Дүние жинауда жігіттің 3 түрі болады. Сіз қандай жігітсіз?

Oinet.kz 25-12-2020 1513

Жігіт.jpg

Дүние жинауда жігіттің үш түрі болады дейді қазақ. Оның бірі дастарқанына жинайтын жігіт болса керек-ті, яғни бірінші кезекке ішетін тамағын қояды. Ондай жігіттің үйіне келімді-кетімді кісісі көп болады. «Қонақ таңдап қонады» дегенді естіген боларсың. Әрине, таңдап қонғанда қазақ ең алдымен тамағы тойып, ішек-қарны шұрылдамай жататын жерге түскісі келеді. Таңдап қону мәселесі осы. Мұндайда жұрттың көбінің-ақ жағалайтыны жаңағы дастарқанына жинаған жігіт болады. Әрине, жамбасы да жұмсақ, сүлгісі де таза, иіс-қоңыс болмағаны жақсы. Бірақ тамағы тоймаған жерде төсегінің жұмсағы, сабынының құмсағы керек бола қояма? Сондықтан да қашанда дастарқаны ағылып-төгіліп жатқан үй ғана қазақ арасында бағалы да, ардақты да. Ал дастарқан деген көбіне әйелге байланысты. Жалпы әйел жоқ үйде береке болама?

Екінші жігіт үйіне жинайтын жігіт деседі. Өзі иығы жылтырап киіп, аузы жарып ас ішпегенімен үйі бұрыштай болып, дүниесі тіреліп тұрса керек-ті. Шамасы, мұндай еркектің әйелі қатты, «үйдегім үйде бітпейді, түздегім түзде бітпейді, құдай саған қарғыс өтпейді» дейтін, осындай қатыбас қатындар екен. Жүрісі сылбыр, ісі болбыр әйелдер қозы қарнын майға толтыра алмай жатқанда, үйге жиятын жігіттің епсекті, алақаны бүріскен шық бермес әйелі ғана қарын түйрейді дейді. «Қатты жерге қақ тұрар» деген де шамасы осыдан алынған. Мұндай үйлер көбіне жұрттың сұғының ғана иесі, ел сұқтанады, «ой, үйі жайнап тұр екен» деседі. Содан барып «ақ үй, айраны жоқ қақ үй» туады.

Жігіттің үшінші түрі үстіне жинайды деседі. Бұл әйелі салдыбалақ, малы саржамбас, көрпе-жастығы сары ала адам. Төсегінің мамығы жоқ,шайының бояуының қанығы жоқ, нағыз еңбегі еш, тұзы сор, тапқаны құралмайтын сормаңдай. Егер қазақ «мал таппас еркек болмас, құрарын айт» деген болса, сол тапқанды басын біріктіріп отбасы жасайтын, яғни «бит терісінен биялай жасайтын» - әйел. Ұсынықты, ұқыпты әйел ғана дүниені сәніне келтіре алады.

Үйіндегі әйелі ештеменің басын қоса алмаған соң, егізің екі болмайды, мейлі мәулім әкел ол үйге, құрымдай қүны болмай топыраққа былғанып жатады. «Жүнді жүнге қосатын жаман қатын» болғанша «құртты құртқа қосатын» сараң болсайшы деп армандаған жігіттерді талай көрдім. Басында жастық желікпен ұрынып қалып, соңыра балалы-шағалы болған соң, көзі жылтырап көрінген тірі тұяқты көрген соң, оларды қимайды да, «өгіз өлмес, арба сынбас» немесе «ит көзі түтін танымас» өмірге бейімделіп алып жүре береді. Әйелінің сыры өзіне мәлім болған соң, әйелінің ештемені ұқсата, жөніне келтіре алмайтынын білген соң ондай жігіттер тапқанына өзіне киім алады да, ең болмаса иығым жылтырап жүрсін дейді. Міне, үстіне жинаған жігіт осыдан шығады. Кейде ондай өтенінде ішіп асы жоқ, жамылып көрпесі жоқ, төсеніп текеметі жоқ жігіт бір көрмеге сыпайы аталуы да мүмкін. Үйінен бір шәугім шай бере алмайтын, сырты жылтырап жүретін кісіні қазақ тек сыртта көретін жігіт, үйінен ит жаланып шықпайды деп атандырады.

Жинақтаған Айгул Исмайылқызы

Мұхтар Әуезовті абақтыдан арашалап қалған Тұрар Рысқұлов
Міржақып Дулатұлының Жалау Мыңбайұлына жазған хаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу