8 баланың анасы жәрдемақы әперемін деп 70 адамды алдаған
Мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы алып беремін деп 70 адамды алдаған Түркістандық көпбалалы ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу барысында алаяқ әйелдің қылмысын бұрынғы мемлекеттік қызметкермен бірге жасағаны анықталған. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтарды ұстауға жергілікті тұрғындардың арызы негіз болған. Өткен жылдың желтоқсанында Түркістан қалалық полиция басқармасына бір топ жергілікті тұрғындар келіп, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы алу үшін бір әйелге алданып қалғандарын жеткізген. Ол үшін тіпті сұраған ақшасын да беріп, бас-аяғы 10 млн теңгеге шығындалғанын айтқан. Осы қылмысты ашу үшін басқарманың тәжірибелі тергеушілерінен арнайы топ құрылып, жұртты тақырға отырғызған күдікті әйелдің Түркістан қаласының тұрғыны екенін анықтайды. Сондай-ақ тергеу барысында көпбалалы ананың сыбайласы ретінде бұрынғы мемлекеттік қызметкер ұсталған. Екеуіне қатысты 70 алаяқтық оқиғасы анықталып отыр. Соған қарамастан қазірдің өзінде осы сезіктілерге қатысты полицияға арызданушылар саны артуда. Бүгінгі күнге дейін олардың тағы 11 алаяқтық жасағаны анықталып, тергеу амалдары қайта жалғасуда.
«Барлық фактілер сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғалған. Нақты дәлелін тапқан істер сотқа жолданды» делінген Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.