Қасқасу, Сарыағаш, Шардара... Оңтүстікте туристік кластер қалыптастырылуда
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы әртараптандыруға елеулі серпін берді. Ел экономикасын нығайта түсудің басқа да өрісті жолдары пайдаланылуда. Бүкіл төрткүл әлеммен байланыс әр салада күшейіп, барыс-келіс үдей түскен қазіргі кезде экономиканың тынысын ашатын тағы бір табысты жол - туризм индустриясын дамыту екені мәлім. Әлем сарапшыларының нақтылауына қарағанда, туризм индустриясы мұнай-газ саласынан кейінгі ел қоржынын толтыруда екінші орында тұр. Елбасы өзінің Жолдауында туризмнің жұмыс орындарын құруда өнеркәсіпке қарағанда, 10 есе арзанға түсетінін атап өткен болатын. Президент «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-ші қадамында да туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторларды тарту қажеттігіне арнайы тоқталып өтті. Сондай-ақ, Батыс Еуропа - Батыс Қытай күре жолы, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан көлік инфрақұрылымын жаңарту жобалары елімізде туризмді жан-жақты дамытуға жол ашары анық. Күні кеше ОҚО әкiмдiгi мен Инвестиция және даму министрлiгiнiң қолдауымен өткен «Ontustik Tourism–2016» халықаралық туристiк форумы да Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылған игі шаралардың бірі.
Аталмыш шара аясында «Silk Way Tourism Fair» туристiк көрмесi ұйымдастырылып, «Оңтүстiк Қазақстан облысы – «Ұлы Жiбек жолының жүрегi» тақырыбында бизнес-конференция өттi. Облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар бұл істердің өңірге келетін туристер санын өсе түсуіне септігін тигізеріне сенімді. Форумға Кувейт, Македония, Испания, Пәкстан, Моңғолия, Оңтүстiк Корея, Чехия елдерiнiң Қазақстан Республикасындағы елшiлерi мен консулдары, шетелдiк және отандық туристiк операторлар, жоғары оқу орындары мен онға жуық шетелдiк БАҚ өкiлдерi, оның iшiнде Ұлыбританияның «US Television», Испанияның «EFE» ақпараттық агенттiгi, елiмiздiң өзге облыстарынан өкiлдердiң көптеп келгенi іс-шараның маңызын аңғартады. Айта кетелік, облыстың бұрынғы басшысы Бейбіт Атамқұлов өңірде туризмді дамыту мәселесіне ерекше мән беріп, бірқатар тың бастамаларды қолға алған болатын. Биыл сәуiр айында Шымкент қаласында республикада тұңғыш ашылған туристерге көмек көрсету орталығы сол игі бастамалардың бірі. Облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаевтың мәлімдеуінше, қазiргi таңда бұл бастама аудандар мен қалаларда жалғасын тауып, оның филиалдары құрылуда. Оңтүстiктiң бiр ерекшелiгi, туризмдi бiрнеше бағытта дамытуға болады. Соның бiрi– этнотуризм. Яғни, Түркiстан, Отырар, Сайрам сияқты көне қалаларды, оның инфрақұрылымдарын қалпына келтiрiп, туристерге қызмет көрсетуге мүмкiндiк мол. Алыс-жақын шетелден оған қызығушылық танытатындар көп. Сондай-ақ, Оңтүстікте ұлттық парктер аз емес. Ақсу – Жабағылы мемлекеттiк қорығы, Сарыағаш емдеу-сауықтыру және демалыс аймағы, Шардара су қоймасының маңайы туризмдi дамытуға сұранып тұр. Төлеби ауданындағы Қасқасу тау шаңғысы базасының келешегiнен де көп үмiт күтуге болады. Мысалы, демалушылар Шардара су қоймасы маңайындағы жоғары деңгейдегі қызмет көрсету ұсынылатын жайлы жағажайларда екі жылдан кейін демала алатын болады. Мұндағы демалыс Жерорта теңізінен кем болмайын деп тұр. Отандық кәсіпкер Шардарада жағажай туризмін дамытуға 10 млн. доллар салуға дайын. Тиісті келісімдер «Ontustik Tourism–2016» халықаралық туристік форум барысында жасалды.
Екі күн бойы форумға қатысушылар өзара пікір алмасып, қонақ үй бизнесін дамыту және инфрақұрылым жүргізу, жаңа технологиялар мен туристік бағыттарды жасау бойынша ойларын ортаға салды. «Ұлы Жiбек жолы жүрегiнде» туристік кластердің құрылып, іске асуына өз үлесін қосқысы келетіндер көп. Жыл сайын оңтүстікке келетін туристер легі 15-20 пайызға ұлғайып отырады және олардың арасында шетелдіктер көп. Инфрақұрылымды жақсарту келушілер санын ұлғайтып, туризмді облыс экономикасын дамытудағы негізгі салалардың қатарына енуіне ықпал етері анық. Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, облыс әкімдігі жүзеге асырылуы маңызды рөл атқаратын туризм саласында бірқатар ірі жобаларға бастамашы болып отыр. Мысалы, көптеген елдер тарапынан қызығушылық артып отырған Түркістанның тарихи-мәдени нысандарының туристік инфрақұрылымын дамытудың жаңа тұжырымдамасы игі бастаманың бірі. Сондай-ақ, үшінші мегаполис Шымкентке келушілер әлемдік деңгейдегі таушаңғысы курортында демалу мүмкіндігіне ие болмақ. Демалыс аймағы Батыс Тянь-Шанның етегіндегі Қасқасу шатқалында салынбақ. Айта кетелік, Қасқасу шатқалы - Оңтүстік Қазақстан облысының ең әсем жерлерінің бірі. Төле би ауданында, теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте орналасқан. Шымбұлақтың 5-уін өзіне сидыра алатын әлеуеті бар. Мамандардың айтуынша, қалың қармен қапталған 8 тау шатқалынан бір уақытта, 25 мың шаңғышы төмен қарай құлдилай алады екен. Шаңғы курорты нысандарының негізгі бөлігі, оның ішінде қонақ үйлер, мейрамханалар, фитнес-орталықтар және ойын-сауық кешендері жеке инвестиция есебінен бой көтермек. Бұл жобаға жергілікті кәсіпкерлер ғана емес шетелдік бизнесмендер де қызығушылық танытуда. Мысалы, австриялық бизнесмендер емдік-сауықтыру туризмін дамытумен айналысуға дайын екендіктерін білдірген. Осы елдің бизнес-қауымдастығы Сарыағашта курорттық аймақ құрылысын инвестициялау үшін өңірдегі қызмет көрсету нарығын зерттепті. Сондай-ақ, австриялық кәсіпкерлер Сарыағаш курорт аймағын ұлғайту және жаңғырту көзделген тағы бір маңызды жобаға қызығушылық танытып отыр. Жаңа курорт қалашығы жобасында қажетті нысандар құрылысына 530 гектар жер бөлу қарастырылған. Оны жақын арадағы бес жылда игеру көзделуде. Бұл жоба курортқа келушілердің алты есе өсуіне мүмкіндік береді. Осылайша бүгінгі таңда 22 емхана - шипажайлар жұмыс істейтін Көктерек ауылы Оңтүстіктің тарихи-мәдени орындарында болып, денсаулығын түзеткісі және демалғысы келетіндер үшін курортты мекенге айналмақ.
Шардара су қоймасында жағажай туризмін құру туристік кластерді қалыптастыру бойынша басым бағыттардың бірі. Мамандардың есебінше шардаралық жағажай Ыстық көлге ғана емес Жерорта теңізіне балама болуға лайықты. Осы арада айта кетелік, «Ontustik Tourism–2016» халықаралық туристiк форумында жеті меморандумға қол қойылды. Онда Сарыағаш курортын және Шардарада демалыс аймағын дамытумен қатар, туризм мектебін құру және халықаралық автодәліз жолының бойында қызмет көрсететін бірқатар нысандарды салу жобалары, сондай-ақ өңірге қонақ үйлер мен кемпингтер салуға инвестиция тарту сынды мәселелер қамтылған. Яғни, облыс әкімдігі Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауындағы: «Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі», -деген сөздерін басшылыққа алған. Жоспарланған жұмыстар жуық арада жүзеге асырылады деген сенім де бар. Өйткені ЭКСПО қонақтары еліміздегі тарихи және сәулеттік ескерткіштермен, табиғаты тамаша демалыс орындарымен, емдік-сауықтыру шипажайлармен танысу мақсатында оңтүстікті қалауы әбден мүмкін. Осы орайда, «Ontustik Tourism-2016» форумы барысында облыста туристік шатырлы қалашық салу бойынша келісім жасалды. «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ аумағында салынатын «Эко Кэмпинг» жобасының құрылысы келер жылы басталады. Халыққа қол жетімді бағада ұсынылатын шатырлы қалашық туристке қажетті барлық жабдықтармен қамтылатын болады. Қалашықта жарықтандыру күн батареялары есебінен жүзеге асады. Оңтүстіктің туристік әлеуеті мен тау туризмін және альпинизмді дамыту мақсатында қолға алынған жобаны «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ мен «Ontustik» альпинизм федерациясы бірлесе іске асырмақ. Сондай-ақ, өңірдің табиғаты мен тарихи орындарымен жақын танысқысы келетіндерге мүмкіндік беретін GOTravel (Kazakhstan) мобильдік қосымша 1 қарашада қосылады.
Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында өңірлерді байланыстыратын жолдардың туризмді дамытуға да тигізер септігі мол екенін атап өтті. «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен», - деді Елбасы халыққа арнаған Жолдауында. Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып көрікті жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Ұлы Жібек жолының маңызы мен мәнін, ел дамуындағы алар орнын форум барысында «Оңтүстiк Қазақстан облысы – «Жiбек жолының» жүрегi» тақырыбында өткен бизнес- конференцияда сөз алған қатысушылар да айрықша атап өтті. Туризмді дамыту мәселесін ересектер осылай талқылап, нақты істердің жоба-жоспарларын жасап жатса, жас буын жарыстар өткізіп туған өлкесін терең тануға талпынуда. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстікте облыстық жас туристер станциясының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала ұландары» ашық облыстық туристік жарысы өтті. Төле би ауданы Біркөлік шатқалында орналасқан «Тау барысы» туристік лагерінде өткізілген шараға облыстың қалалық, аудандық жас туристер станцияларынан 40-қа жуық топ, жалпы саны 252 оқушы, 73 жетекші қатысты. Жарыс кезінде оқушылар бағытты көзбен анықтау, жартасқа өрмелеу, қорытынды туристік бағыт, капитандар, эмблема және әндер сайыстарына қатысты. Жас туристер станциясы топтары арасынан жарыстың жалпы қорытындысы бойынша анықталған жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мұрағаттан, 2016 ж