Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана беру ережелері бекітілді
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі 2019 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру ережесін бекітті.
Осылайша, уәкілетті орган республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында өтініштерді қабылдаудың басталу және аяқталу күнін көрсетін болады.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй жұмыс істейтін жастарға ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес беріледі.
Жалға берілетін тұрғын үй алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:
- өтініш;
- өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа);
- оқу орнын тәмамдағаны туралы құжаттың көшірмесі;
- неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
- балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесі (болған жағдайда);
- өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
- жұмыс орнынан анықтама;
- өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама;
- еңбек өтілін растайтын құжаттар;
- банктік шоттың болуы, нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы анықтама;
- өтініш берушінің түрлі қызмет саласындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын және олардың осы қағидаларға сәйкестігін тексереді.
Өтініш беруші тізбеге сәйкес құжаттардың толық емес пакетін ұсынған жағдайда, өтініш берушіге 1 (бір) жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды қосымша ұсынуға мүмкіндік беріледі.
Өтініш беруші осы қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беруден жазбаша түрде бас тартады.
Уәкілетті орган 10 жұмыс күні ішінде баллдарды есептейді және ең көп балл саны бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алуға мүмкіндігі бар үміткерлердің тізімін қалыптастырады.
Баллдарды есептеу баллдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
- өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мамандықтар нарығы неғұрлым сұранысқа ие 100 тізбеге сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге -10 балл;
- отбасы болған жағдайда - 5 балл, тіркелген некеде әрбір жыл үшін - 2 балл;
- 1 (бір) бала болған жағдайда - 1 балл, әрбір келесі бала үшін - 2 балл;
- жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кемінде 1 жыл - 5 балл, әрбір жыл үшін - 1 балл;
- әр түрлі қызмет салаларында өтініш берушінің жеке жетістіктері болған жағдайда - 2 балл;
- бюджеттік ұйымдарда (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда) еңбек қызметі үшін - 5 балл, әрбір жыл үшін - 1 балл;
- Екінші деңгейдегі банктердегі жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін - 2 балл.
Баллдар тең болған жағдайда алғашқы болып өтініш берген үміткер басымдыққа ие болады.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды және оған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының бірінші басшысы қол қояды.
Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады.
Жалға берілетін тұрғын үй сатып алу құқығынсыз - 5 жыл мерзімге беріледі.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.