Көршісі баланың аузы мен қолдарын байлап, қорлаған: Желіде бейнежазба дау тудырды (видео)
Желіде баланың аузын және қолдарын айқастырып матамен байлап, көшеде ертіп жүрген бейнежазба тарады. Оқиға Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында болған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Баланы қорлаған әйелдің әрекеті желі қолданушыларының шамына тиді. Олар қаскөйді тауып, оны жазалауды сұрайды. Әйел адам қыз баланың қолын айқастырып байлап, аузын матамен жапты да, жетектеп, көшенің бұрышына алып кеткен. Ол қызды белгісіз аймаққа алып бара жатқаны көрінеді.
Бұл көрініске куә болған ер адам оларды сыртынан жасырып бейнежазбаға түсіріп алыпты. Көпшілік күдіктіні анасы деп топшылағанымен, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жағдайға түсініктеме беріп, әйел олардың көршісі екенін айтты.
“Бала табылды, ата-анасының жанында. Балаға қол көтерген әйел сол үйдің көршісі екен. Әйелдің орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыстар атқарылуда”, – деді Закиева.