Қайырымдылыққа ақша жинағандар сотталды
Астанада қайырымдылыққа жиналған қаражатты заңсыз пайдаланған ерлі-зайыптыға үкім шықты, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Астана қаласында қайырымдылық мақсатта жиналған қаржыны заңсыз пайдалану дерегі бойынша сот процесі аяқталды. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот ерлі-зайыпты Т.-ға қатысты үкім шығарды.
Соттың мәліметінше, айыпталушыларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру және аса ірі көлемдегі алаяқтық деректері бойынша айып тағылған.
Тергеу анықтаған жайттар
2020–2024 жылдар аралығында ерлі-зайыпты 2019 жылы туған, ауыр дертке шалдыққан ұлын емдету үшін халықтан қаражат жинаған. Балаға туғаннан кейін бірнеше күрделі диагноз қойылғаны айтылған.
Қаражат жинау әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген. Таргеттелген жарнамалар қолданылып, нәтижесінде ерлі-зайыптының және әйелдің анасының есепшоттарына шамамен 2,2 млрд теңге түскен. Оның 1,4 млрд теңгесі азаматтардың қайырымдылық ретінде аударған қаражаты болған.
Алайда сотта анықталғандай, жиналған ақшаның басым бөлігі баланың еміне емес, айыпталушылардың жеке мақсаттарына жұмсалған.
Қаражат қайда жұмсалды?
Сот материалдарына сәйкес, қаражат мына бағыттарға кеткен:
Жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алу:
екі пәтер (47 млн теңге),
жер телімдері (8 млн теңге),
Lexus RX 300 (28 млн теңге),
Hyundai Santa Fe (8,2 млн теңге),
Toyota Camry 75 (15 млн теңге),
Toyota Land Cruiser Prado 150 (құны нақтыланбаған).Брендтік тауарлар мен құмар ойындар – 9,7 млн теңге
Facebook Ads платформасындағы жарнама қызметтері – 481 млн теңге
Қарыздарды өтеу – 349,5 млн теңге
Ал баланың нақты еміне небәрі 6,4 млн теңге ғана жұмсалған.
Сонымен қатар, сот айыпталушылардың әрекеттерінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру белгілері бар екенін және депозиттік шоттар арқылы пайыздық табыс тапқанын анықтады.
Сот шешімі
Сот үкімімен ерлі-зайыпты Т. ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Оларға:
7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру,
10 жылға қайырымдылық қаражат жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру,
мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.
Сонымен бірге, ҚР ҚК-нің 74-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелге қатысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


