Жарас Сәрсек. «Сан мыңдаған адамды саясына жинаған»

Oinet.kz 26-09-2018 947

Сан мыңдаған адамды саясына жинаған

Сен байқұсты ойласам ұйқым қашып қиналам.

Жанашырға зар болып қуысымда сыздайсың,

Жүрегім-ай, жүрегім басқа ешкімге сыймаған!..


Байқұсым-ай, байқұсым,

Даяр әркез қызметің.

Аяғынан кетсе де адамдардың сыз өтіп.

Сені аяйтын сонда да ешбірінің жоқ түрі,

Өзімдікі болғасын өзім жүрмін күзетіп.


Сен жүрегі болғасын салдыр-салақ ақынның,

Мау басыма сәулесі кеш түседі ақылдың.

Келіп-кетіп жүргендер кеткен екен кірлетіп,

Енді соның азабын жалғыз тартып жатырмын.


Арбасына тиелген қабындаймыз азаптың,

Ырғатылып барамыз жұртын іздеп азаттың.

Соңы сен ғой дейсің бе жұлмаланған жүректің,

Соңы мен ғой дейсің бе жүрегі ауру қазақтың.


Аралап көр сенбесең, аралап көр ел ішін,

Ентігеді анау дос жеткізбеген жел үшін.

Отан үшін,

Ел үшін ауырады анау дос,


Ауырады мынау дос ұрпақ үшін, ел үшін.

Ауырады ағалар бір басының қамы үшін,

Ауырады балалар бір жапырақ нан үшін.

Уайымнан у ішіп отырғандар мына топ,

Жыртылмаған жер үшін, себілмеген дән үшін.


Өзің айтшы байқұсым, айтшы қане дұрысын,

Байлам болар өмірге бар ма біткен бір ісім.

Шаншып-шаншып қоясың – шамшырағым – жалғызым,

Ауырасың не үшін?

Алаңдайсың кім үшін?!.

Жарас Сәрсек. «Қазақы күз»
Жарас Сәрсек. «Қасқажирен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу