Балаларының көзінше әйелін пышақтап өлтіріп, кейін өзінің тамағын орып жіберген

Oinet.kz 06-05-2025 218

Алматыда әйелін пышақтап өлтірді деп күдікке ілінген полицейдің оқиғасына қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Screenshot_9.jpg

Қанды қылмыс балаларының көзінше болған. Олар көршілерін көмекке шақырған.  Қанжоса болған келіншек жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған.

Кейін күдікті өзінің тамағын пышақпен орып жіберіпті. Қазір оның беті бері қарап, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Оқиға сенбі күні болған. 39 жастағы ер адам өз пәтерінде әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан деген күдікке ілінді. Алған жарақаттарынан келіншек тіл тартпай кетіпті. Сорақысы, мұның бәрі кішкентай ұл-қыздардың көз алдында болған, деп хабарлайды телеарна тілшілері.

"Шулап жатты, үй жақта жүрген кезімізде, содан көмек сұрады кішкентай қыздары мен үлкен балалары. Сонымен үйден шығып бардым. Жаңағы жағдай болып жатыр. Пышақтаған. 103 пен 102 шақырылды. Келді. 4-5 минуттың ішінде келіп, ары қарай көмек көрсету басталды", - дейді көршілерінің бірі.

Қазір күдікті күзеттің бақылауымен ауруханада жатыр. Жағдайы орташа ауыр дейді дәрігерлер. Ал кикілжіңге отбасындағы жанжал себеп болған. Көрші-қолаң олардың жиі ұрысатынын, ал күдіктінің ішімдікке әуес болғанын айтып отыр.

"Бұл ер адам жиі ішімдік ішкен екен. Полиция қызметкері болған. Пәтерде үнемі төбелес болатын. Ерлі-зайыпты үнемі жанжалдасып жататын", - деді көршісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, 39 жастағы күдікті сол күні сап-сау болған әрі ол шынымен де полиция қызметкері болып шықты. 

"Адам өлтіру дерегі бойынша Наурызбай ауданы ПБ қылмыстық іс тіркеліп, тергелуде. Бұрын-соңды бұл азамат Алматы облысы ПД қарасты бөлімшелердің бірінде қызмет істеген", - деп пікір білдірді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Қаза тапқан 34 жастағы әйел Ұзынағаш ауылындағы балабақшада директоры қызметін атқарған.

Шымкентте қара күш иесі 120 тонна шығатын бес вагонды сүйреп рекорд жаңартты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу