Қызылордадағы цемент зауытының кесірінен балалардың үстіне жара қаптауда

Oinet.kz 11-09-2019 1764

image.png

Қызылорда облысында үйлерінің маңынан салынған цемент зауытынан тұрғындар зардап шегіп отыр. Шиелі ауданына қарасты Қодаманов ауылындағы кәсіпорын жұмысын осы жылдан бастаған екен. Жұрт содан бері одан көтерілген шаңға тұншығып, әбден зәрезап болдық дейді. Әсіресе, балаларға қиын тиюде. Үстілеріне бұрын-соңды болмаған жара шығып, кетпей жатқан көрінеді, деп хабарлайды oinet.kz тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Бетіне дәрі жағасың, қараланады. Сөйтеді де, беті алынғаннан кейін қайтадан іріңдейді. Қайтадан жара пайда болады. Бұл қыз бала өзі. Осы зауыттың кесірі шығар деп ойлаймыз. Мұндай зат шыққан емес", - дейді тұрғындардың бірі.

Тәулік бойы тынымсыз істейтін зауыттан тапқанымыз осы, дейді тұрғындар. Бұл өндіріс орны салынбай тұрып-ақ Қодаманов ауылының жұрты жаппай қарсылық білдірген екен. Алайда олардың назына құлақ асқан жан болмапты.

"Бастапқы кезде осы жердегі тұрғылықты халықпен ақылдасып салынған жоқ. Қоғамдық тыңдау болған жоқ. Ондайға барған жоқпыз. Бұл зауытта санитарлық қорғау аймағы бекітілмеген. Индустриялық аймақ 1000 метрден 3000 метрге дейін бекітілу керек еді. Ол денсаулық сақтау жүйесі мен халықтың денсаулығын сақтау кодексінде жазылған. Біздің барлық құқығымыз бұзылып отыр", - дейді Қодаманов ауылының тұрғыны Алмас Дүйсенбаев.

Ал қытайлық зауытта цементтің 9 түрі шығарылады екен. Оның ішінде ғарыш кешенінде пайдаланылатын сұрпы да бар. Тұрғындар мұның адам ағзасына зияны жоқ дегенге сенбейді.

"Мына балаларды не істейміз? Біздің балаларға келешек қайда? Қандай көмек бар? Бізді көшірсін! ", - дейді ауыл тұрғыны Гүлжазира Райымжанова.

"Осы ауылда тоқсан бала бар. Алды көп болса 7-8 сыныпта оқиды. Жас отбасылар бұрқыраған шаңның арасында отырмыз. Халыққа жаны ашыса, бізді көшірсін, не зауытты тоқтатсын", - дейді тағы бір тұрғын Айжан Қалекеева.

Ал шенділер болса қашандағыдай халық бекер байбалам салуда, уайымдауға еш негіз жоқ дегенді алға тартуда.

"Бұл жерге экология басқармасынан мамандар келіп, зерттеулерін толық жүргізіп, оң қорытындысын берді. Бұл жерде бүгінде шаң шығып, түтін шығып жатқан, ондай көрініп тұрған ештеңе жоқ. Денсаулыққа зиян тигізетін ешнәрсе жоқ", - дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов.


Түркістанда газ балонын тасымалдайтын автокөлік өртеніп, бірнеше адам зардап шекті
Мектеп оқушылары еден жумайтын болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу