Көне Шымкент – киелі мекен
24-08-2022
Созақ ауданы Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекеніндегі «Ақбикеш» мұнарасы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2010 жылғы 9 маусымдағы №233 қаулысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген.
Тарихи деректерде Ақбикеш мұнарасын ХІІІ ғасырда Дешті-Қыпшақ тайпасы қарауылдық мұнара ретінде салынғаны жазылған. Мұнара биік жерде таудың төмен қабатында орналасқан. Кезінде биіктігі 24 метр шамасындағы қарауылдық мұнара қазіргі таңда 13 метр жобасында, құрылысы лайдан тұрғызылған. Осы күнге дейін мұнара табиғат әсерінен жартылай бұзылып, төбесі мүжіліп, қабырғаларын жаңбыр шайып келген. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Сан ғасырлық тарихы бар жәдігерге осы уақытқа дейін белгілі себептермен бірде-бір жөндеу жұмыстары жүргізілмей келді.
«Ақсүмбе» мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаты дайын. Алайда, Қазақстан Республикасының Бюджеттік Кодкесіне сәйкес арнайы бағдарлама қарастырылмауына байланысты жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мүмкін болмай отыр.
Тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен қаптама тігіліп, уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы ерекше көңіл бөліп, қажетті көлік техникаларымен қамтамасыз етті.
Қазіргі таңда аудан әкімі Максат Исаевтың қолдауымен «Ақбикеш» мұнарасын сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған қорға «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы көлемді қаржы аударатынын жеткізіп, өзге өндіріс орындарында қолдау көрсетуге шақырды.
Ерлан Райымқұлов,
Созақ аудан әкімінің баспасөз хатшысы
2016 ж