«Әйел ретінде келісе алмаймын»: Депутат Дементьева әріптесінің даулы пікірі туралы
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ішкі істер министрлігі, еңбек, денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері мен сенат және мәжіліс депутаттары қатысты. Дөңгелек үстел қатысушыларына “тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары өзі соған итермелейді” дейтін депутаттардың пікіріне қалай қарайтыны туралы сұрақ қойылды. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева көп әйел бала тәрбиелеуге дайын емес және отбасы құндылығын толық түсінбейді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
“Менің депутат деген атағымды алып тастайықшы. Ана, әйел ретінде бұл асығыс айтылған пікір деп ойлаймын. Әйел ретінде келісе алмаймын. Бірақ мен – 25 жыл білім беру саласында еңбек еткен педагогпін. Сабақ берген кезде күн сайын жас отбасыларды көретін едім. Өкінішке қарай, жас аналардың бала тәрбиелеуге дайын емес екенін, отбасы құндылығын толық түсінбейтінін байқадым. Мен отбасыны бірінші орынға қоятын адаммын және мұны жеке тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Көбі жасөспірім балаларда болатын қиындықты қабылдауға дайын емес болып шықты. Көбі жұбайларымен ымыраға, бала тәрбиесіндегі мәмілеге келуге дайын болмады. Мен оларға үнемі “егер сіздер қазір менің алдымда бір-біріңізбен осылай ұрсысып тұрсаңыз, үйіңізде, отбасыңызда қандай жағдай болып жатыр сонда? Сөйлесейік, мәселені бірге шешуге тырысайық” деп айтатынмын”, – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар Дементьева жас қыздар, аналар балалардың түрлі жаста болатын дағдарысына, отбасылық өмірдегі дағдарысқа шыдай алмайды деп ойлайды.
“Жас аналардың, жас қыздардың шыдамсыздығын көрдім. Әйелдің даналығы – ұрыс кезінде бәрін жұмсартып жеткізу. Біз – әйел және отбасыдағы берекені сақтаушымыз. Мен ер адамдарды қорғап тұрған жоқпын. Десе де ұрысты болдырмау, оны басу әйелдің қолында”, – деп мәлімдеді мәжілісвумен.
Депутат Анас Баққожаев еркектерді де түсіну керек, жанжал әйелдің тілі ұзын болғандықтан шығады деп айтқанын еске сала кетейік.