ОҚМУ - білім кеңістігіндегі бренд

Oinet.kz 02-07-2019 1029

Screenshot_7.jpg

          Бұл оқу орны еліміздің дамуына ерекше еңбегі сіңген, есімі елге мәлім түлектерімен де танымал. Іргетасы қаланып, жастарға есігін ашқаннан бергі тарихы жөнінде талай танымды да ғылыми еңбектер жазылды. Оқу орнының студенті атанғысы келетіндердің қатары көп екені де еліміздегі іргелі университеттегі білімнің сапалы екендігін білдіреді. Иә, білім беру жүйесінде негізгі мәселе сапа екені белгілі. Кез-келген мектеп бітіруші түлек жоғары сапалы, халықаралық стандарттарға сай білім беретін оқу орнын таңдауға тырысады. Біз әңгіме етіп отырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті  бүгінгі жастардың талабы мен сұранысына толық жауап береді. Еліміздегі іргелі оқу орнының жетістіктері мен жоспарларын, мүмкідігі мен мақсатын, әрекеті мен әлеуетін бір мақала шеңберінде қамитып шығу мүмкін емес. Дегенмен, бірқатар жәйттерді қамтып көрелік.

Бүгінгі білім кеңістігі жан-жақтылықты, тәжірибе алмасуды, халықаралық серіктестікті талап етеді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ уақыт өткен сайын өзге жоғары оқу орындарымен байланысты нығайтып келеді. Әсіресе, шетелдің жетекші білім ордалары ОҚМУ-дың тұрақты серіктестеріне айналған.

    Бүгінгі таңда университетте алыс және жақын шетелдің 22 елінің (Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания, Қытай, Түркия, Польша, Латвия, Литва, Австрия, Чехия, Эстония, Малайзия, Болгария, Ресей, Украина, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан) 140 жоғары оқу орнымен, ұйымдарымен және  ғылыми-зерттеу институттарымен екі жақты келісім-шарттар мен меморандумдар жасалуда. Өзара байланысты нығайту мақсатында университетте  Халықаралық  байланыстар орталығы ашылған. Орталықтың негізгі міндеттері  ОҚМУ- дың  сапа саласында мақсаты мен саясатын жүзеге асыру, шетелдік серіктестермен жұмыс жүргізу,  келісім шарт жасау, жобаларды  келісу және бағдарламаларды бекіту, Халықаралық алмасу бағдарламалары бойынша  оқытушылар, студенттер  және мамандарды алмасуды жетілдіру, білім туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы шетелдік әріптестермен келісімдер дайындау,  студенттер, магистранттар, PhD докторанттар, оқытушылар мен университет қызметкерлері үшін түрлі халықаралық алмасу бағдарламалары туралы ақпарат тарату болып табылады.

     Сапалы мамандарды даярлап отырған ОҚМУ-дың ТМД көлемінде өзіндік орны, беделі бар. Бұған Мәскеуде өткен салтанатты жиында көпшілік куә болды. Нақтырақ айта түссек, жақында университет басшысы, академик Жұмахан Мырхалықов Қазақстан ректорлары делегациясының құрамында Мәскеу қаласына барып қайтты. Еуразия жоғары оқу орындары ассоциациясының толық мүшесі ретінде ОҚМУ ректоры М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен  алқалы жиынға қатысты. Жиында Ресей Федерациясы, Қазақстан, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан мен Қырғызстанның 33 жетекші жоғары оқу орнының ректорлары  бас қосты. Әйгілі Әуезовті әспеттейтін ОҚМУ атынан Ж.Мырхалықов білім беру және зерттеу қызметінде жоғары оқу орындары арасында тығыз ынтымақтастық орнататын Еуразиялық желілік университет құру туралы меморандумға қол қойды. Алқалы жиын шеңберінде жоғары оқу орындарын саралау және білім саласын тәуелсіз бағалуды одан әрі жүргізу үшін, Еуразия жоғары оқу орындарының ассоциациясының рейтингілік агенттіктерін құру туралы меморандум қабылданды. Сонымен қатар, Жұмахан Үшкемпірұлы Мәскеу қаласының жетекші жоғары оқу орындарында (МГИМО, РУДН) қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жүрген М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттарымен кездесті. Магистранттар өздерінің оқу мен зерттеу жұмыстарындағы тамаша жетістіктерімен бөлісті.

       Әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алу әрбір жастың арманы. Десек те, өз елімізде оқып жүріп-ақ шетелдік диплом алуға ОҚМУ жол ашып отыр. Бүгінде  студенттерге  танымал Германиядағы Гамбург қолданбалы  ғылымдар университетімен, Францияның Анже қаласындағы ауылшаруашылық ғылымдар жоғары  мектебімен, Ресей Халықтар достығы  университетімен, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік  техникалық унверситетімен қос диплом бағдарламалары бойынша  білім берілуде.         

