ОҚМПИ озып тұр

Oinet.kz 02-07-2019 1249

Screenshot_11.jpg

Әзірге биыл Бразилияда өтетін Рио-де-Жанейродағы  жазғы Олимпиада ойындарына Оңтүстік Қазақстан облысынан  15 спортшы жолдама алып отыр. Оның төртеуі - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының спортшысы. Бұл облыстағы ғана емес, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасындағы үлкен көрсеткіш болып саналады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында маңызды міндеттердің бірі ретінде – еліміздегі бұқаралық спортты барынша дамытуды атап айтып келеді. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарын болашақ дене тәрбиесі мұғалімдерін даярлауда жауапкершілікті арттыруға міндеттейтіні түсінікті. 80 жылдық тарихы бар білім ордасы—ОҚМПИ  іс жүзінде әлемдік тәжірибеден ешуақытта ауытқыған емес. Мұнда шәкірттер үшін терең білім мен дене мәдениеті өмірлерінің ажырамас дағдысына айналған. Олардың денсаулығы жеке байлық қана емес, сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық қуатының артуы үшін де маңызды. Өйткені болашақ педагог мамандардың өскелең ұрпақты тәрбиелейтінін бір сәт те естен шығаруға болмайды. Осы мақсатта бүгінде іскер азамат, профессор Оңалбай Аяшев басқаратын жоғары оқу орнында бұқаралық спортты дамытуға барынша жағдай жасалған.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында дене тәрбиесі және спорт мамандығының студенттері үшін ғана емес, білім алушылардың барлығына бірдей  дәріс оқу әлемдік стандарттарға сай жүргізіледі. Мұнда Германия, Польша, Латвия, Украина және Ресейден, сонымен қатар отандық жетекші оқу орындарынан танымал ғылым докторлары, профессорлар арнайы шақырылып, студенттерге лекция оқып, шеберлік-сыныптар өткізеді. Спорт түрлерімен айналысушылар үшін заман талабына сай жабдықталған ашық спорт алаңы, гимнастика және ойын залдары бар. Спорттың 8 түрінен секциялар жұмыс істейді.

Бразилияда өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарына  лицензия алған топжарғандардың бірі, халықаралық дәрежедегі былғары қолғап шебері Біржан Жақып та осында спортты біліммен ұштастырған ұстаздардың қатарында шәкірттер тәрбиелейді. Әлем чемпионымен бірге жаттығу, одан дәріс алу жастарды отансүйгіштікке баулып, спорттағы үлкен жетістіктерге жетелейтіні анық. Айта кету керек, бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі былтыр Қытайдың Гуйян қаласында өткен «AIBA Pro Boxing» жобасы аясындағы шешуші жекпе-жекте эквадорлық боксшы Карлос Эдуардо Куипо Пилатаксиден айласын асырып, Рио шаршы алаңында ел намысын қорғау құқығын жеңіп алған еді. Ол 49 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Биыл Қытайда өткен Азия және мұхиттық аймақ бойынша іріктеу жарысында ОҚМПИ-дің тағы бір оқытушысы Қайрат Ералиев те Рио-де-Жанейроға  жолдама ұтып алды. Ол 56 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері филиппиндік Марио Фернандесті жеңді.

Дене шынықтыру және спорт мамандығының студенті Елизавета Король АҚШ-та ұйымдастырылған Әлем кубогін сарапқа салуда нысана көздеуден үзік деп танылып, Бразилиядағы  бәсекеге бару құқығына иеленді. Былтыр ОҚМПИ-дің тағы бір студенті Луиза Сайдиева Тайланд астанасы Бангкокта өткен Азия чемпионатында садақ ату спортынан олимпиадалық жолдаманы жеңіп алған болатын. Дене тәрбиесі және әскери дайындық факультетінің деканы Мұзафархан Темірхановтың айтуынша, ОҚМПИ-дің спорттағы жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді. Әрдайым алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген білім ордасының студенттері «Универсиада – 2015» турнирінде командалық есепте 4-орынды иеленген. Оған еліміздің 165 жоғары оқу орнының болашақ мамандары қатысып, спорттың 27 түрінен сайысқа түскен.

Қазақ күресінен жыл сайын өтетін дәстүрлі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған белдесулерде 5 жылдан бері ОҚМПИ балуандары бас жүлдесіз қайтқан емес. Бұл орайда, бас жаттықтырушы, бапкер-оқытушы Қуаныш Нахановтың еңбегі ерен екенін айта кетелік. Ол  бағыт-бағдар беріп жүрген балуандардың бірі – Жұманазар Ерсұлтанов дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері, ел чемпионаты мен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Азия чемпионы 2013 жылы өткен «Қазақ Барысына» Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысып, қола жүлдегер атанған. Ал, Перизат Қадырбаева Өскемен және Астана қалаларында өткен дзюдо, қазақ күресінен ел чемпионаттарының жеңімпазы  атанды. Сол жарыстарда Юсиф Құрбани күміс жүлдені иеленсе, Кирилл Кузьмич 2014 жылы өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алды. Аида Тұяқбай былтыр кикбоксингтен Венгрияда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Қадырғали Оңғарбаев пен Қайырхан Шамиев былтыр Польшада өткен Әлем кубогының жеңімпаздары атанды. Таяуда Ташкентте ұйымдастырылған Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының білекті жігіттері арасындағы күш сынасуда қос елдің абсолютті чемпиондары Қадырғали Оңғарбаев пен Кудрат Ниязи 5 раундтан тұратын жекпе-жек өткізді. Қарсыласына қауқары жетпесе де жеңілуді қаламаған өзбек спортшысы соңғы раундтардан бас тартты. Солай 5:0 есебімен жеңген Қадырғали қазақ жігіттерінің мықты екенін тағы бір рет мойындатты.

Бұдан өзге ОҚМПИ студенттері Алдияр Мелдеханов, Абылай Төлтай, Қайсар Алпыспай, Данияр Юлдашев каратэден Грузияда 2015 жылы өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Биыл осы спорт түрінен Польшада өткен Әлем чемпионатында Даулет Шымырбеков, Руслан Есмаханбет, Қайсар Алпыспай, Данияр Юлдашевтар қарсылас шақ келтірмеді.

Жалпы алғанда, институттың 15 спортшысы Қазақстан Республикасы құрама командасының сапында халықаралық дәрежеде ел намысын қорғау жолында  өнер көрсетіп жүр.

Білім саласындағы жетістіктер секілді спорт саңлақтарының жеңістерін де институт ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Оңалбай Аяшев назардан тыс қалдырған емес, қаржылай марапаттап отырады. Оларға атақ деңгейі мен жетістіктеріне қарай жыл сайын Ғылыми кеңестің шешімімен оқу ақысынан жеңілдіктер жасалады. Мұның барлығы болашақ маманның жеке тұлғасын қалыптастырудағы заман талаптарына толығымен жауап береді. Осындай іргелі оқу орнының спорт саласындағы мол табыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сеніміміз мол.

Мұрағаттан, 2016 ж

ОҚМУ - білім кеңістігіндегі бренд
Тоқаев қайтыс болған арыстық баланың отбасына көңіл айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу