Нұрсұлтан Назарбаев интернеттен төніп тұрған қауіп көп екенін айтты
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ақпараттық қауіпсіздік саласында халықаралық тәжірибені зерттеудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап
Жиналыс барысында еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері қаралды.
"Бірінші сұрақ – ақпараттық қауіпсіздік. Бұл өзекті мәселе. Қазіргі таңда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда Интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер басым. Бір жағынан, бұл жақсы үрдіс. Интернетте танымдық және ағартушылық ақпарат көп. Екінші жағынан, киберқауіпсіздікке байланысты қатерлер де баршылық", - деді Елбасы.
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында халықаралық тәжірибені зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл мәселеде басқа елдермен тәжірибе алмасу қажет. Осы бағытта дамуды қолдай отырып адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды", - деп Елбасының баспасөз қызметі Назарбаевтың сөзінен үзінді келтірді.
Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ақпаратты тыңдай келе, Ақтөбе облысының көлік-транзиттік даму әлеуетінің кейбір аспектілеріне назар аударды.
Елбасы өңірде кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, отырыста батыс макроөңірінің агроөнеркәсіптік хабын құру мәселелері қаралды.Отырыстың қорытындысы бойынша үкімет пен Ақтөбе облысының әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.