Атышулы Алмасбек Садырбай ұсталды
06-11-2024
19 жастағы оралдық бойжеткен өзін себепсіз ұрып-соққан жас жігіттің жазадан құтылып кетуіне наразылығын білдіріп, құқық қорғаушысымен бірге Астанадағы Бас прокуратура ғимаратына келіп, БАҚ өкілдерінен көмек сұрады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Қанат Айарудың оқиғасы биылғы жылдың қазан айында Оралдағы коттедждердің бірінде орын алған. Бойжеткен құрбыларымен бірге туған күн кешіне барып, ішімдік ішкен жас жігіттің тепкісіне қалған.
"7 қазан күні құрбыларыммен досымның коттеджіне туған күн кешіне бардық. Сол отырыста Д. есімді қонақ жігітпен сөзге келіп қалдық. Екеуміздің әңгімеміз жараспай, ол кеш бойы маған тиісумен болды. Масайып қалған құрбыларымның естерін жиғанын күтіп, далаға шыққанымда, ол мені соққыға жықты. Аяусыз шашымнан тартып, тепкілеп ұрды. Менің дауысымды естіп, жігіттер келіп ажыратып алмағанда, өлтіріп тастауы да мүмкін еді. Жігіттер жүгіріп келген күннің өзінде ол шашымнан ұстап тұрды, ер адамның соққылары қатты тигендіктен, оқиға орнында талып қалыппын. Содан жедел жәрдем келіп, денемдегі жарақаттарды көріп, дереу 102-ге хабарласқан. Ертесі күні Д. екеумізді де полиция учаскесіне шақырды.
Сол жерде ол:
"Мен білмедім, мас болдым. Кешір" деп кешірім сұрады. Мен арыз жазбаймын деп едім, полиция "жалған шақыру" деп өзіме 55 мың теңге айыппұл салды. Бірақ Д. мен бәрін өз мойныма аламын, айыппұлды өзім төлеймін деп ақшасын өзі төледі. Тергеушілер "Сен қыз баланы неге ұрасың" дегенде де, "ішіп алдым, есімді білмеймін" деп ақталды. Кейін оның үстінен бірнеше әкімшілік іс қозғалғанын білген соң арыз жазамын деп шештім. Мен оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылғанын қалаймын", - деді Қанат Айару.
Қанат Айарудың қорғаушысы Аян Төреқұловтың мәліметінше, қызды ұрған жігітке қатысты қылмыстық істің тоқтап қалуына Астанада лауазымды қызметте отырған туысқан ағасы себепші болып отыр екен.
"Тергеу амалдары жан-жақты жүргізілмеген, гендерлік зорлық өңірлерде кең тарап отыр. Оның бір дәлелі - 8 қазан күні орын алған оқиға. Мұны "Бішімбаев синдромы" деуге болады. Сондай бір потенциалды зорлықшының бірі бостандықта жүр. Оған қатысты 109-бап "ұрып-соғу" бойынша іс қозғалған. Біздің болжауымызша, істің созбалаққа салынуына күдіктінің - Астанадағы лауазымды қызметте отырған ағасы себепкер болып отыр. Ол жігіт бұған дейін бірнеше рет қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. 15-30 тәулікке қамалған, мас немесе есірткі тұтынған күйде көлік жүргізген, бірнеше рет жолда жүру ережелерін бұзған. Ағасының қолдауының арқасында жазадан сытылып келеді. Бұл істі де жауып тастамақшы. Қазіргі таңда ол бостандықта жүр. Прокуратураға арыз жазуға келдік", - деді белсенді БАҚ өкілдеріне.
Ал Бас прокуратураның баспасөз қызметі Қанат Айарудан аталған іс бойынша ешқандай арыз түспегенін айтты.
"Аталған іс бойынша Бас прокуратураға Қанат Айарудан арыз-шағым түспеді. Жәбірленуші ретінде оқиғаның мән-жайын толық жазып, арыз түсіріп кетсін. Біз заң аясында бәрін қарап, тергеп-тексеру жүргіземіз", - деді баспасөз қызметі.