Маңғыстаулық келіндер несімен ерекше?

Oinet.kz 19-09-2019 1493

Screenshot_8.jpg

Маңғыстаулық жас келін Райса Бексалова келіндік өмірдің артықшылақтарын Nur.kz-ге берген сұхбатында айтып өтті, деп жазды Oinet.kz

19 жастағы қыз бала қазақ дәстүрлерін дәріптеп, оны елге кеңінен танытуға күш салған. Райсаның айтуынша, еліміздің батыс өңірінде, әсіресе, Маңғыстау аймағында қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған.

Бірақ көпшілік оқырмандар кейбір дәстүрлерді Қарақалпақстан немесе басқа елдердің салтына теңеп, сөз таластырады екен. Райса алдымен келіндердің сәлем салу рәсіміне тоқталды.

"Менің ойымша, әрбір қазақ келіні өлгенше қайын жұрттың батасы мен алғысын алып, сәлем салуы тиіс! Басқа өңірлерді білмеймін, бірақ біздің Маңғыстауда тәртіп солай. Оның өзі үлкен көрегенділіктің белгісі десем, артық айтқаным емес.

Себебі, ертедегі әже-аналарымыз өзге шаңырақтың табалдырығын аттаған соң, жолдасының еліне деген құрметі мен ілтипаты ретінде алақанын ашып, оң тізесінің үстіне қойып, үлкендерден бата алу мақсатында, иіліп, көзін төмен қаратып, сәлем салған.

Ал оған куә болған ауыл үлкендері келіншектерге бата-тілектерін арнаған. Мысалы: "Көп жаса балам!" , "Жапырағың жайылсын!" , "Абыройлы бол!" және т.б керемет тілектерімен ризашылығын білдірген. Міне, қазірде сол салт-дәстүр бізде әлі күнге дейін қаймағын бұзбаған", - дейді Райса.

Райса маңғыстаулық келіндердің сәлем салуын өзге елдермен салыстыратындардың да табылғанын айтады.

"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" - деген сөз де бекер емес. Біз бір зайырлы мемлекетте тұрғанымызбен, әр өңірде әртүрлі дәстүр ұстанатынымыз рас. Мұны оқырмандарымның көбісі шекаралас мемлекеттердің сол аймақтарға әсері тиіп кеткен деп ойлайды.

Тіпті жоғарғы жақтардың тұрғындары, көбінесе Алматы, Нұр-Сұлтан және шымкенттік оқырмандар әлеуметтік желіде маған: - "Сіздер Түркменстан мен Өзбекстан немесе Қарақалпақстан салттарын ұстанасыздар..." - деп жарыса жазады.

Негізінде, бұл қате пікір деп білемін. Біз әр аймақтан болсақ та, қанымыз бен жанымыз қазақ", - дейді ол.

Сондай-ақ, Райса маңғыстаулық келіндердің блогерлікке жиі бет бұратынын да мақтанышпен жеткізді.

"Қазір Instagram желісінде Маңғыстау келіндері көптің көзайымы болып, "блогерлердің" көшін бастап жүр. Мен қуанып, соларды қолдаудан жалықпаймын. Себебі, олар жас қыздарға өнеге болуда. Олар шынайы өмірде қарапайым бір үйдің түтінін түтетіп жүрген келіншектер.

Күнделікті сәлем салады, салт-дәстүрді мықты ұстанады. Оған өзім куә болып жүрмін. Сенбесеңіздер, Маңғыстауға келіп, той-томалақтарға куә болыңыздар дегім келеді", - дейді ол.


Басшылық көпбалалы аналардың зарын заңсыз деп тапты
Табысы төмен отбасыларға қолдау көрсететін жаңа жоба іске қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу