Елімізде сот орындаушылары қай шотты бұғаттай алмайды – Заңгер жауап берді
Cоңғы жылдары елімізде сот орындаушылардың заңсыз әрекетіне қатысты шағым көбейген. Қазақстандықтар олардың шотты бұғаттай салуын әдетке айналдырғандарына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбююро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, кейбір сот орындаушылары борышкердің жалақы түсетін шотына да, тіпті арнайы шотына да шектеу қояды. Кейбірі қарызы бар кісінің емделуге, не тұрғын үй жағдайын жақсартуға жинап отырған қаржысынан өндіреді екен. Алайда бұл заңсыз.
Заңгерлердің айтуынша, шот бұғатталған жағдайда оның себебін анықтап алу керек. Шотыңыз бұғатталып, не банк картаңыздан ақша шешілді деген хабарлама келсе, бірден тиісті органдардан нақтылау қажет.
Мерзімі өткен берешектер үшін қаржы ұйымдары транзакцияларды тоқтата тұру түріндегі шектеу қоя алады. Сондай-ақ сот шешімі негізінде шоттағы ақшаға тыйым салынуы ықтимал. Мәселен, адам алимент төлеуден бас тартып, салық немесе борышын, айыппұлын өтемеген жағдайда шектеу қойылады.
Сот орындаушысы тек сот шешіміне сәйкес қана әрекет етеді. Адам қарызын қайтармаса, кредитор оны сотқа береді. Судья қанағаттандырса, атқарушылық құжат өндіріске алынады. Сәот орындаушылары бірден борышкерді хабардар етуге міндетті.
Негізінен орындаушылар арнайы шоттарды бұғаттай алмайды. Оларға алимент, жәрдемақы секілді әлеуметтік өтемақы алуға арналған шоттарды бұғаттауға, қарызды өндіріп алуға тыйым салынған. Шектеу өндірілуі тиіс сома шегінде ғана қойылады. Сондай-ақ тұтынушының шотында кем дегенде ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі сома қалуы қажет. Бұл тәртіп бұзылса не қарыз сомасы әртүрлі шоттардан бірнеше рет ұсталса, шағымдануға болады.
“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаларды, сосын үй алуға арналған ақшаларды бұғаттауға немесе ол ақшадан өндіруге болмайды. Кейбір жеке сот орындаушылары өз функцияларын дұрыс атқармайды. Кейбірі өзіне берілген өкілеттілікті асыра пайдаланады”, – деді заңгер Нұрболат Ибраев.
Банк жеке сот орындаушысына жалақыңызды толық аударып жіберсе, сол бойда қаржы ұйымына жүгінген жөн. Төлемді қайтару үшін ақшаны қайтадан тексеруге өтініш тастау қажет. Банк өтінішіңізді тексеріп, жеке сот орындаушысына сұраным жолдайды. Олар жауап бермесе, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына арыз тасталады немесе сотқа жүгінеді. Осы үшін оны лицензиясынан айыруы мүмкін.