Музей қорындағы мата бұйымдарын зерттеу, сақтау жұмыстары бойынша семинар өтті
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы тоқыма бұйымдардың сақталуы және оларды зерттеу мәселесі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «YMAI» халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Крупа Татьяна Николаевна өткізген семинарға музейдің ғылыми-зерттеу, қор сақтау және есепке алу, тарихи ескерткіштерді қорғау және есепке алу бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Татьяна Николаевна - 2009 жылы Түркістанға келген сапарында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорындағы Ахмет Ясауидің қабіріне жабылған ХІҮ ғасырдағы қабіржапқыш туралы толық мәлімет алып, зерттеу нәтижелері бойынша конференцияларда баяндама жасаған бірден-бір маман. XIV-XV ғасырға жататын жапқыштың Иран еліне тән зерлі жібек мата және Қытай еліне тән алтын жіппен тігіліп тоқылғаны жөнінде зерттеу жұмыстарымен бөліскен Татьяна Крупа археологиялық қазбадан табылған және жалпы мата бұйымдарын реставрациялау, консервациялау жұмыстары туралы өз тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК баспасөз қызметі