Жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы: туыстары марқұмның соңғы аудиохабарламасы туралы айтты
Атырау облысында жоғалған отбасы ісіне қатысты тың дерек шықты. Туыстары марқұм әйелдің атынан жіберілген соңғы аудиохабарламаға күмән келтіріп отыр. Олардың айтуынша, бұл жазба ескі болуы мүмкін және оны кісі өлтіруге күдікті әдейі таратқан көрінеді.

Бұл ақпарат КТК телеарнасының журналисі Жанат Молдашованың әлеуметтік желідегі жазбасынан белгілі болды. Ол қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен болған әңгіменің аудиожазбасын жариялаған.
Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, ерлі-зайыпты қаза тапқан болуы мүмкін деген күннен кейін де отбасылық чаттарға хабарламалар келіп тұрған. Соның бірі 7 қарашада жіберілген аудиохабарлама. Алайда жақындары сол уақытта отбасы мүшелері тірі болмағанына сенімді.
"Нәсіп жеңгеміздің ағайын-туыстарының чаттарына жіберген аудиосы бар. Сол аудио хабарламаларының бірін 7 қарашада жіберген. Күдік тудырмас үшін... Қалай болғанда да, біреу жіберіп тұр... Қазіргі уақытта телефонның бәрі Сұлтанда болды деп тұр ғой. Сол Сұлтан жіберіп тұрған шығар деп ойлап тұрмыз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.
Атырау облысы ПД барлық нұсқаларды тексеріп жатқанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, отбасының кіші қызы әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Тергеу мен іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Бас прокуратура Атырау облысында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікпен Сұлтан Сарсемалиевке іздеу жариялаған болатын.


