ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН ТӘРТІП САҚШЫСЫ

Ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметкерлеріне жүктелген басты міндеттердің бірі. Бұл жауапкершілікті күн сайын абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Әбжан Убайдулла Әбдулрашидұлы.
Еңбек жолын Түркістан қаласындағы патрульдік полиция батальонында бастаған полиция аға лейтенанты бүгінде Ордабасы аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция қызметінде жол және техника инспекторы тобының аға мемлекеттік инспекторы қызметін атқарады.
Оның күнделікті қызметі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жол-көлік оқиғалары орын алған жерлерге жедел барып, жағдайды зерделеу, жол қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді анықтау және оларды жою бойынша ұсыныстар енгізу – қызметінің негізгі бағыттарының бірі.
Сонымен қатар жол белгілерін орнату және жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін белгілеу, қажетті жерлерге жасанды жол кедергілерін орнату бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға қатысады.

Елді мекендердегі бейнебақылау камералары арқылы тіркелген құқық бұзушылықтарды бақылау, әкімшілік айыппұлдардың орындалуын қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын қадағалау да оның күнделікті міндеттерінің қатарында.
Жауапкершілігі жоғары қызметіне қарамастан, Убайдулла Әбдулрашидұлы үшін бұл – ел алдындағы абыройлы міндет. Қызметтен тыс уақытта ол отбасына көңіл бөліп, екі қызының тәрбиесіне ерекше мән беретін үлгілі әке.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі


