«Сорам ағып жылап жүрсем»: Заңгер Айгүл Орынбектің ұсталғаны рас па?
Заңгер Айгүл Орынбек "ұсталуына" қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Айгүл Орынбек жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін айтты.
"Сыбайласқан жемқорлықпен күрес жолында кедергілер мен жала жабу болады! Жемқорлар мен сыбайласқандар өздерінің қылмыстары ашылмас үшін бәріне баратыны белгілі емес пе?! Қоғам белсендісі болған күннен бастап, маған жала мен қаншама қылмыстық іс ашылып, қылмыстың құрамы болмаған соң жабылған! Шыны керек басымнан өтіп жатқан қылмыстық істердің, соттардың бірде біреуін халықпен бөліспегем.
Ел алдында жүрген соң, әр ашылған іске сорам ағып жылап жүрсем, халықтың болашаққа деген үміті үзіледі емес пе? Мен өзімнің жасаған әрбір іс-әрекетім заңды екеніне нық сенімдімін! Реформа болу үшін әрекет болу керек, ол әрекеттер кедергісіз болмайды. Осыншама халықтың, мені қолдағанын оқып қуанып отырмын. Мені қолдауға жиналудың қажеті жоқ, менде бәрі жақсы.
Арқамда мен үшін жиналатын бір қауым ел барына көздерің жетті ма?! Маған қатысты заңсыз іс-әрекет жасағандар, аяғымнан шалғысы келгендер, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап бересіңдер! Өмір - күрес, күрес әрі қарай жалғасады!", - дейді заңгер.
Еске салайық, 29 қазанда шымкенттік блогер Айгүл Орынбек ұсталды деген хабар тарады. Полиция бұл дерекке қатысты пікір білдірді.
Telegram-каналдардың бірі таратқан жазбада блогерге бірнеше бап бойынша айып тағылғаны және оны полиция ұстағаны туралы айтылған.
Шымкент полиция департаменті бұған қатысты түсінік берді.
"Айгүл Орынбекті Шымкент қаласының полиция департаменті ұстамағанын хабарлаймыз", - делінген ведомство таратқан хабарламада.