырап,
Тоңып күнде күй кешеміз.
Түнерген мынау аспан аясында
екеуміз қалай, қайтіп үйлесеміз?!
Сен қасқа не білесің,
тас қалада,
күніге куә болып масқараға
кешкісін күрсінумен атау ұрттап,
құлаймыз көрінбестен жас балаға.
Сұраймыз аз қылғай деп заман жүгін,
Жылаймыз жұрттың тілеп амандығын.
Баянды бола ма өзі Бостандығым,
Қу көңіл соған тағы алаң бүгін.
Білмеймін,
Білмейтінім көп боп кетті,
Мәлімім көз алдымда жоқ боп кетті.
Өмір деп жүргенімнің көбі өтірік,
Ұлтарақ тұсым тағы шоқ боп кетті.
Дәл сендей мен де бір кез биік болғам,
Бөріксіз басым мынау – иіп болған.
Қас та жоқ,
Қабақ та жоқ қазір менде,
Өртелгем,
Өртетілгем,
Күйіп қалғам.
Мен деген адам дейтін ұяттының,
Сен деген тұлпар дейтін тұяқтының
тұқымы саналғанмен жай-күй мынау...
Бәріне мен кінәлі сияқтымын.
Бәріне біз жазықты сияқтымыз
бәйгеде
озса,
қалса
тұяқтымыз.
Ұзартқан аяғымды қайран Қасқам,
Алдыңда өле-өлгенше ұяттымыз.
Ер-тұрман сенен қалған есекке өтті,
Ешқашан кешілмейтін сияқтымыз.
Шабатын жерің қалмай,
жайылымың
былғанып нәжісіне бай ұлының
осындай заман келді,
Заман өлді
беретін қасқаларға қайырымын.
Көңілім Көптен бүгін шет қонады,
Көлкілдеп шер кеудеге дерт толады.
Адамдар жүрген жердің бәрін де ылғи,
Әйтеуір арғымақтар мерт болады!..
Қараймын қажып саған қайран Қасқа,
Қартпын мен қайраты жоқ ойдан басқа.
Қайманам не біледі қойдан басқа,
Қайманам не біледі тойдан басқа.
Серттескен жұрт сындымыз ойланбасқа...
Жалт етіп өттің-ау, бәрі қас-қағымда,
Жал құшқан,
Жанған шағым,
Тасқаным да.
Әйтеуір кісінегім кеп тұрады,
Осы мен адаммын ба,
Басқамын ба?..