         Университет бүгінде халықаралық беделді желілердің мүшесі болып табылады. Халықаралық желілердің қатарына жоғары оқу орындары дизайны ассоциациясын, Еуропалық химиялық-тақырыптық желі, Жоғары оқу орындарының Еуропалық ассоциациясын жатқызуға болады. Академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім беру бағдарламасының енгізілуі білім берудің жаңа үлгісіне айналды.

         ОҚМУ-дың  беделді Мәскеу энергетикалық институтымен де ғылыми байланысы бар. Аталған оқу орнында  «Аллам циклі және оның негізіндегі пилоттық электрстансасы» академиялық коллоквиумының онлайн-трансляциясы өтті. Коллоквиумға Родней Джон Аллам (Нобель сыйлығының иегері – 2007 жыл, «Жаһандық энергия» сыйлығының иегері – 2012 жыл) қатысты. Коллоквиумды «Жаһандық энергия» халықаралық сыйлығының қолдауымен «МЭИ» ұлттық зерттеу университеті  трансляциялады және оған   М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бас ғимаратының 342 дәрісханасы да қамтылды. Коллоквиумға қашықтықтан қатысуға университеттің оқытушылары, ғалымдары және білім алушылары шақырылды. 

          Соңғы жылдары ОҚМУ-дың Германия елімен әріптестік байланысы күшейіп келеді.  Таяуда Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы доктор Ренате Шимкорайттың басшылығымен Қазақстанда жұмыс жасайтын неміс компания өкілдері республикадағы үздік үштікке кіретін білім ошағына  ресми іс сапармен келген болатын. Іс-сапардың мақсаты - М. университет басшылығымен және қызметімен танысу, ОҚМУ мен Германия Федеративтік Республикасының ЖОО арасындағы білім және ғылым саласы бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылау болды. Кездесу  барысында доктор Ренате Шимкорайт ректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмахан  Үшкемпірұлымен,  «Заңтану және халықаралық қатынастар» факультетінің педагог-оқытушылармен және студенттерімен жүздесті. Кездесу барысында оқуға тусуге виза алу, Германияда іске асып жатқан жобалар және Академиялық алмасу, DAAD бағдарламасы, басқа да оқу бағдарламалары жайында сұрақтар қаралды.

       2010 жылдан бастап университетте  ОҚМУ және Германиядағы Гамбург жоғары қолданбалы ғылымдар мектебі  біріккен магистрлік баламалы энергетика нысандарын жобалау, құру және пайдалану мен тамақ өнеркәсібі саласында мамандар дайындау бойынша «Жаңартылатын энергетикалық жүйелер –Қоршаған ортаны қорғау техникасы» және «Азық-түлік туралы ғылым – Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» сынды бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда университет магистранттары Германияда білім алып, танымал неміс концерндерінде кәсіби тәжірибеден өтуде. Унилевер – тамақ өнімдерін өндіру бойынша әлемдегі ірі концерн және Рейн-Вестфаль электр энергетикасы қоғамы (RWE AG) – Еуропадағы энергия өнімін жеткізуші. Мұнда білім алған мамандардың зәрулігі күмән тудырмайды.

             Шет елдік білім ордаларымен тығыз байланыста болудың студенттер үшін маңызы зор. Оқыту-ғалымдар да өз ізнеіс аясын кеңейтіп, ел ғылымына елеулі үлес қосуда. Мысалы, шымкенттік ғалымдар уран қалдығын өңдеп, оны өндірісте пайдаланудың тиімді тәсілін ойлап тапты.Олар бұл жобаларын  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде өткен  «ӘУЕЗОВ ОҚУЛАРЫ – 14: Жаңа жаһандық ахуалдағы Қазақстанның білім мен ғылымдағы инновациялық әлеуеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда таныстырды.

Ақдениз (Түркия), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу  мемлекеттік, Н.Э. Бауман атындағы атындағы Мәскеу  мемлекеттік техникалық, Тамақ технологиясы (Болгария), Штудгарт Хохенхэйм университеттері,  Гамбург қолданбалы ғылымдардың жоғары мектебі (Германия)  және Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институты (Рессей), Оңтүстік-Урал мемлекеттік университетінің интеллектуалды идеялар Еуразиялық Клубы,  Ресей Одағының ғылыми және инженерлік қоғамдық ұйымының жаңартылған энергия көздері Комитетінің, сондай-ақ еліміздің  ғалымдары қатысқан конференция барысында ауқымды мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтсақ,  Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «100 нақты қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет»; «Аймақтардың индустриалды–инновациялық даму жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық перспективалар, экономиканы қамтамасыз етудегі кадр мәселесі»; «Тәуелсіз Қазақстанның 25  жылдығы, қазіргі жағдайы және болашағы»;  «Білім беру әдістерін жаңарту мен жетілдіру, қазіргі тіл білімі мәселелері»;  «Мәңгілік Ел» Стратегиясы контекстінде жастар тәрбиесі мен мәдениеті»; «Бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу мен дамытудағы спорттық - сауықтыру аспектілері»; «Тарихи-мәдени және археологиялық зерттеулер, өнер және этнология мәселелері» тақырыптарында баяндамалар жасалып, пікірлер ортаға салынды.

Салтанатты жиында ОҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмахан Мырхалықов алдымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесінің маңызына тоқталып,  барша қатысушыларға алғысын білдірді. Кнференция барысында ұсынылған  ғалымдардың  идеялары,  ой тұжырымдары еліміздің индустриалды- инновациялық дамуына өз үлесін қосады деген сенімін білдірді. Міне сол жаңа бастамаларға жол ашатын іс-шарада   шымкенттік ғалымдар әлемде мұнайдан кейінгі екінші орынға шыққан уран өндірудің тиімді, әрі экологиялық залалы аз тәсілін ұсынды. Техника ғылымдарының докторы Ескендір Баткаев өз әріптестерімен бірге уран қалдығын өңдеудің жаңа үлгісін ойлап тауыпты. Улы заттан арнайы қоспалардың көмегімен алынған сұйықтық уран өндіру кезінде қолданылатын қышқылды да алмастыра алады екен.  «Біз өте қарапайым жобаны ұсынып отырмыз. Бұл – кәдімгі өлі су. Қалдықтарды химиялық жолмен тазалау кезінде бөлінетін сұйықтық. Оның көмегімен жылына 2-4 тоннаға дейін уран өндіруге болады. Сұйықтықтың табиғатқа да зияны аз»,- деді  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың профессоры Ескендір Баткаев.  Ғалымдар қалдықтан алынған сұйықтықтың адам ағзасына пайдасы болмаса, зияны жоқ деп отыр. Тіпті өздері ішіп те көрсетті. Тың жобаға өңірдегі ірі уран өндіруші кәсіпорындардан сұраныс та түсіп жатыр екен. Өйкені, бүгінгі таңда уран қалдығын өңдеу әлемдегі өзекті мәселелердің бірі болып тұр, дейді мамандар. Сондықтан, ғалымдар өздері ойлап тапқан жаңалықтарының теңдесі жоқ екеніне сенімді.

       Конференцияның бір ерекшелігі студенттерге жобаларын ұсынуға мол мүмкіндік берілді. Жас өнертапқыштар жасаған инновациялық жобалар да бірінен-бірі ерекше. Тіпті біріншісі екіншісін қайталамайды. Мысалы, ойы ұшқыр, ізденімпаз жастар жерді бұрғылау кезінде пайда болатын ілеспе газды кәдеге жаратпақ. «Өндіріспен қатар елді мекендерді де көгілдір отынмен қамтуға болады», - дейді студенттер. «Леспе газдарды лагозатрда өңдеп, арнайы бөшкелерде сақтап, қажет жағдайда өндірістегі электр қозғалтқыштарға пайдалануға  немесе қыс мезгілінде жылу энергиясы ретінде қолдануға болады. Бірнеше бөшкеде сақтап жақын маңдағы ауыл-аймақтарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге болады»,- дейді өз туындысын таныстырған Инновациялық технологиялар колледжінің студенті Бақытжан Убайдан. Халықаралық конференцияға жас ғалымдар да өздерінің ерекше туындысын алып келіпті. Өнертапқыштыққа құмар оқушылар тіпті бұзылған ойыншықтар мен жарамсыз болып қалған түрлі заттарды кәдеге жаратқан. Мысалы, моторолер көшені өзі сыпырып, шашылған жапырақтарды жинайды. Ал балмұздақ таяқшаларынан құрастырылған квадракоптер биіктен бақылайды. Түптеп келгенде барлық жобалар баламалы қуат көзімен жұмыс істейді. «Мен біраздан бері Оңтүстік Қазақстан университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келемін. Болашақта газоблок шығаратын бірлескен кәсіпорын ашсақ деген жоспар да бар. Сол жерде дәл осы жасыл экономика технологиясын қолданатын боламыз»,- дейді шырайлы Шымкентке Қытайдан келген жас өнертапқыш Луань Синжунь. Ғалымдар бұдан бөлек күннің жылу энергиясын пайдаланып, жұмыс істейтін қозғалтқыш жасап шығыпты. Қондырғы тіпті қарапайым табиғи отынмен де жұмыс істей береді. Бұл жобанының мән-жайын ОҚМУ-дың профессоры Батырбек Арапов айтып берді: - Бұл күннің көзімен де жұмыс істейді. Жылумен де, көмірмен де, ағашпен де, тезекпен де жанады. «Жигулиге» қойып алсаңыз, ағаш тастап,  жүргізіп кете бересіз. Өте тиімді және қолжетімді әрі экологиялық таза өнім.

Конференция секцияларының жұмыстары «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі форматындағы жаңартылған энергетиканың келешек бағыттарын жетілдірудің, құрылысты, химиялық технологияларды, мұнайхимияны, био- және нанотехнологияларды, жеңіл және тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенін, өндірісті автоматтандыру және IТ-технологияларды дамытудың инновациялық бағыттары бойынша жүргізілді. EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Әлем көз тігіп отырған көрмеге біздің мамандар әзірден кірісіп кеткенін байқауға болады.

         Жетпіс жылдық тарихы бар білім ордасында жыл сайын өтетін  «Әуезов оқулары» деген атпен бүгінде шетелге танылған үлкен жиынға бұл жолы әлемдегі беделді оннан астам жоғары оқу орындары серіктес болды. Халықаралық сипат алған шара әр жылы түрлі тақырыптарға арналып отырады. Сондай-ақ, көптеген жобалардың тұсауын кесіп, оның тәжірибе жүзінде қолданысқа енуіне септігін тигізіп отыр. Бұл жолы конференцияға 927- ден астам  мақала түскен. Нақтырақ айтқанда оның 546-сы М.Әуезов атындағы  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен,  ҚР мекемелері мен ЖОО- нан – 241, ОҚО және Шымкент қаласының мекемелерінен – 93, шетел ЖОО мен ғылыми мекемелерінен - 47. Конференция еңбектерініндегі іріктелініп алынған мақалаларды Proceeding Conference SCOPUS мәліметтер базасына енгізу жоспарлануда. 

Еліміздің, қазақ халқының біртуар азаматтарын ардақтап, жастарға үлгі-өнеге ету оқу орнында үнемі атқарылып келе жатқан іргелі істердің бірі. Биыл «XX ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туылғанына 170 жыл. Бір ғасырдың көзін көрген ақынның жырлары бүгінге аманат. Осы орайда, университетте танымды-тағылымдық кездесулер өтті. Соның бірі – студенттердің қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлымен кездесуі.

        Қазақ елінің басына түскен талай нәубетті де, жеңісті де көрген Жамбыл ақынның өмірін, шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдар  ОҚМУ-да да бар. Университеттің оқытушы профессорлар құрамы соңғы 5 жыл ішінде тарих, фольклор саласындағы, соның ішінде Ж.Жабаевтың шығармашылығын терең зерттеп бірқатар ғылыми жинақтар, монографиялар шығарды. Жиын үстінде  сол ғалымдардың  Ж.Жабаев туралы зерттеулерін жоғары бағалап, зерттелген еңбектерді жарыққа шығаруға үлкен мүмкіншілік жасап, қолдап отырған университет ректоры Жұмахан Мырхалықовқа  Алматы облысы, Жамбыл ауданының "Құрметті азаматы" атағы төсбелгісі мен куәлігі  табысталды.  Ал, "Сұраншы батыр" ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Болаттемір Алтаевқа "Жамбыл Жабаевтың 170 жыл" мерейтойлық медалі табысталды. Абыз ақынның есімін асқататудан оқу орнының студенттері де қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен биыл  Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай  ұйымдастырылған  аймақтық мүшайрада  ОҚМУ-дың студенті  Нұрғазы Нұркен жүлделі II орныға ие болып, унисерситеттің мерейін үстем еткен болатын.

         XXI ғасыр - білімділер дәуірі. Жаңа, білімді ұрпақ  - елдің үміті, болашағы. Ел тізгінін қолға алар жастарға сапалы да жан-жақты білім беруде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универитеті заман талабына сай үздік білім ордасы.  ОҚМУ – Қазақстан білім кеңістігіндегі бренд, оның басты қасиеті мен бәскелестіктегі артықшылығы жоғары ғылыми және материалдық әлеует, сонымен қатар жоғары оқу орнының 71 жылдық даңқты тарихында қалыптасқан дәстүрлер болып табылады. Сондықтан университет Тәуелсіз Қазақстанның гүлденіп, өркендеуіне сүбелі үлес қоса отырып, жаңа көкжиектермен  табыстарға қарышты қадам басып келеді.

            Мұрағаттан, 2016 ж

Тоқаев Шымкент қаласының жаңа әкімін қабылдады
ОҚМПИ озып тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу